Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», – деген еді.
Расында, бүгінде Тараз қаласында да халықтың саны өсуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы байқалуда. Жыл сайын білім ордалары бой көтергенімен, аталған мәселені түпкілікті шеше алмауда. Осыған орай «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері №15 «Ұлы дала» ықшамауданында салынып жатқан 1 200 орындық екі мектепке арнайы барып, құрылыс барысына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
«Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Ерғали Омаровтың айтуынша, өңірдегі құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға үнемі бақылау жүргізіліп тұрады екен.
– Президентіміз: «Мемлекеттен бөлінген қаражаттардың игерілуін партия өз бақылауына алуы керек», – деген еді. Соған сәйкес, партияның облыстық филиалы Тараз қаласы және аудандардағы әлеуметтік нысандарға зерделеу жұмыстарын ай сайын жүргізіп келеді. Мұндағы мақсат – жұмыстың қарқынын көзбен көру, сапасын қадағалау. Қалада қазіргі таңда партия бақылауында 3 мектеп бар. Білім ордаларының құрылысына байланысты қандай да бір кемшіліктер анықталса, бірден түзетіледі, – деді Е.Омаров.
«Ұлы дала» ықшамауданындағы қос мектептің біреуі биыл пайдалануға берілсе, екіншісі келер жылға өтпелі.
Жұмаш Жолболды