Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мектеп түлектеріне сын сағаты жақын

0 232

Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектеп түлектерін отандық ЖОО-ға қабылдаудың бас табалдырығы. Сол себепті ол өтуі тиіс міндетті сынақ. Қазір елімізде төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин талаптары сақталып отыр. 20 маусым мен 5 шілде аралығына жоспарланған ҰБТ қалай өткізілмек?

Арайлым Шабденова

Соңғы қоңырау соғылады

Қалалық білім бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, қалада 60 күндізгі мектепте 73527, кешкі мектепте 233 оқушы білім алуда екен. 2020 жылдың 26 наурызынан бастап 1 кешкі мектеп пен 3 қосымша білім беру ұйымдары, 6 сәуірден бастап жалпы орта білім беретін 60 мектеп қашықтан оқытылуда. Биылғы жылы күндізгі мектептің 11-сыныбын 2133, кешкі мектепті 105 оқушы аяқтайды. 11-сыныптың 40 оқушысы үздік аттестатқа, 69-ы «Алтын белгі» аттестатына үміткер. Білім беру ұйымдарында оқу жылы 25 мамырда аяқталады. 9 және 11 сыныптарының білім алушылары қорытынды аттестаттауды тапсырмайды. Аттестат ағымдағы оқу жылының жылдық бағалары негізінде беріледі.
– 11-сынып түлектеріне аттестаттарды тапсыру рәсімі 3 және 4 маусым күндері өтеді. Мереке аясында салтанатты түрде аттестаттар табысталып, мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады. Іс-шара мектеп аумағында санитарлық нормаларды сақтай отырып өтілетін болады. Салтанатты бөлімнен кейін ағаш отырғызу акциясын өткізу жоспарланып отыр. Наурыз айында болуға тиісті, ақылы бөлімге түсуге бағытталған ҰБТ міндетті түрде өтеді, уақыты әлі нақтыланған жоқ, мамыр айының соңында болуы мүмкін, – дейді Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Гульфия Джолдасова.

Қанша түлек тест тапсырады?

Сонымен биыл ҰБТ-ға қатысуға еліміз бойынша жалпы саны 131 459 адам ниет білдірген. Оның 110 402-сі биыл мектеп тәмамдайтындар, ал қалған 20 мың 57-сі – колледждердің және өткен оқу жылдарының мектеп түлектері. Ал қала бойынша 1788 оқушы маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысуға онлайн режимде өтініш берген.
Биыл сынақ тапсырушылардың саны өзге жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін көрсетті. Мәселен, былтыр 117 242 түлек ниет білдірген, оған дейін де сол шамада болды. Ал биылғы ҰБТ-ға қатысушылар саны жалпы мектеп бітірушілердің 82 пайызын құрайды, өткен жылмен салыстырып көрсек, 10 пайызға артық (71,58%). Бұл – рекордтық көрсеткіш. Биыл өтетін тестілеуге өтініш қабылдау 15 сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн түрде өтті. Былтыр да сынаққа онлайн тіркелу болған. Дегенмен эпидемиологиялық ахуал Білім және ғылым министрлігін тәуекелге итермелеп, бұл процесті жылдамдата түсті. 12 наурызда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов: «Онлайн форматтың артықшылықтары көп, ең бастысы, мектеп түлектеріне толықтай еркіндік беріп отыр. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін мектеп әкімшілігі тарапынан білім деңгейі төмен оқушылардың тестілеуді тапсыру мүмкіндігін шектеу фактілері орын алған. Енді бұл мәселе де шешіліп, мектеп түлектеріне толықтай еркіндік беріліп отыр», – деген болатын. Орталық басшысының сөзінше, ҰБТ тапсыруға ниет білдірушілер санының артуы өтініш берудің жаңа форматымен байланысты екен.

ҰБТ-ның биылғы ерекшеліктері қандай?

