Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мейрам алдындағы мерейлі сәт

0 242

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қала аумағынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, көпбалалы отбасылар мен жетім балалар баспаналы болды.

Сәндібек Піренов

Бұл жолы үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа 15-ші шағын ауданнан пәтер алу бақыты бұйырыпты. Пәтер кілттері көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жетім балалар мен басқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтарға табысталды. Жаңа үйде үш бөлмелі 15 пәтер, екі бөлмелі 55 пәтер, сондай-ақ бір бөлмелі 10 пәтер бар екен. Тұрғындарға пәтер кілтін табыстау рәсіміне аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысып, баспаналы болған тұрғындарды құттықтады.

– Тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылданып келеді. Нәтижесінде өткен жылы облыс көлемінде екі мыңға жуық пәтер ел игілігіне берілген болатын. Бүгінде сол дәстүр жалғасуда. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында берілген баспана аналар үшін үлкен сыйлық болып отыр. Баршаларыңызды жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты шарадан соң, пәтер иелері аймақ басшысына ақжарма тілектерін жеткізіп, алғыстарын айтты.

– Қала аумағынан үй жалдап жүргенімізге де он жылдай уақыт өтіпті. Сол аралықта мекенжай ауыстырумен ары-бері сандалғанымыз да рас. Бүгінде екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Мереке қарсаңында құтты үйдің қуанышын тойлап жатқанымызға дән ризамыз, – деді қала тұрғыны Жансая Әбдірайымова.

Бұл күні көпбалалы аналардың қуанышы еселеніп, мереке қарсаңында ерекше құрметке бөленіп отыр. Осы орайда алдағы уақытта берілетін тұрғын үйлерді де ретімен санамалағанды жөн көрдік. Қала әкімдігінің мәліметінше, ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 29 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы 2025 жылға дейін алқапта 181 көппәтерлі және 255 жеке тұрғын үй салу жоспарлануда. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасымен өткен жылы облыс бойынша 232 пәтер берілген.

Соңғы өзгерістерге сәйкес, бүгінгі таңда 1922 азамат үй кезегінде тұрса, оның екі мыңға жуығы көпбалалы отбасы екен. Ағымдағы жылы бағдарлама бойынша пәтер берілетін болса, ең бірінші әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға назар аударылатын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.