Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мектепке жол» – мейірімділік бастауы

0 218

Еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын бастады. Балалар жылымен тұспа-тұс келген бұл акция биыл «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен өтуде. Акция ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.

Науқанға еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдардан бастап кез келген адам қатысуға мүмкіндігі бар. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсетеді немесе керісінше көмек сұрай алады.
Акцияның басты мақсаты – көпбалалы отбасынан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсетіп, мектепке бармауының алдын алу. Бүгінде әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында жедел желі үздіксіз жұмысы да ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана сол жерге хабарласып, көмек сұрай алады. Өз кезегінде бейжай қарамайтын азаматтар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Осы орайда айта кетерлігі, ауқымды акцияға қатысу үшін Тараз қалалық білім бөліміне хабарласу керек.
Игі шара басталысымен-ақ алғашқылардың бірі болып республикалық «Архыз» қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің облыстық филиалының өкілі Таня Апаева Қордай ауданында тұратын көпбалалы отбасының екі баласын мектепке дайындауға жәрдемдесті. Қайырымды жан оларға мектеп киімдерін, оқу құралдарын, сөмкелерін сатып алып берді. Енді балалар мектепке толығымен дайын. Балғындардың ата-аналары да жомарт жанға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.