Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік рәміздерді қолдануда ағаттық болмауы керек

0 587

Бүгін Тараз қаласы әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариевтың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері, шаһардағы бөбекжай-бақшалар мен мектептердің басшылары қатысты. Күн тәртібінде білім беру мекемелеріндегі Мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуына жасалған зерделеудің қорытындысы қаралды. Аталған жұмыстардың нәтижесімен қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова таныстырды.
Өз сөзінде Ұлана Сламбекқызы осы жылдың 1 мен 30 қыркүйегі және 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес 109 мекемеде зерделеу жүргізілгенін айтты.
– Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңына сәйкес Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында орналастырылуы қажеттігі айтылған. Сондай-ақ бекітілген Мемлекеттік стандарттарда Рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған және сынған қалпында қолдануға жол берілмейтіні көрсетілген. Алайда тексеріс барысында бірқатар білім ошақтарынан бұл талаптардың сақталмағаны анықталды. Атап айтқанда, ғимарат сыртындағы Мемлекеттік Тулардың тозуы, жыртылуы, ұштықтардың ескіруі, сынуы және орнатылмауы сынды кемшіліктер белгілі болды. Сонымен қатар Мемлекеттік Елтаңбаның Ұлттық стандартқа сай келмеуі, Мемлекеттік рәміздердің бейнеленген стендте «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері» деген жазудың болмауы, Рәміздердің арнайы оқшауланған орынға орнатылмағаны, стендтердің орналасу реттілігі дұрыс болмауы анықталды. Ал кейбіреуінде мекеменің атауы жазылған маңдайшадағы Мемлекеттік Елтаңбалар тозған. Бұдан бөлек, өзге де заңбұзушылықтар табылды. Бұл кемшіліктер әр зерделеу сайын қайталанып келеді, – деген бөлім басшысы комиссия мүшелерінен Заң талаптары сақталмаған мекемелердің басшыларына тиісті шаралар қолдануды ұсынды.
Баяндама барысында комиссия төрағасы Бақдәулет Жолдасұлы кемшіліктер анықтарған білім ордаларының басшыларынан жауап алды. Алайда, бөбекжай-бақшалар меңгерушілері мен мектеп директорлары белгілі болған жайттарға не себепті жол берілгенін нақты айта алмай, бірі ауа райының қолайсыздығын, енді бірі Рәміздерді жаңартуға берілген тапсырыстың уақытында орындалмауын сылтау еткендей болды. Мемлекеттік нышандарды қолдану мен пайдалануда мұндай немқұрайлыққа жол беруге болмайтынын айтқан Б. Сариев «Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңының талаптары жуырда өткізілген қалалық семинарда барлық білім беру мекемелеренің өкілдеріне тәптіштеп түсіндірілгенін айтып, жауапты тұлғалардың бейқамдығын қатаң сынға алды.
Келесі кезекте сөз алған комиссия мүшелері – Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Жарас Сарыпбеков пен Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Семейхан Сексенбаев баяндамашының ұсынысын қолдайтындарын білдірді. Олардың пікірі «Жол берілген кемшіліктер үшін нақты тұлғаға шара қолданылмай, мұндай заңбұзушылықтарды жоямыз дей алмаймыз. Сол себепті, мекеменің бірінші басшысы әкімшілік не тәртіптік жазаға тартылуы қажет» дегенге сайды.
Содан соң сөз алған қара әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова жоғарыда айтылған Заң талаптардың сақталмау деректерінің барын мойындап, оларға бірқатар жайттардың себеп болып отырғанын жеткізді.
– Рас, кейбір жағдайға бірінші басшының қадағаламауы салдарынан болады. Сондай-ақ, нышандардың уақытында жаңартылмауы, ауыстырылмауына білім беру мекемелеріне Мемлекеттік рәміздерді күтіп ұстауға бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігі де себеп болуда. Қазіргі уақытта оқытушылар мен ата-аналардан ақша жинауға болмайтындықтан, қаржылық фактордың барын да жоққа шығара алмаймыз, – деді Раушан Пернешқызы.
Жиын соңында сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақдәулет Сариев нақты себептермен кемшіліктерге жол берілген мекемелерге қайта зерделеу жүргізіліп, шешімін қарастыруды, «Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңының талаптарын түсіндіру бойынша семинарды қайта өткізіп, оған бірінші басшылардың қатысуын қадағалауды және кемшіліктерге жол берген мекемелердің басшыларына тәртіптік жаза қолдануды тапсырды. Сонымен қатар бөбекжай-бақшалар меңгерушілері мен мектеп директорларына айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар Мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтып, олардың қолданылуы мен насихатталуына үлкен жауапкершілікпен қарауға, заңға сәйкестендіріп, қатаң бақылауға алуға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.