Пандемияға байланысты әр аудиториядағы оқушы саны ең көп болғанда 75 адам болады. Әр оқушы арақашықтығы 2-3 метр аралықты сақтайды. Аудиторияға кіргізу тәртібі арнайы түсіндірілетін болады. Телефон, шпор, тағы басқа заңсыз шектеу қойылған заттарды алып кіруге ниеттенген, тестілеуде қолданған оқушылар болған жағдайда ҰБТ-дан бір жылға шеттетіледі. Бір жыл көлемінде ақылы ҰБТ-ға да қатыса алмайды. Тест нәтижесі жойылады. Тест тапсыру аудиториясы түгелдей бейнебақылаумен қамтылған. Ол бейнелер 2 ай сақталады. Ал заң бұзушылық дәлелденіп жатса, 2 ай ішінде ҰБТ нәтижесі жойылады. Қазіргі уақытта ҰТО сайтында ҰБТ және КТ сынақ нұсқаларын тегін тапсыруға болады. Калькулятор мәселесі әлі талқыланып жатыр. Мамыр айының соңында «ҰБТ-2020» өткізу ережесі толық бекітіледі екен. Жаңалықтар да болуы мүмкін. Гранттар саны мамыр айының аяғына дейін жарияланады. Оның жанында өткен жылғы әр мамандық бойынша грантқа ілінген ең төменгі балл көрсетіледі. Жалпы конкурс және ауыл квотасы жеке-жеке көрсетіледі. ҰБТ сұрақ базасы 30% жаңарады. Апелляция келесі күні емес, тестілеуден соң сол күні онлайн беріледі. Апелляцияны жергілікті және республикалық апелляция комиссиясы қарайды. ҰБТ-да химия таңдаған оқушылар үшін периодтық кесте және бейорганикалық заттардың ерігіштік кестесіне рұқсат. Биылғы сұрақтарда ешқандай жаңартылған бағдарлама сұрақтары болмайды. Жаңартылған бағдарлама сұрақтары «ҰБТ-2021»-ден бастап кіреді. Карантин кезінде қашықтан оқуға байланысты 11-сынып бағдарламасының 4-тоқсанынан сұрақтар енгізілмейді. Бірақ ол 5-10 сынып арасындағы тақырыптардың қайталануы болса, онда сұрақ болады. Биылдан бастап мамандықтың грант конкурсы тілге бөлінбейді. Орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбей біртұтас өтеді. Ақылы бөлімге түсушілер үшін тек педагогикалық мамандықтардың шектік балы 70 балға көтерілді. Басқа мамандықтардың шектік балы өткен жылғыдай өзгеріссіз қалады.

