Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мейрамханалар мемлекеттік тілді менсінбей ме?

0 455

Тәуелсіз еліміздің Ата Заңында қазақ тілі – мемлекеттік тіл екені тайға таңба басқандай айқын жазылған. Бірақ күнделікті өмірде осыны ескере бермейтініміз өкінішті. Әлі күнге дейін Тараз қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында қызмет көрсету тілі мен ас мәзірлері орыс тілінде келе жатқаны – сөзімізге дәлел. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Кафе-мейрамханалардағы қазақ тілінің қолдану аясы, жай-күйі қалай? Жалпы мұндай жағдайға қандай да бір бақылау жүргізіле ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Жалпы көп жерде тілге деген бақылау мен қандай да бір талаптың жоқтығы көрініп тұрады. Кәсіпкерлерден қазақ тіліне неліктен немқұрайлы қарайды деп сұрасаң, айтар уәжі: «Бізге ешкім айтқан жоқ», «Билік ескерткен жоқ» деген дүние.
– Қазір қаладағы көп кафе, дәмхана және шайханалар өздерінің өнімін жарнамалайтын құрал ретінде әлеуметтік желіні пайдаланады. Сол парақшалардың қатарында ақпаратты мүлдем қазақ тілінде бермейтін тамақтану орындары да бар. Бұл қатарда шаһардағы «Discovery coffee» кофехана желісі мен «Arpa» мейрамханасын айтуға болады. Сонымен бірге қазақ тілінің ережелеріне мән бермейтін «Kishmish», «Dubai Mangal» және «Қайнар» сияқты дәмханалар бар.
Тілге мән бермейтіндердің бірі – Әбдірахман Әйтиев көшесінің бойында орналасқан «Janm Soul» караоке-клубы. Аталған клуб мақсатты түрде қазақша мен орысшаны араластырып жазады. Бәлкім қызықты етеміз дейтін шығар, дегенмен ол екі тілге де деген құрметсіздік.
Кейбір кафелерден үйде отырып-ақ қалаған тамаққа сайттары арқылы тапсырыс беруге болатынын барлығымыз білеміз. Заң бойынша сайттың беті ашылғанда автоматты түрде қазақша көрсетіп тұруы керек. Қажет болған жағдайда өзге тілге ауыстыруға болады. Бірақ сол дәмханалардың сайты ең әуелі орыс тілінде көрсетеді. Бұл – үлкен қателік, – дейді тараздық тіл жанашыры Балмира Мырзабай.
Тұрғындардың пікірін ескеріп, кафелерде зерделеу жұмысын қаланың бел ортасындағы Ы.Сүлейменов көшесі, 15 «B» мекенжайында орналасқан «Bauyrdaq» мейрамханасынан бастадық. Есіктен енгенімізде бізді мейрамхана әкімшісі Жұлдыз Құдайбергенова жылы шыраймен қарсы алып, төрге бастады. Қазақы иісі аңқыған жайлы ортада «Апамның шайын» ыстықтай сораптап отырып Жұлдыздың сөзіне құлақ түрдік.
– Бауырдақ – қазақтың ұлттық тағамдарының жаңартылған нақышында ұсынылған жедел ас. Әрбір қазақ баласы ыстық бауырсақ жеп өскен және әрқайсымыз үйімізге келген қонағымызға ет тағамдарын ұсынамыз. Қымыз, шұбат, айран сияқты ұлттық сусындарымыз да бар. Осы аталған ет, сүт, нан тағамдарының барлық түрін біздің мейрамханадан табуға болады. Ас мәзіріне келсек, біздің мәзір қазақша, орысша, ағылшынша – үш тілде. Өздеріңіз білетіндей, Тараз – тарихы терең қала. Сондықтан аймағымызға шетелден саяхатшылар көп келеді. Олар өңірдің көркем табиғатымен бірге жергілікті халықтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татқысы келеді. Бүгінде орыс тілі әлемдік тілдердің санатында болса, ағылшын тілі халықаралық қатынастар тіліне айналып отыр. Шетелдік қонақтардың мейрамханамызға келіп, қазақтың тағамдарына тамсанып, қызығушылық танытып жатқанын көріп, көңілімізге қуаныш ұялайды. Мейрамхананың аты айтып тұрғандай, біздің ана тілімізге деген құрметіміз ерекше, – дейді мейрамхана әкімшісі.
