Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекет жүйелі жұмыс жүргізіп отыр

0 1  124

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» басылымында жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты көлемді сұхбатын бір деммен оқып шықтым.

Аталған сұхбатта елдегі саяси-экономикалық реформалар, Қаңтар қасіреті, ішкі саясаттағы алдағы кезеңде атқарылуы тиіс іргелі істер мен сыртқы саясаттағы қарым-қатынастардың жүйелі жалғасы және жастарға қолдау көрсету туралы тақырыптарға, сонымен қатар ағымдағы жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтетініне тоқталды.
– Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз, – деді аталған сұхбатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ауқымды әңгіме барысында осы жылы ел тарихында ерекше орны бар тұлғалар – Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125, даңқты батырлар – Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл, сонымен қатар Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толғаны туралы сөз етті. Ол өз сөзінде мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынатындығы туралы тоқталды.
Мемлекет ұлттық тарихымызды түгендеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі ауқымды зерттеу жұмысы аяқталғанына тоқталды.
Сонымен қатар ағымдағы жылы, түгел түркі жұртының басын қосатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қазақ жерінде өтуі ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің насихатын күшейтеді. Жалпыұлттық диалог алаңы – Ұлттық құрылтай биыл көктемде өтеді. Онда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамның жаңа құндылықтарын жаңғырту мәселелері талқыланбақ. Бұған қоса, Президент ұлттық бірегейлікті айшықтап, ел бірлігін нығайта түсу үшін қазақтың төл жаңа жылы – Әз-Наурызды ерекшелеп, мазмұнын байытып, жаңаша атап өтуді ұсынды. Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі ретінде осы аталған игі жоспарларды толығымен қолдаймын!

Сара ДАУЗОВА,
дүнгендер қауымдастығы
Аналар кеңесінің төрайымы,
ҚХА Аналар кеңесінің
белсенді мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.