Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік рәміздердің мәртебесі мәңгілік биікте

0 305

Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің теңдігі мен біртұтастығын бейнелейтін мызғымас негіздерінің бірі болса, көрген кезде жігерлендіріп, бойымызды ерекше сезімге бөлейтін рәміздерімізді қастерлеу – біздің ортақ парызымыз. Осы мақсатта облысымызда аталған бағытта едәуір жұмыстар атқарылып келеді.

Айталық, бүгінде Тараз қаласындағы Достық үйінің жанында 2018 жылы ашылған Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын түсіндіретін ағарту орталығы жұмыс жасайды. Орталықта өзге этнос өкілдерімен 20-ға жуық семинар өткізіліп, рәміздер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті саябағында және Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында Мемлекеттік Туымызға арналған «Ту-тұғыр» бар. Бұған қоса былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына Мемлекеттік Тудың авторы Ш.Ниязбековтің есімі беріліп, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолының бойында «Ту-тұғыры» орнатылды. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрылған болатын.
Комиссия құрамына облыстық полиция, Әділет, Жамбыл техникалық реттеу және метрология департаменттері және облыс әкімдігінің тиісті басқармаларынан, БАҚ өкілдері енгізілген. Комиссия Мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуына тұрақты бақылау жүргізуде.
Комиссия отырысы жылына 2 рет өткізіледі және отырыс барысында комиссияның жұмыс жоспары бекітіледі және рәміздерге жүргізілген зерделеу қорытындылары қарастырылады.
Сонымен қатар есепті кезеңде 100-ге жуық комиссия отырысы өткізіліп, 200-ге жуық ақпараттық-түсіндіру семинарлары ұйымдастырылды. Осы орайда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, 2018 жылғы 1 қарашадан бастап латын графикасындағы Елтаңбаға көшу жұмыстары басталғанын айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде «ҚАЗАҚСТАН» жазуы латын графикасында «QAZAQSTAN» сөзіне ауыстырылды. Елтаңбаларды орналастыру және ауыстыру 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезеңі болып белгіленіп, жаңа жазуға ауысу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді.
Елтаңбаларды мекемелер мен ұйымдарда ауыстыру жұмыстары облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер комиссиясының тұрақты бақылауында. Соның нәтижесінде облыс бойынша 5 мыңнан астам кабинеттердегі, ғимараттар мен маңдайшалардағы, мемлекеттік органдардың ресми веб-сайттарында, ресми басылымдарында және бланкілерде, ақпараттық стендтерде және тағы басқа арнайы орындарда Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі ауыстырылды.
Рәміздер жөніндегі облыстық арнайы комиссияның ағымдағы жылғы жұмыс жоспарына сәйкес, 2022 жылдың 12-27 мамыры аралығында Тараз қаласы мен аудандардағы жергілікті атқарушы органдар мен білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласына қарасты мекемелердегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдануына зерделеу жұмыстары жасалды. Оның барысында аудан әкімдіктерінің ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау салаларының және полиция басқармаларының қызметкерлерінен арнайы инспекциялық топ құрылды. Анықталған кемшіліктер зерделеу жұмыстары аяқталғанға дейін түзетіліп, қалпына келтірілді. Айта кетейік, зерделеу барысында анықталған кемшіліктер туралы комиссия отырысында баяндалып, олқылықтар бойынша жұмыс жүргізу үшін тиісті мекемелерге жолданып отырады.
Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан ҚР Мемлекеттік рәміздеріне деген құрмет сезімдерін қалыптастыру, насихаттау, дұрыс қолдану және пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылады. Жергілікті ішкі саясат бөлімдері тарапынан жылына 2 рет әдістемелік семинарлар өткізіледі. Бұл қатарға білім беру ұйымдарында өтетін ашық және тәрбие сағаттары, мәдениет мекемелеріндегі көрмелерді де қосуға болады.
Биыл еліміз Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өтеді. Осыған орай аймақ жастары әлеуметтік желілерде «Менің Туым – менің мақтанышым» атты челлендж бастап кетті. Сондай-ақ облыс орталығында «Менің Қазақстаным!» атты форумды және жаяу жүргіншілер, вело, мото және автошеруін ұйымдастыру жоспарлануда.
Аталған шаралардың барлығы патриотизм мен отансүйгіштікті нығайтып қана қоймай, жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететіні даусыз.

Шынар Қашқынбек,
облыстық ішкі саясат басқармасының
идеологиялық жұмыстар және ұйымдастыру бөлімінің бас маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.