Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мектепте оқушыларға не үшін қол қойдырып жатыр?

0 350

Білім және ғылым министрлігі оқушылардың арнайы журналға не үшін қол қоятынын түсіндірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Ата-аналар чаттарында мектептегі қауіпсіздік шараларымен таныстыру жұмысына қатысты алаңдаушылық күшейе түсті. Ал әлеуметтік желіде «осыны желеу етіп, балалардан коронавирусқа қарсы вакцинаға келісімін алып қалуы мүмкін» деген әңгімелер тарай бастады.

«Құрметті ата-аналар! Қазір барлық мектепте оқушылар арасында қауіпсіздік техникасымен таныстыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Мәселен қоғамдық көліктегі қауіпсіздік, мектептегі ережелер және тағысын тағы. Ең қауіпті нәрсе балаларды ережемен танысқаны туралы бланкіге қол қоюға міндеттейді. Ертең білім беру мекемесінде медициналық көмек көрсету туралы келісімге де қол қойдыруы мүмкін. Баланың ата-анасы келісім бермесе, кәмелеттік жасқа толмаған оқушыны қол қоюға міндеттеуге ешкімнің құқы жоқ», – делінген орыс тіліндегі хабарламада.

Білім және ғылым министрлігі қауіпсіздік техникасы ережелерімен таныстыру шараларының жүргізіліп жатқанын растады. Бірақ оқушылар жеке бланкіге емес, арнайы журналға қол қояды.

«Нұсқаманы өткізу туралы мәлімет міндетті түрде нұсқамалық тіркеу журналына жазылады. Әрбір нұсқама кезінде журналды толтыру керек. Бұл ретте журналдағы жазбаларда нұсқаушы мен білім алушылар туралы ақпарат, нұсқаманы өткізу күні мен тақырыбы және нұсқаушы мен оқушылардың қолы болуға тиіс. Журналдағы ақпарат ата-аналардың құқығын бұзбайды, өйткені оқушының қолы оның әртүрлі жағдайларда қауіпсіз әрекет ету шараларымен таныс екенін растайды», – дейді министрлік мамандары.

Ал білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне медициналық көмек денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 7 сәуірдегі № 141 бұйрығына сәйкес көрсетіледі. Осы бұйрықтың 18-тармағына сәйкес, мектеп жоспарлы түрде профилактикалық тексерулер, вакциналау немесе басқа да медициналық қызметтер көрсету кезінде жазбаша ақпараттандырылған келісім алуға немесе медициналық араласудан бас тартуға көмек көрсете алады. Мұндай құжатқа кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе заңды өкілі қол қоюы керек.

Айта кетері, күні кеше денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов 15 қыркүйекте тұмауға қарсы вакциналаудың басталатынын мәлімдеді. Ол үшін бюджет қаржысына «Гриппол+» вакцинасының 2,5 миллион дозасы сатып алынды. Өндіруші – Ресей Федерациясы.

Тұмауға қарсы вакцина балаларға, медицина қызметкерлеріне, диспансерлік тіркеуде тұрған адамдарға, жетімдерге және тағы басқа осал топқа кіретін азаматтарға тегін егіледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.