Оқуға онлайн түсе аласыз

Мектеп түлектері маусым айынан бастап ЖОО мен колледжге еGov порталы арқылы құжат тапсыра алады. Осылайша, Білім және ғылым министрлігі орынсыз жұмсалатын шығынды үнемдемек. Жыл сайын 300 мыңнан астам түлек колледж бен университетке құжат жиынтығын тапсырады. Мұны министрлік аппаратында өткен кеңесте вице-министр Рүстем Биғары айтты. Вице-министрдің сөзінше, түлектер жыл сайын құжат тапсыру үшін 1 млрд теңге жұмсайды. Енді бұл үрдіс автоматты жүйеге ауысады. Барлық білім беру ұйымына қабылдау «Электронды үкімет» порталы арқылы жүреді.
Иә, вице-министрдің сөзінің жаны бар. Университет пен колледжге құжат тапсыру үшін фотосурет, түрлі анықтама, аттестат және тағы басқа қағаздың көшірмесі қажет. Мұның бәрін жинап болдым дегенде білім беру ұйымы алдында ұзын-сонар кезек күтіп тұрады. Кейбірі таңғы сағат 6-дан бастап университет аумағын торуылдайды. Білім министрі былтыр осындай әуресі көп механизмді өзгертетінін айтқан-ды. Асхат Аймағамбетов сөзінде тұрып, құжат тапсыру еGov порталы арқылы іске асатынын, қазір тиісті жұмыстар жүріп жатқанын мәлімдеді. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, пандемия жағдайында бұл – өте қолайлы шешім. Енді түлектер үйден шықпай-ақ қалаған оқу орнына құжат тапсыра алады. Ол үшін алдымен университет пен колледж тарапынан құжатты электронды түрде қабылдауға жауапты тұлға бекіту керек. Оларға министрлік жаңа стандарт бойынша құжат тапсыру ережесі туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп оқытады. Нәтижесінде жауапты тұлға маусым айынан бастап құжат қабылдауға дайын болады. Ал қабылдау комиссиясы талапкер құжатын қараған соң, оған құжатты қабылдау туралы, конкурстың мерзімі мен арнайы емтихан жайында хабарлама жібереді.
Ал өңірдегі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті құжаттарды онлайн қабылдауға дайындық жүргізуде екен.
– Биыл М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті талапкерлердің құжаттарын онлайн режимде рlatonus.tarsu.kz сілтемесі бойынша қабылдайды. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес талапкерлер оқуға түсерде таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі туралы құжаттың төлнұсқасын, 3×4 өлшеміндегі 2 фотосурет, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, ҰБТ сертификатын және 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы өткізуі қажет. Биылғы жылы құжаттар онлайн режимге өткен жағдайда өзгерістер болуы мүмкін. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті талапкерлерді бакалавриаттың 106, магистратураның 85 және докторантураның 6 білім бағдарламалары бойынша қабылдайды, – дейді ТарМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Әбілхан Садыбаев.
Сонымен қатар өңіріміздегі іргелі оқу орындарының бірі Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті де оқушыларды онлайн қабылдай алады.
– Университетте педагогикалық, өнер, әлеуметтік ғылымдар, қызмет көрсету бағыттарында 33 бакалавр, 13 магистратура және 3 PhD докторантура білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білікті мамандар дайындайды. Онлайн құжаттарды қабылдау қызметін көрсету үшін жоғары оқу орнының ақпараттық жүйесі арқылы өтініш беруші жеке кабинетінде жеке тіркеуден өту керек. Талапкер немесе ата-анасы, заңды өкілі жоғары оқу орнына өтініш береді және келесі мәліметтерді енгізіп, құжаттарды тіркейді: жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), ҰБТ сертификаты, 3х4 цифрлы фотосурет, оқу формасын, білім беру бағдарламасын енгізеді. Жатақханада орын қажеттілігі жайлы мәліметті енгізеді. Өтініш беруші өтінішті қалыптастырады, дұрыс толтырылғандығын растайды және жоғары оқу орнына жібереді. Жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясы өтінішті өңдейді.
Жоғары оқу орны бір жұмыс күні ішінде өтінішті қарастырғаннан кейін құжаттарды қабылдау немесе дәлелді жауабы бар құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама жібереді, – дейді ТарМПУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Мұхаметжан Нүрсейтов.
Рет бойынша онлайн құжат қабылдау кезінде талапкер ресми сайтта өтінім толтырады. Толтыру нұсқаулығы әр университеттің сайтында бар. Оқу ақысы таңдаған мамандығына сәйкес кредиттік төлем сомасын автоматты түрде есептеп, экранға ұсынады.
Еліміздегі бірқатар оқу орнында жатақханаға өтініш қабылдау онлайн форматқа көшкен. Бірақ барлық білім беру ұйымында жағдай мұндай емес. Енді барша студент «Электронды үкімет» порталы арқылы жұмысын жеңілдетіп, жатақханаға өтініш беруіне болады. Министрліктің мәліметінше, барлық жүйе бір механизммен жұмыс істейді. Яғни еGov порталы арқылы университетке құжат тапсырсаңыз, тиісті қызметтің бәрі автоматты түрде шығады. Сізге жатақхана керек болса, құжат тапсыру бөлімінен кейін жаңа терезе ашылып, жатақханаға өтініш бересіз. Бұрын колледжде тегін ыстық тамақ ішу үшін де бірнеше құжат жинап, кезекке тұрып, әлеуметтік статусты айқындау керек-ті. Енді мұның бәрі бір жүйеде іске асып, талапкердің жұмысы жеңілдейтін болды.

ҰБТ – соңғы сынақ емес

Тест тапсыруды қазірден уайымдап жүргендердің бірі – Гүлжан Құрбанқызы. Оның ұлы Мұхамеджан биыл мектеп бітіреді. Мұхамеджанның анасы тестілеу талаптарының жыл сайын күшейіп бар жатқанына алаңдаулы. «ҰБТ жақындаған сайын баламызбен бірге біз де күйзелеміз. Өтініш қабылдау онлайн түрде болды. Біз 2 мамыр күні сағат 8:00 мен 14:00 аралығында тіркеуден өттік. Биыл бейнебақылаулар тестілеу орталығына жіберіледі екен. Карантинге байланысты жеңіл түрде өткізсе деген тілегіміз бар», – дейді Гүлжан Құрбанқызы.
Ал жас түлек Мұхамеджан Анарбек медициналық университетке түсуді мақсат етіп отыр екен.
– Дайындығым жақсы. Тестілеуден өте жоғары балл жинауға тиіспін. Өйткені менің таңдап отырған мамандығым үшін конкурс жоғары. Тест 11 жыл бойы жинаған білімімізді көрсетеді деп ойлаймын, – деді талапкер.
Баланың білімге деген қызығушылығын арттыру үшін мотивация беру керек дейміз. Алайда бұл қиын жұмыс мұғалім мен ата-ананың қолынан келе бермейді. Біздің ойымызша, дайындық өз алдына, ҰБТ-ның әдеттегідей сынақтардың бірі екенін танытатындай жағдай қалыптастыру қажет секілді. Себебі қазір ҰБТ-ны тапсыру мерзімі жақындаған сайын үрейге бой алдырып отырған талапкер де, ата-ана да көп. Мектеп түлегі ҰБТ-ның бір өтпелі кезең екендігін естен шығармағаны абзал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.