Қалалық қоғамдық-саяси газет

Масылдық мұратқа жеткізбейді

0 440

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында саяси жаңғыруды, елімізді дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау және қоғамды одан әрі демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалар жөнінде атап айтты.

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсе-ту – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, «әлеуметтік жеңілдікке ие болсам» деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс, – деді Президент.
Иә, әр адам жетістікке, табысқа өзінің адал еңбегімен жете алады. Оны аға буын өкілдерінің еңбекқорлығымен, адал табыспен өз кәсібін ашып, жетістікке жетіп отырғандығынан көруге болады. Ерінбеген адамға қашанда екі қолға бір күрек табылады.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.
Бірақ қазіргі таңда қоғамда жұмысты талғап, оның жалақысын азсынып, бірден мол табысқа жетуді ойлайтын қате пікір қалыптасқан. Масылдық бойды жаулап, еріншектікке жол береді. Ал мұндай жалқаулық пен масылдық барда адам ешқашан табысқа кенеле алмайтыны анық.
Осы ретте біз өз маңдай терлерімен жұмыс жасап, ешкімнен ештеңе сұрамай, бала-шағаларын бағып, құтты орындарына қондырып отырған еңбекқор отбасылардың бірі жайлы айтқымыз келіп отыр.
Олар – Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылының тұрғыны Бектор Иманқұлов пен отанасы Зылиха Иманқұлова.
Бектор Иманқұлов ұзақ жылдар бойы ұжымшарда механизатор болып жұмыс істеген, ал жолдасы Зылиха ауылдағы почта бөлімшесінде басшы болып абыройлы қызмет атқарған. Қазіргі таңда екеуі де бейнеттерінің зейнетін көруде.
– «Адамды адам еткен – еңбек» дегендей, адамдықтың бір анықтама-сы – еңбек. Ендеше, қоғамның да қоғам болуы еңбекпен тікелей байланысты. Мемлекет осыған әуелден баса мән беріп, жұмыссыздықты жоюға, жұртты еңбекке тартуға бағытталған маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді.
2017 жылы отбасымызбен «Диас» шаруа қожалығын құрдық. Шаруа қожалығы менің жолдасым Бектор Иманқұловтың атында. Қожалықтағы 12 гектар жерді өзіміз пайдаланып отырмыз. 12 гектар жердің үш гектары суармалы болса, қалған тоғыз гектары егістік жер. Қалған жерлерді жалға бергенбіз. Онда біз арпа, эспарцет шөбін егеміз. Бірақ техника жағынан қиындық туындайды. Өйткені өзімізде техника болмағаннан, орым кезінде техниканы жалдап отырамыз. Одан бөлек, есік алдындағы 50 сотық жерге құлпынай, көпжылдық жоңышқа, таңқурай, қара қарақат, сарымсақ, тағы басқа да көкөністер отырғызамыз. Сарымсақты біз күзде отырғызып, жазда шілде айының ортасы мен аяғына қарай жинап алып, өзімізге керегін алып қалып, қалғанын аудан орталығына апарып сатамыз. Ал қара қарақатты, құлпынайды, таңқурайды уақытылы немерелеріммен теріп, қысқа тосап дайындаймыз. Өзімізден шыққан өнімдер өзіміздің кәдемізге жарап отыр. Базардан барып сатып алмай, үй іргесіндегі жерді өзіміз тиімді пайдаланудамыз. Қазір байқасаң, көп елдің үй іргесіндегі жерлері бос жатады. Оларға «не үшін отырғызбайсыңдар, өздерің күзде, қыста рақатын көресіңдер» деп айтсақ, неше түрлі сылтаулар айтып жатады. Осындайды көріп, «қазіргі жастар қайда бара жатыр?» деп ойланасың. Дайын жерлерін өз мақсаттарына пайдаланса, ауылда өз үйлерінің іргесіндегі жерлерін тиімді пайдаланып отырса, содан да пайда түсіріп, күн көре алады.
Қазіргі таңда адамдардың бойында масылдық, жалқаулық, еріншектік деген қасиеттер басым. «Мемлекет береді, мен таза жерде жақсы айлық жалақы алып отырамын» деген пікір бар. Бірақ бұлай үйде жата беруге болмайды. Керісінше, кішкентай ғана нәрседен үлкен дүниеге қол жеткізуге болатынын ойлау керек, – дейді отанасы Зылиха Иманқұлова.
