Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құмар ойыннан келер қауіп көп

0 960

Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тапсырысы аясында, «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қорғаныс министрлігінің оңтүстік өңірлік қолбасшылығының 85395 әскери бөлімінде кездесу өтті.

Шара құмар ойынға тәуелділік (лудомания) пен суицидтің алдын алу мақсатында өтіп, әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаздардың санасына ой салып, өмірге деген жауапкершілігін арттыруды көздеді.
Жиынға 100-ге жуық жас сарбаз қатысып, тағылымды әңгімелерге құлақ түрді. Басқосуға арнайы шақырылған М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Әлеуметтік психология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Шолпан Турдалиева мен Дін және жастарға қызмет көрсету секторының маманы Зұлқарнаин Зүнінқожа жастарға жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Олар құмар ойынға әуестенудің психологиялық себептері мен салдарын ашып көрсетіп, суицидтің алдын алу жолдарын айқындап, әрбір жас өз өмірінің құндылығын сезінуі қажеттігін ерекше атап өтті.
Мазмұнды әңгіме барысында сарбаздар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, білікті мамандардан тұшымды жауап алды. Кездесу соңында қатысушылар зиянды әдеттен арылудың, рухани және моральдық тұрғыда шыңдалудың маңызын терең түсініп тарқасты.
Бұл шара ел ертеңі саналатын жастардың дұрыс бағытта қалыптасуына, олардың бойында жауапкершілік пен өмірге деген құштарлықты арттыруға жасалған маңызды қадам болды.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.