Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекет басшысы Түркістан облысы кездесуі 

0 167

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуі басталды

Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі»

«Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек»

«Мен қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде және осы жолы киелі Түркістанда ата-бабаларымызға құран бағыштап, хандарымыздың рухына тағзым етіп, Алладан бір-ақ тілек тіледім. Ол – еліміздің амандығы және халқымыздың бірлігі»

«Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Облыста апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мемлекет бұл мәселені шешуге барынша күш салады. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір 59 мектеп салынып жатыр. Себебі, еліміздің әрбір 7-ші сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға сапалы білім ордаларын салып, жағдай жасау – маңызды міндеттің бірі»

«Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан, осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын. Оған қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз»

«Еліміздегі көп балалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұратыны белгілі. Сондықтан, бұл бастама сіздер үшін де өте маңызды. Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал, жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз»

«Мен «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қабылдауды ұсындым. Біз қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысын балалардың есепшотына аударатын боламыз. Бұл қаржыны олар кәмелет жасына толғаннан кейін баспанаға немесе білім алуға жұмсай алады. Осы шешім ұлттық табысты әділ бөлу қағидатына сай келеді деп есептеймін. Аталған шаралардың бәрі өскелең ұрпақтың болашағына арналады»

«Біз қазір Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер жасап, елімізді жаңғыртуды қолға алдық. Маусым айында өткен референдум халықтың бұл бастамаларды қолдайтынын көрсетті. Саяси реформалар елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырды. Бұл Президенттік Республика боламыз деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі. Бұдан былай Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін нақты шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді»

«Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен, осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек. Тағы бір аса маңызды реформа – Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы. Біздің аймақтағы қай мемлекетті алып қарасаңыз да, мұндай өзгеріс мүлдем болмаған. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам деп сенемін. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін»

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.