Тараз қалалық №23 орта мектепте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдалану және насихаттау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Жиынға жергілікті атқарушы органдар, бөлім және мекеме басшылары, білім және мәдениет мекемелерінің өкілдері – барлығы 200-ден астам адам қатысты.
Шарада облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас маманы Шынар Қашқынбек ҚР Мемлекеттік рәміздерін дұрыс пайдалану және қолдану, мемлекеттік ұйымдарда бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсетті.
– Өңірімізде мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуы облыс әкімдігі жанынан құрылған комиссияның тұрақты бақылауында. Жыл сайын ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Тараз қаласы мен аудандардағы мекемелерге зерделеу жүргізеді. Комиссия отырысы жылына 2 рет өткізіліп, жұмыс нәтижесі қаралады. Анықталған кемшіліктер бойынша шара қолданылып, түсіндіру жұмыстары өткізіледі, – деді Ш. Қашқынбек.
Сондай-ақ семинар барысында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңы, ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысы және өзге де Заңнама нормалары түсіндірілді.
– Заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда Ту мен Елтаңба тігіліп, Мемлекеттік Гимннің мәтіні орналастырылады. Тәуліктің қараңғы мезгілінде мемлекеттік рәміздер міндетті түрде жарықтандырылуға тиіс. Стандарт талаптарына сәйкес келмейтін Рәміздер бір күннің ішінде ауыстырылуы керек. Мемлекеттік Рәміздерді заңнама талаптарын бұза отырып пайдалану ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 418 және 458-баптары, Қылмыстық кодекстің 372-бабымен айыппұл және өзге де шаралар қабылдауға алып келеді, – деп атап өтті басқарманың бас маманы.
«JT»-ақпарат