Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мектептердің жайы қаралды

0 248

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен облыстық қоғамдық кеңес отырысында «Жамбыл облысындағы білім беру мекемелерінің қәзіргі жағдайға сәйкес өз жұмыстарын үйлестіруі туралы» мәселе күн тәртібіне шығарылды.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Жиынды Әмзебек Жолшыбеков ашып, жүргізіп отырды. Алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова өңірдегі мектептердің жай-күйін таныстырып, хабарлама жасады. Ол өз баяндамасында атқарылып жатқан жұмыстарға жіті тоқталып, интернеті жоқ ауыл-аймақтың жағдайын да атап өтті. Ал Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атенов білім беру ұйымдарында ҚР заңнамаларының және білім саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратындығын жеткізді. Аталмыш департамент өңірдің бірқатар білім беру мекемелерінде болып, жағдайды бақылап, зерделеу жұмыстарының нәтижесін кеңесте ортаға салды.

– Қазіргі уақытта Департаментпен 20 білім беру ұйымында профилактикалық бақылау, 7 нұсқаманың орындалуы бойынша, 9 жеке тұлғалардың өтініштері бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Профилактикалық бақылау жүргізілген 20 білім беру ұйымына анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді (бұзушылықтардың сипаты: материалдық- техникалық базасының әлсіздігі, лицензиялау талаптарының бұзылуы, педагогтардың сапалық құрамының төмендігі, құрылтайшы құжаттарының, жұмыстық оқу жоспарының талапқа сәйкес рәсімделмеуі, «Күнделік» электронды журналының талапқа сәйкес жүргізілмеуі, оқуға қабылдау қағидаларының сақталмауы және т.б.) Бақылау жүргізілген 15 ауылдық мектепте химия, биология, физикадан оқу-зертханалары, оқу шеберханалары мен құрал-жабдықтар жоқ. Департаментпен берілген нұсқаманы орындамағаны үшін 3 білім беру ұйымына әкімшілік істер қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Жеке тұлғалардан білім беру ұйымдарының қызметі мен басшыларының іс-әрекетіне қатысты түскен 9 өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 7-не бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, 2 әкімшілік іс қозғалды. Облыстағы 6 мектепте ішкі әжетханамен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталмаған. Бүгінгі күні облыстағы 5 мектепке қосымша ішкі әжетханаға қажеттілік бар. Облыстағы 71 мектептің интернетпен және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілді. Қазіргі уақытта мониторингке қамтылған мектептерде интернет жылдамдығы келісімшартта белгіленген көрсеткіштерге сәйкес келмейді. Мектеп басшылары байланыс операторларынан келісім-шартта белгіленген жылдамдықты талап етпейді. Облыстағы мемлекеттік 441 мектепте ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйесі орнатылған болса, 1 мектепте (Тараз қаласы, №59 орта мектеп) тек ішкі бейнебақылау жүйесі орнатылған. 25 мектепте (Жуалы-10, Тараз-15) бейнебақылау жүйесі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 23 қаңтардағы №49 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы23 қаңтардағы №32 бірлескен бұйрығының талаптарына сәйкес келмейді (ақпаратты сақтау мерзімі 30 тәулікке жетпейді). Спорт залы жоқ – 77мектеп бар, бұл 17,4 пайызды құрайды. Оның 43-і бастауыш, 17-і негізгі орта, 17-і жалпы орта мектептер (Тараз – 1, Мойынқұм – 2, Қордай – 3, Сарысу – 5, Меркі – 6, Жуалы – 8, Шу – 8, Талас – 9, Жамбыл – 11, Т.Рысқұлов – 11, Байзақ – 13). 2 мектептің спорт залы апатты. 45 мектептің асханасы жоқ. Оның 39-ы бастауыш, 3-і негізгі орта, 3-і жалпы орта (Тараз – 1, Мойынқұм және Талас – 2-ден, Сарысу – 3, Шу – 4, Т.Рысқұлов – 6, Меркі – 8, Байзақ – 9, Жамбыл – 10), – деді Жасұлан Бекболатұлы.

Сонымен қатар жиында облыстық Қоғамдық кеңестің бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі комиссиясының хатшысы Исламбек Дастан да сөз алып, жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен таныс-тырды. Ол 7 қазан мен 20 қазан аралығында Тараз қаласы мен он ауданды аралап, «Білім саласына Қоғамдық мониторинг» жұмысын жүргізгендігін айтты.

– Балалардың кезекші сынып пен қашықтан оқитынын айта отырып, ауылдағы интернет, мектептегі интернет, жаңа оқу жылына дайындық, оқушыларға кітаптар берілу, іштегі және даладағы әжетханалар зерделенді. Сырттағы әжетхана жабылмай іштегі әжетханалар толықтай жұмыс жасамайды. Жамбыл облысындағы орналасқан 65 пайыз мектептерді аралап шықтық. Тараз қаласындағы №38 мектепте екі партада екі оқушы отырғандығы анықталды. Карантиндік ережелері бойынша бір партаға бір ақ бала отыру тиіс, – деген Исламбек Дастанұлы аудандар бойынша анықталған кемшіліктерді де тізіп берді.

Қоғамдық кеңес отырысында орын алған кемшіліктер анықталған мектеп, білім беру мекемелерінің басшылары сөз алып, алдағы уақытта кемшіліктерді жоюға уәде берді. Ал алыс аудандардан келе алмаған кейбір білім мекемелерінің өкілдері онлайн режимде жиынды тамашалады. Жиында қоғамдық кеңестің мүшелері жеке-жеке сөз алып, қорытындылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.