Ал қазақ тіліне деген құрметі қатты қадағалайтын Қайрат Рысқұлбеков саябағында орналасқан «G’ibrat» мейрамханасынан қуанып шықтық. Желтоқсан көшесіндегі «Besh BQ» дәмханасына да алғысымызды айтқанымызбен, «Arpa» мейрамханасына аялдағанымызда көңіліміз құлазып сала берді. Ішкі безендіруі әдемі, қызмет көрсетуіне де сын таға алмайсыз. Тек қазақша ас мәзірі атымен жоқ. Мейрамхана әкімшісі Жалғасты сөзге тартып едік: «Ресторанымыз жаңадан ашылып жатқандықтан, мәзірді қазақша форматта шығарып үлгермедік. Алдағы уақытта мәзір қазақша-орысша, яғни 2 тілде болады», – деп уәдесін берді. Ал шаһардың бірнеше нүктесінен ойып тұрып орын алған «Al Kausar» дәмханалар желісі мен Абай даңғылында орналасқан «Самарканд» шайханасы мемлекеттік тілді менсінбейтін көрінеді. Қазақша ас мәзірін сұрағанымызда «Қазақша ас мәзірі жоқ» деген жауап алдық.
Осыдан кейін біз Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарластық.
– Жалпы, заң бойынша кәсіпкерлерге ас мәзірін мемлекеттік тілде ұсынбағаны үшін айыппұл салу көзделмеген. Сіз тұтынушы ретінде өз құқығыңызды пайдаланып, жазбаша өтініш жазып, бізге жүгіне аласыз. Біз сіздің өтінішіңіз бойынша шағым түскен дәмханаға түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Олар қазақша ас мәзірін қосудан бас тартқан жағдайда, сіз тіл жанашыры ретінде осы мәселені шешу үшін құзіретті орган – Тіл саясаты комитетіне жүгіне аласыз, – дейді басқарманың бас маманы Қасымбек Сексенбай.
Ал облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнұр Әмірбекованың айтуынша, қалада мемлекеттік тіл туралы талапқа пысқырып қарамайтын кафелер көп екен. Алайда тіл басқармасының оларды жазалауға құзыреті жоқ.
– Қалада көрнекі ақпаратты, ас мәзірін тек орыс немесе ағылшын тілінде жазып қойған дәмханалар аз емес. Тіл туралы заңның 21-бабында: «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады» деп анық жазылған. Өкінішке қарай, заң бойынша кәсіпкерлерге ескерту де, жаза да бере алмаймыз. Тек заңның аясында әдістемелік көмек көрсетумен шектелеміз. Сол себепті Тараздағы талай дәмхана ас мәзірінің тіліне мән бермейді, өзгертуге де асықпайды, – деп Гүлнұр Ескермесқызы іш қынжылысын білдірді.
Осы ретте қала тұрғындарының да пікіріне құлақ түрдік. Тараздық жас тіл жанашыры Аяна Ким дәмханалардан ас мәзірін қазақша көбірек талап еткен жағдайда ғана қозғалыс болады деп санайды.
– Мен өзге ұлт өкілі болсам да, мемлекетті тілге деген құрметім шексіз. Кинотеатрларға, салондарға барған кезде тек қазақ тілінде қызмет көрсетулерін талап етемін. Өйткені бұл қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде қызмет алуға құқығым бар. Ең қызығы, қазақтың қаракөздері асханаға барғанымда маған орыс тілінде сұрақ қойып, орыс тілінде ас мәзірін ұсынады. Мен мәзірді қазақ тілінде беруді талап етемін. Кейде кәсіпкерлердің мемлекеттік тілге мән бермейтіні жасырын емес. Дегенмен, олар шындап келгенде халық пікірімен санасады. Мәселен, бір үлкен шайханаға бір күнде таңертеңнен кешкі уақытқа дейін 400 адам ас ішуге келеді десек, солардың ішінде 100 адам қазақша ас мәзірін талап етсе, әрі күнделікті солай жалғаса берсе, қожайындары қазақша ас мәзірін міндетті түрде қосады. Себебі ешкім тұтынушыдан айырылып қалғысы келмейді. Бірақ соны талап етіп жатқан адам жоқ.
Тағы бір мәселе, кафелер қазақша мәзір берген күннің өзін де мәзірдің ішіндегі бір екі сөзі ғана қазақша, ал тағам атаулары аударылмай жатады. Қазақ тіліне аудару үшін, тіл ғалымдары, сауатты аудармашылар және филологтармен жұмыс жүргізген жөн, – дейді шаһар тұрғыны.
Бүгінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі облыста 94,7 пайызды құрап отыр. Сондықтан да қазақ тілінің үлес салмағы жоғары өңірде кәсіпкерлердің мемлекеттік тілге атүсті қарайтыны қынжылтады. Өз тіліміз өз елінде, өз жерінде өгей баланың күнін кешпесе екен…

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.