Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттің қуаттылығы – отбасында

0 294

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына бірінші Жолдауында бүгінгі таңда елімізде өзекті болып тұрған мәселелердің басым көпшілігі айтылып, нақты міндеттер қойылды. Сондықтан да «мынау өте маңызды» деп бөліп айту қиын. Тәртіп те, рухани жаңғыру да, экономикалық өсу де – бәрі-бәрі қажеттілік. Мемлекет басшысының осындай барлық мәселені айта келіп, оны дамытудың нақты жолдарын айтуы биліктің сабақтастығын көрсетеді. Жолдауда айтылған мәселелер бұрын да көтерілген. Ендігі жерде тәртіпті қатаңдата отырып, алға қойылған міндеттерді орындау екені айшықталды.
Дамуымыз үшін қоғамымызда бар кемшіліктердің бәрін жедел түрде жоюда отбасы институтын нығайтудың маңызы ерекше екені де айтылды. «Отан отбасынан басталады» деген қағиданы еске алатын болсақ, Президенттің Жолдауында осы мәселенің де айтылуы орынды. Ана мен баланы қорғау, қамқорлық жасау мемлекеттің басты міндеттеріне айналатындығы қадап айтылуы баршаның бойына қуаныш, қуат құяды. Президент елімізде 80 мыңнан аса мүгедек бала бар екенін де еске салды. Ал біздің облысымызда үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша 18 жасқа дейінгі 6126 мүгедек жас бар. Олардың барлығына бірдей жағдай жасалынып жатқан жоқ. Сондықтан да соларға қамқорлық жасау, өмірде ешқандай қағажу көрмей өмір сүріп, өсуіне ықпал ету адамгершіліктің биік белгісі болса керек. Жолдауда мүгедек балаларға жағдай жасау ерекше айтылды. Нақты тапсырма берілді. Сонымен бірге тұрмысы төмен отбасылардың балалары үйірмелерге тегін баруына және спортпен айналысуына қамқорлық жасау тапсырылды.
Елімізде жыл сайын орта есеппен 21 мыңдай мектепті бітіруші жоғары оқу орнына түсе алмай қалатындығы да сөз болды. Оқуды бітіріп, жұмысқа орналаса алмай босқа сенделіп жүретіндер де бар. Мұндайлардың жаман жолға түсіп кетуі әбден мүмкін. Олардың пайдалы жұмыспен айналысуына және кәсіптік мамандық алуына жағдай жасау аса маңызды екені де еске салынды. Отанымыздың Мәңгілік ел болуы үшін отбасының беріктігі өте маңызды. Жолдауда осы мәселенің тиянақты айтылуы әркімнің бойына нұр құйғаны анық.

Мақұлбек Рысдәулет,
мұрағаттанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.