Қалалық қоғамдық-саяси газет

Маслоу пирамидасы және қазақтар

"Like-қа лайық"

0 894

Тимур БЕКТҰР,
IT сарапшы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Жақында қазақстандық «Forbes» журналына біздің бір байдың бірнеше миллион америкалық доллармен бағаланатын бизнесі туралы мақала шықты.
Осы жерде бірден айта кетейінші. Иә, қай бай ақшасын қалай жұмсайды, өзі біледі. Бала-шағасын көрмей, қырсыққан шенеуніктермен тіресіп жүріп, әркіммен бір келіссөз жүргізіп, тірнектеп пайда табу – оңай шаруа емес. Сондықтан, байдың бай болуға қақы бар және тапқан байлығын қалай жұмсайды, оны да өзі біледі.
Менің айтпағым, бұл өте жоғары деңгейден қарағандағы біздің қоғамның көрінісі іспетті.
Маслоу пирамидасы деген бар. Соның ең төменгі қабаты адамдардың ішіп-жеуімен, үйі-көлігі болуымен өлшенеді. Халықты ойлау, қоғамның дамуын ойлау, мемлекет, елдің қамы дегендер – пирамиданың ұшар басында.
Осы жердегі қызық мынада:
1) Біздің қоғам да қазір пирамиданың төменгі сатысында. «Ішсем, жесем, кисем» деген. Қаптап кеткен кофехана, ресторан, қоғамдық тамақтану орындары – соның айқын көрінісі. Бей-берекет ішкен-жеген, ақшасын бей-берекет сауған қоғамда 2 проблема болады.
а) Аурушаң болады. Оған қаптаған дәріхана дәлел.
ә) Ақшасыз болады. Оған халықтың кредитке отырғаны, несие беруші микроұйымдар дәлел.
2) Қоғам пирамиданың төменгі сатысында болғандықтан, ақша да сол жақта. Бизнес ашқың келе ме? Ендеше, халық сұрап отырған кафе, кофехана, дәріхана, тіс дәрігері, көлік жуу, мейрамхана сал. Бүгін ақшаңды құясың. Ертең-ақ еселеп байисың.
Қоғам түсінбейтін жоғары технологиялық дүниелерге инвестор болу, ұзақ-мерзімді, ақшасы қайта ма, қайтпай ма, белгісіз, алайда стратегиялық дұрыс жобаларға ақша салу – ондайларға «Forbes»-тағы біздің қалталылар әзірге аяқ баса алмай тұр.
Әңгіменің барлығы «Forbes» журналына шыққан әлгі бай жігіттен шықты ғой. «Бірнеше миллиондаған АҚШ долларын құйып не ашты екен?» деп оқысам… Америкада ең кең таралған «PopEye» деп аталатын қуырылған тауық сататын бизнестің Қазақстандағы франшизасын ашыпты.
Әлемде дрон арқылы соғыстың жаңа түрі пайда болды. Сол үшін Қытайдан, Израйлдан дронның жүздеген түрін сатып алып, соны зерттеп, нәтижесінде қазақстандық әскери дрон жасау ше? Жоқ, атама.
Әлемде жасанды интеллект дамып жатыр. Оған инфрақұрылым керек. NVIDIA график карталары керек. Соны сатып алып, заманауи дата-орталық құру ше? Жоқ, атама.
Әлемде сырқаттар мен ауруларды емдеудің жаңа тәсілдері, құрылғылары шығып жатыр. Соларды бізде де жасау мен ашудың жолында инвестиция жасау ше? Жоқ, атама.
Біздің қара халқымызға да, біздің байларымызға да тек фастфуд керек. Басқа ештеңе емес…
Сосын келіп «Бізде неге анадай бағдарлама жоқ, мынадай бағдарлама жоқ?» дейміз. Барлығымыздың ойлағанымыз қарынның ғана қамы болса, ондай бағдарлама қайдан болады?..

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.