Үйдегі шаруаның барлығын қазіргі таңда ұлы Асқат Иманқұлов атқарады. Ол таңның атысы, күннің батысы демей, ерте көктемнен жер жыртып, әкесі екеуі сол жерге керек көкөністерді отырғызып, соны жазымен суарып баптайды. Қара күзде оны отбасымен шашпай-төкпей жинап, қысқы азық дайындайды.
Үй іргесіндегі жерлерінен бөлек, олар жылқы мен қой асырайды. Бие сауып, қымыз сатады.
Өз маңдай терлерімен жұмыс жасап, ешкімнен ештеңе сұрамай, бала-шағаларын бағып отырған еңбекқор отбасылардың қатарында Мадина Аманбаеваның да жанұясы бар.
Мадина Аманбаева отбасымен 2000 жылы Өзбекстан Республикасынан атажұртқа қоныс аударған. Осында келіп әр жұмыстың көзін қарастырып, соңында егінмен айналысуды ұйғарады. Өйткені өз есіктерінің алдындағы жерден де пайда көруге болатынын түсінді.
– «Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады, еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші, әр адам еңбекқор болу керек. Кәрі адам да, бала да еңбектену керек. Болашағында олар өз еңбегінің ақысына өмір сүреді. Міне, еңбекпен тапқан адал нан осы екен.
Біз осы жаққа қоныс аударғанда, бұл жақтың тұрғындары өз үйлерінің алдындағы жерлерді пайдаланбай, көп көршілеріміздің жерлері бос жататын. Сол кезде «неге дайын жерді пайдаланбайды?» деп ойлайтынбыз.
Өзімнің есігімнің алдындағы жер он сотық. Ол жерге мен ерте көктемде наурыз айында жылыжай соғып, ішіне қызанақтың үш-төрт түрін, тәтті бұрыш, ащы бұрыш, баялдының тұқымдарын себеміз. Екі ай оны күтіп-баптап, арам шөбін жұлып, тазалаймыз. Күн жақсы жылынғанда, жылыжайдың бетіне жабылған арнайы материалды ашып отырамыз. Ол жылыжайды жолдасым, балаларымызбен бірге жабылып қараймыз. Айтуға оңай болғанымен, оның жұмысының өзі қиын. Мамыр айының жиырмасына қарай дайын болған көшеттерді сатуға шығарамыз. Әр көшетті әртүрлі бағада сатамыз. Жылыжайдан шыққан көшеттерді аудан орталығына барып сатамыз. Ауданның көп тұрғындары бізді жақсы таниды. Алдын ала тапсырыс беріп отырады. Бұл да болса бала-шағамның несібесі. Жылыжайдың орнына біз қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, асқабақ, баялды отырғызамыз, – дейді Мадина Әбдірайымқызы.
Мадина Аманбаеваның жолдасы Нұрқожа Аманбаев – ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Бірақ мен осындай жанмын деп үйде қарап жатқан жоқ. Үйлеріне жақын жерден бір гектар жерді жалға алып, ол жерге сәбіз бен қырыққабат отырғызған. Сол жерге жаз бойы сол өнім дайын болғанша жолдасы қарайды екен.
Бау-бақшадан бөлек, бұл отбасы бір сиыр асырайды. Сол сиырдың сүтінен қаймақ, ірімшік жасап сатады. Қазіргі таңда он екі мүшесі сау адам бұлай барып тірлік істегісі келмейді. Ол кісі болса құр жатқанша бала-шағама бірдеңе болсын деп жүр.
– Бау-бақшадағы көкөністер дайын болғанда, керегін ауыл тұрғындарына саудалаймын. Мысалы, жылда менен ауыл, ауданнан келіп қияр сатып алады. Жылда қиярларымды сатып алатын тұрақты тұтынушыларым бар. Олар алдын ала тапсырыс беріп қояды. Мен соған қарай қиярды теріп, дайындап қоямын. Бау-бақшада піскен көкөністерден ақысына банкі жауып беремін. Содан түскен қаражатқа балаларыма керекті құрал-жабдықтарды алып отырамын. Қазіргі таңда жастар ауыр жұмыс істегісі келмейді. Олар жеңіл жұмыс істесем, мол табысқа кенелсем деп армандайды. Жас кезде тірлік істеп, еңбектің көзін тапса, ол болашақтарына азық болмай ма?! – дейді Мадина Аманбаева.
Кей жастар масылдыққа бой үйрете бастағанымен, еңбектен қашпайтын, жалқаулықты жеңген жандар арамызда емес. Бұл тізімді Керімбек Саяқовпен де жалғастыруға болады. Ол 1992 жылдан бастап «Бірлік» шаруа қожалығының жұмысын қолға алып, өз ісін шаруасы шалқыған іргелі жерге айналдырып отыр.
