Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік Рәміздерге салғырт қараған кімдер?

0 352

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Сондықтан оларды қастерлеу – әрбір азаматтың міндеті.

Бұл тұрғыда мемлекеттік мекемелерге де зор жауапкершілік жүктелген. Бұған Тараз қаласы әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Жиынға төрағалық еткен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов әуелі басқосудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Жасыратыны жоқ, кейде мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сияқты келеңсіз жайттардың орын алатыны бар. Комиссияның да негізгі мақсаты – сондай жайттардың алдын алып, заңсыздыққа жол бергендерге тиісті шара қолдану, –
деді Дәуір Рысбайұлы.
Келесі кезекте Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Сматилдаева шаһардағы мекемелердің мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану барысында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады.
– Сәуір-мамыр айлары аралығында жүргізілген зерделеу жұмыстарына 46 мекеме қамтылды. Нәтижесінде 6 мекемеде кемшіліктер анықталды. Атап айтсақ, облыстық ауыл шаруашылығы, білім, жастар саясаты мәселелері, еңбек инспекциялары басқармалары мен «Сапсан» жедел қызметі және ҚР медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Жамбыл облыстық филиалы еліміздің «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңына сай келмейтін бірқатар олқылықтарға жол берген. Қазіргі таңда 4 мекеме кемшіліктерін толығымен жойса, қалған 2-імен тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Гүлназ Есенғалиқызы.
Жиынды қорытындылаған Дәуір Рысбайұлы рәміздерге деген жауапкершілікті күшейту үшін тек ескертумен шектелмей, заң аясында айыппұл салу қажеттігін жеткізді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.