Қалалық қоғамдық-саяси газет

Медицина мамандығының тапшылығы кезеңімен шешілуде

0 137

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожинмен кездесті. Кездесуде 2020 жылы облыс әкімдігі мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті арасындағы меморандум міндеттерінің орындалуы, университеттің облыс бойынша филиалының жұмысы туралы айтылды.

Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласы кадрларын үздіксіз кәсіби дамытуды жетілдіру, білім алушылардың жаңа технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы медициналық білім беруді жаңғырту және дамыту саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында ыңтымақтастық туралы меморандумның маңыздылығын атап өтті.
– Құжат шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, университеттің клиникалық кафедралардың профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтары өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына консультациялық, емдеу-диагностикалық көмектер көрсетті, ауыр науқастарға теле-медицина бойынша 200-ден аса кеңестер өткізілген.
Денсаулық сақтау ұйымдарында 20 резидент практикалық оқытудан өтсе, медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру бойынша есепті жылы жалпы 262 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Олардың ішінде 140 дәрігер, 122 медбике бар.
Өткен жылы университетті бітірген 78 маман Жамбыл облысына жіберілген. Жергілікті атқарушы органның грантымен университетте жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 32 студент, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін 50 дәрігер резидентурада оқиды.
Біздегі ақпарат бойынша, қазіргі таңда университетте Жамбыл облысынан 105 студент оқиды, ағымдағы жылы әртүрлі мамандықтармен 51 бітіруші өңірімізге келеді деп жоспарлануда, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі өңірде дәрігерлер тапшылығы 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе төмендегенін, дегенмен есепті кезеңде 169 бірлік маманның қажет екенін атап өтті. Биыл 30 маман бойынша сұраныс жолданған.
Тапшы дәрігерлердің басым бөлігі: жалпыпрактикалық дәрігер, анестезиолог-реанимотолог, психиатр, сәулелі диагностика, невропатолог, акушер-гинеколог, педиатр, травматолог-ортопед, неонатолог, онколог, реабилитолог және тағы да басқа терең білімді мамандар.
Өз кезегінде ректор Талғат Нұрғожин ынтымақтастықта жұмыс жасап, қолдау білдіріп отырған облыс басшылығына алғысын жеткізіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Ол 1 жыл ішінде филиалға 58 миллион теңге инвестиция салынғандығын, ол көрсеткіш биыл 68 миллион теңгеге артатындығын жеткізді.
– 24 студент университеттің грантымен оқуда. Олар бітірген соң облысқа қайта жіберіледі. Филиалдағы 21 мұғалім қайта оқытудан өтуде. Біз алдағы уақытта аудан, ауылдардағы медбикелерді де қайта даярлаудан өткізуді көздеп отырмыз, – деген Т.Нұрғожин қазір смартфон арқылы университет базасында тәжірибелерін арттыруға барлық жағдай жасалғанын айтты.
Облыс әкімі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Медициналық қызметтің сапасын арттыру басты талап екендігін атап өтіп, қайта оқыту барысында ақ халаттылардың мәдениетін арттыруға да барынша көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Облыста денсаулық сақтау нысандарының техникалық базасын арттыру, биыл барлық ауданды КТ аппаратымен қамту бойынша қолға алынған шараларға да назар аудартты.
Бердібек Сапарбаев жергілікті билік тарапынан барлық қолдаулар жалғасатынын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.