Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мектептердің құрылысы кестеден кешікпеуі тиіс

0 152

«AMANAT» партиясы облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті.

Облыстық мәслихаттағы фракцияның жетекшісі Мұқаш Ескендіровтің төрағалығымен өткен кезекті басқосуға Тараз қаласы және аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшылары, фракция жетекшілері, атқарушы хатшылары бейнебайланыс арқылы қатысты. Келелі кездесудің күн тәртібіне мектептерді күрделі жөндеу және құрылыс барысы, сондай-ақ студенттердің колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларындағы орындармен қамтамасыз етілуі, жанар-жағармай өнімдерімен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру сынды өзекті мәселелер шығарылды.

Аталған мәселелер бойынша бірқатар басқарма басшылары депутаттар алдында есеп берді. Дегенмен баяндамашылар келтірген сұлу сандар мен берген есеп тыңдар құлаққа өте жағымды. Ал шын мәнінде мүлде басқа. Өйткені осы уақытқа дейін өңір мектептерінің құрылыстарына зерделеу жүргізген халық қалаулылары дерегі басқаша. Сол секілді олар облыстық білім басқармасының аймақтағы колледждерде жатақхана мәселесін шеше алмай келе жатқанын сынның тезіне алды. Шындығында, аталған басқарма жыл сайын жатақхана салуды жоспарлағанымен жоспары құр сөз жүзінде немесе қағаз бетінде ғана қалып келеді. Сонымен қатар Жуалы ауданы Ақтас ауылындағы жеке кәсіпкердің салып берген ғимаратын бастауыш мектептің ғимараты ретінде мемлекет меншігіне осы уақытқа дейін сатып ала алмауы да көптің көңілінен шықпай отыр. Дейтұрғанмен оның себебін басқарма өкілі аталған ауылда демографиялық өсімнің жоқтығымен түсіндірсе, халық қалаулыларының есебі басқаша.

Алда жиын-терінге аз уақыт қалды. Ала жаздай еңбек еткен диханның еңбегі жанатын нағыз шақ. Олардың ендігі міндеті бітік шыққан егіннің жемісін төгіп, шашпай қамбаға тасу. Бұл орайда, жанар-жағармай қол байлау болмауы тиіс. Фракция отырысында жауапты мамандар жанар-жағармайдан мәселе туындамайды деп сендіріп бақты. Ендігісін уақыт көрсетеді. Сондай-ақ, азық-түлік бағасын тұрақтандыру да қызу талқыланды. Ол бойынша Үкімет пен партия бірлесіп ілкімді жұмыс істеп-ақ жатыр. Байқағанымыз, азық-түлік бағасы райынан қайта бастаған. Алдағы мақсат – оның бағасын тұрақтандыру.

Фракция отырысында депутаттар бірқатар басқарма басшыларының күн тәртібіндегі мәселелері бойынша берген жауаптарына қанағаттанбады. Анықталған олқылықтар бойынша ұсыныстарын да жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.