Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мектебі бар, спорт залы жоқ

0 199

Бүгінде еліміздегі мектептердің үштен бірінде спорт залы жоқ. Ал облыстың өзінде 37 мектепте спорт залы жоқ болса, 70 мектепте асхана қаралмаған. Дене шынықтыру сабағы бұқаралық спорт түрі екені белгілі. Демек, шынығатын орны жоқ оқушылардың бұл тұста бұқаралық спорттан ақсап тұрғаны сөзсіз. Ал оған кім кінәлі?

Әр жылдың қорытындысы бойынша өтетін есепті жиында белгілі болғандай, білім саласында да кемшіліктер жоқ емес. Оның ең бастысы – спорт залы мен асханасы жоқ мектептердің лицензия ала алмай отырғандығы. Жалпы бүгінде облыс бойынша білім беру қызметіне берілетін лицензия және лицензиясына қосымшасы жоқ мектептердің көшін Талас ауданы бастап тұр. Мұндағы 20 мектептің лицензия және лицензияға қосымшасы жоқ болса, Б.Әлменұлы атындағы орта мектепте, Қ.Қошмамбетов атындағы негізгі мектепте, Бозарық негізгі мектебінде, Жаңатұрмыс негізгі мектебінде, Талас негізгі мектебінде, Ш.Смаханұлы атындағы негізгі мектепте, Абай атындағы негізгі мектепте спорт залы жоқ. Сонымен қатар бұл тізімді Байзақ, Жуалы аудандары жалғап тұр. Екі ауданның 9 мектебінде лицензия болмаса, Байзақта екі, Жуалыда 3 мектеп спорт залсыз. Сарысу ауданындағы 4 мектеп те осы тізімде бар болса, Т.Рысқұлов ауданындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп пен Шу ауданындағы Жайсан орта мектебінің оқушылары спортпен тек күн жылыда айналысады. Енді бұл олқылықтардың орны қашан толады?
– Мектептің спорт залы әрбір білім беру мекемесінде болуы керек. Мектепте спорт залы және оған қосалқы жайларды пайдалану нормаларының сақталуына бақылауды әр тексеру кезінде жүргіземіз. Біздің облыстағы мәселеден білім басқармасы хабардар. Әр жиында бұл мәселе көтеріледі. Тексеріс жүргізілгеннен кейін мекемелерге хат та жіберіледі. Өз тарапымыздан бұл түйткіл назардан тыс қалған емес. Алайда мәселе қаржыға келіп тірелгендіктен, біздің қолымыздан келер шара жоқ. Бірақ бір анығы – сапаны қамтамасыз ету бойынша дене шынықтыру сабағы кабинетте өтуі ешбір стандарттарға сай келмейді, – дейді облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атенов.
Стандартқа сай келмейтін тағы бір олқы-лық – ол 70 мектепте асхананың жоқтығы. Атап айтар болсақ, Байзақ ауданында – 9, Жамбыл ауданында – 10, Жуалыда – 8, Қордайда – 2, Т.Рысқұлов ауданында – 10, Мер- кіде – 6, Мойынқұмда – 2, Сарысуда – 5, Талас ауданында – 9, Шу ауданында – 8 және Тараз қаласында 1 мектепте асхана қаралмаған.
Осы орайда Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысына хабарласып, мән-жайды білген едік.
– Жыл сайын аталмыш мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Былтыр 1 мектепке спорт залы салынса, енді Жаңаталап орта мектебіне спорт залын салу үшін сметалық құжаттарды рәсімдеп, құрылыс бөлімі арқылы облыстық білім басқармасына өткіздік. Енді қаржы бөлінсе, биыл құрылысы басталады. Ал асханаға келер болсақ, біздің ауданда 5 мектепте асхана жоқ. Шыны керек, мұндағы мектептер шағын, кемі 19-22 бала тамақтанады. Сондықтан алдағы уақытта құрылыс жүреді деп айта алмаймыз. Себебі бұл мектептерге жапсарлас құрылыс жүргізу мүмкін болмағандықтан, контейнер қоюды жоспарлап отырмыз, – дейді Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы Ильяс Алшынбайұлы.
Әрине, қаржы болмаса, құрылыс жүргізу қиын екені белгілі. Алайда жылда түлектер мектебіне тарту жасап жатқанда, осы мәселені мектеп директорлары неге көтермейді? Ауылға арка орнатып, мектептің сыртын қоршай бергеннен гөрі бірнеше сыныптың түлектері бірігіп шағын спорт залын, кішігірім асхана салып берсе, әй, ешкім «қой» демес. Түптеп келгенде, өткен жылдан бері өңірде жанданған «Жомарт түлек» жобасын неге осы жаққа бағыттамаймыз? Қалталы түлектердің басын құр қосып, бір-біріне мақтау айтқаннан гөрі олар білім алған мектебі үшін бір спорт залын салып беріп жатса, мұндай игілік ел есінде, жұрт жадында қалатыны анық. Сондықтан бұл мәселені жауаптылар таразыға салып, барлық жаққа тиімді бір шешімді табады деп сенеміз.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.