Керімбек Саяқов Қайрат ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келіп, ұлттық тәрбиемен сусындаған. Әкесі Қартаңбай мен анасы Райкүл Саяқовтар колхозда ел қатарлы еңбек етіп, абыройлы зейнет демалысына шыққан. «Әке көрген оқ жонар» демекші, қарапайым ғана еңбек адамдарынан бала Керімбек адал тіршіліктің үлгі-өнесін алып өскен.
Туған ауылындағы Мыңбұлақ орта мектебін бітірген соң, Тараз технологиялық институтына инженер, химик-технолог мамандығына оқуға түседі. Екінші курс оқып жүрген сәтінде әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Челябинскі қаласында екі жыл Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеп келеді. Әскер қатарында жүріп, әскери өмірге машықтанумен қатар, сол уақыттағы бағдарламаға сәйкес қосымша екі мамандықты игереді. Аман-есен елге оралып, оқуын қайта жалғап, тиісті маман иесі атанады.
– Біздің буын жоғары оқу орнын бітірген соң, елімізде аумалы-төкпелі заман орнап жатты. Алғашқы тәуелсіздік алған жылдар. Сол тұста елімізде үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. Сонда елімізде халыққа жер бөліп алып, өз алдарына шаруа қожалық ашуға болатындығы жайлы жарлық шығарылды. Мұны естіген соң тәуекелге бел буып, осы іске кірісуге шешім қабылдадым. «Бірлік» шаруа қожалығын құрып, мемлекеттік жер қорынан 74 гектар жер алдым. Маған Ақсайдың тастақты жері бұйырды. Тәжірибеміз жоқ. Агрономдық құрылымды жақсы білмейміз. Техниканың да тілін жетік меңгермегенбіз. Істі неден бастарымызды білмедік. Бір сөзбен айтқанда, тастақ жерге егін егіп, одан өнім алу үшін қажырлы еңбек қажет болды.
Сондағы егістік жердегі тастарды қолмен жинап, тазалап шыққаным әлі есімде. Егістікке ерінбей жаяу барып, табанды тоздырған едік. Содан болар, қиыншылықпен, еңбекпен келген табыс әрдайым жемісті болатынын жақсы білемін.
Алғашында егістікке бидай, арпа, мақсары себілді. Кейіннен сыпырғы да егіп көрдік. Техниканың тілін білмей, тастақ жерде жүреміз деп оны талай сындырып алған кезіміз болды. 10-15 жылдай осындай жерге дән сеуіп, өнім алып, шаруамды жүргіздім. Уақыт өте келе, егін шаруашылығының қыр-сырын жақсылап үйреніп, жұмысымыз алға өрлей бастады, – дейді Керімбек Қартаңбайұлы.
Шаруа азамат қазіргі жетістігіне оңай жолмен жеткен жоқ. Бір құлап барып, аяғынан қайта тұрды. Алғашқы сегіз жылдың еңбегі зая кетсе де берілмей, қайта еңбектенуге талпынды. Нәтижесінде бүгінде шаруа қожалықтың жер көлемі артқан. Шаруа Ақсай, Мыңбұлақ, Қарасаз, Шақпақ ауылдық округтерінде егістікке дән сеуіп, жыл сайын мол өнім жинап алады. Сонымен қатар иелігінде төрт «МТЗ» маркалы тракторы, бір комбайн, екі шынжыр табанды трактор, «КамАЗ», «Газ-53» және одан басқа қосалқы ауыл шаруашылығы тіркемелерінің барлығы жеткілікті. Одан бөлек, ол шаруашылықта жергілікті үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
Биыл көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындық жасап, 60 гектарға мақсары, 60 гектарға арпа, 20 гектарға жоңышқа, бес гектарға картоп егіп, үш гектарға қырыққабат отырғызып, мол өнім алды. Егінмен бірге, яғни бидай, арпа, сұлы, кәріқыз секілді арамшөптерге қарсы гербицит шашылуда.
Оның үйінің ауласында бірнеше техника қаз-қатар тізіліп тұр. Ішінде лизинг жүйесімен алынған жаңа трактор да бар. Техникаларын дала жұмыстарына дайындау осы жерде жүргізіледі. Өзі де техниканың тілін жақсы меңгерген. Біреуді жалдап, техниканы жөндетуді білмейді. Қожалықтағы механизатормен бірге өзі егістікке техникасын сақадай-сай шығарады. Әрі оның ұқыптылығы мен тазалығын да техника бөлшектерінің қаз-қатар тізіліп, жиналып тұрғанынан байқауға болады. Бәрі өз орнында, жинақы күйде.
– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, адам өзі үшін еңбек ете білуі керек. Мен осы салада қызмет ете жүріп, «жұмыс істесең де, жұмыс істемесең де, бәрі өзің үшін» деген сөзді әрдайым есімнен шығарған емеспін. Яғни қол қусырып, маған біреу жақсысын, мол табысын береді деп қарап отыруға болмайды. Мен бір сәт тыным тауып отыра алмаймын. Бар болмысым – осы. Даладағы жұмысымды бітіріп, ертеңгі күнге қалдырмауды ойлаймын.
Қожалықта талай жастар жұмыс істеді. Оларға әрдайым білгенімді үйретіп, кеңесімді айттым. Жігіт деген сегіз қырлы, бір сырлы болуы қажет. Оған бір өнерді, болмаса бір ғана мамандықты игеру аздық етеді. Біраз жастарды тәрбиеледім деп ойлаймын. Олармен егістіктегі атқарылатын жұмыстарды бірге атқардық. Жер жыртып, тегістеп, оның ерекшелігіне қарай егін ектік.
Әрдайым алдымнан әжемнің «Біреудің еңбекақысын жеме, біреуді алдап кетпе, еңбек ет, ерінбе» деген сөздері жиі шығады. Бала күнімнен асыл әжемнің осындай тәрбиелік сөздерімен өскендіктен, адал еңбек етуді, біреуге қарап отырмауды өмірлік ұстаным ретінде ұстанып келемін. Әсіресе «біреудің еңбекақысын жеме» дегені есімнен шықпайды. Сонымен қатар өмірден түйгенім, еңбекпен тапқан нан тәтті, тек қана адал еңбек қана бақытқа жеткізеді, – дейді Керімбек Қартаңбайұлы.
Ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың бір жауы – әлеуметтік масылдық. Жаппай масылдыққа бет бұрған ел – жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болады. Сол үшін халықты балабақшадан, орта білім ордасы қабырғасынан бастап, адал еңбекке баулу, масылдықтан жиренту қажет екендігі уақыт өткен сайын аңғарылып келеді. Әрине, еңбек етпей, елден көмек күтетіндер көбейіп кеткені жасырын емес. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде Қазақстандағы жұмыссыздар саны 443,2 мың адамды, ал жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған.
Кейінгі кезде мемлекет тарапынан бөлінген түрлі көмектерді сіңіріп кеткісі келетіндер де аз болмай отыр. Осыған байланысты масылдық пен мұқтаждықты ажырату туралы да пікірлер жиі айтыла бастады.
Мемлекет басшысы да бұған қатысты бір сөзінде: «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен солардың өздеріне жұмсау қажет. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. «Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер – мемлекеттің тірегі» деп көмекті тек мемлекеттен ғана күтпей, жеке кәсіп арқылы табыс табудың жолын табуға болады», – деген болатын. Иә, шын мәнінде, масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екені айқын.
Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған жат қылықтар жылдар бойы санада қалыптасып қойған. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі болуда.
Адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Талмай еңбек ететін қоғамға рухани кемелдену қажет.
Өкінішке орай, жастар арасында «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам, бәрі бірден бола қалса» деген түрлі ойлар қалыптасуда. Осы психологиядан арылу қажет-ақ. Қазіргі кезде «Үкімет маған не береді?» деп қол жаймай, керісінше, «Еліме мен не бере аламын?» деген ойды санаға енгізу адамның адал еңбек етуіне жол ашар еді.
Масылдық жөнінде ұлы Абай да үшінші қара сөзінде былай деп келтіреді:
«Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».
Қазір әрбір жұмыс істеймін, таңдаған кәсіп түрі бойынша шағын кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге барлық мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті толығымен пайдаланып отырған жоғарыда біз атаған кейіпкерлер кімге болса да үлгі. Олар тек отбасын ғана асырап қоймай, осы әрекеті арқылы жастардың санасын оятып, алға жетелейтін жігер сыйлауда. Сондықтан дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын аламыз десек, масылдық психологиядан арылғанымыз абзал. Өйткені жаңа һәм әділетті Қазақстанның іргетасын жаңашыл, еңбекқор жандар қалауы тиіс.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.