Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мейірім мен ізгіліктің бастауы

0 336

14 наурыз Амал күнінен бастау алатын мереке 22 наурызға дейін жалғасып, Әулиеата өңірі әз-Наурызды 9 күн тойлайды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бұл туралы Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Жаңару мен жаңғырудың, жылылық пен ізгіліктің ізетін сақтаған мерекені атап өту жоспары жылдағыдан ерекше. Биылғы Наурыз мерекесінде жылдағыдай қатар-қатар киіз үйлер бой түземейді. Оның орнына көпшілікке кең дастарқан жайылып, наурыз көже таратылады. Ал игіліктен бастау алған Наурызнама дәстүрі заманауи үлгіде тоғыз күн бойы жалғасын тауып тойланбақ. Әр жаңа таңның жарқыраған сәулесіндей, әрбір күн өзінің өзгешелігімен, жоспарға сай тарту-таралғысымен атап өтілмек. Амал күні көпшілік амандық сұрасып, бір-біріне ізгі тілектер айтады. Көрісу күні таныс-тамыр бір-біріне ізет көрсетіп қауышады. Тағзым күні ата-баба рухына құран бағышталады. Алас күні тазалыққа мән беріліп, Наурыз мерекесіне дейінгі тазалық жұмыстары ұйымдастырылады. Мейірім күні көпбалалы аналарға, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалса, Ынтымақ күні аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдерімен жалғасын табады. Жаңару күні жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге арнайы құттықтау әзірленіп, сый-сияпат көрсетіледі. Береке күні кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы өнімдерінен төмен бағамен жәрмеңке ұйымдастырылса, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында күрделі жөндеуден өткен «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі.

– Атшабар скверіндегі махаббат аллеясы қайта жаңғыртылуда. Ал Дулати ескерткішінің маңынан жастардың интернет кафесі ашылады. Сонымен қатар амфитеатр да мереке күні пайдалануға берілмек. Міне, бұл қаламыздың көркін арттырар жақсы жаңалықтың бірқатары, – деді Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли.

«Жастар» аллеясында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашылар, қобызшы, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылады. Бұл жерде ұлттық спорт ойындары, алтыбақан, қолөнер көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ Бағдат Самединова, Әділ мен Дана, Әлішер Каримов, Әбдіжаппар Әлқожа, Серікбол Сайлаубек сияқты танымал әншілердің және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әншілерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып, кеш соңы мерекелік отшашуға ұласады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.