Қалалық қоғамдық-саяси газет

Марқұмдардың рухына құран бағышталды

0 613

Еліміз бойынша жарияланған Аза тұту күнінде ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған имамдар республика бойынша барлық мешіттерде Құран түсірді.

Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде де еліміздегі бүліктің салдарынан қаза тапқандардың рухына арнап құран бағышталды. Санитарлық талаптарға сай өткен шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиев және мешіттің наиб имамдары қатысты.
Таңсәріден бері түсірілген Құранның сауабы баршаға бағышталып, шейіт болғандардың ерлігі көпке үлгі екендігі сөз етілді. Жиналған жамағат бейбіт елде бұдан кейін мұндай бүліктің болмауын нәсіп етсін деп дұға қылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Осыған байланысты ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес, өңірдегі 330-ға жуық мешітте таң намазынан бастап Құран хатым түсірілді. Бүліктің салдарынан арандап қалып ажал құшқан азаматтардың, сондай-ақ антына адал болып, оққа ұшқан сарбаздардың рухына арнап түсірілген Құран хатым бесін намазы уақытында толығымен аяқталды. Жаратқан Иеміз жар болып, осындай қиын сәтте халқымызға сабыр берсін. Аза тұту күндерінде ғана түсірілген көк Туымыз биікте желбірей берсін. Ел қорғайтын ерлеріміз аман болсын, – деді «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Төлегенұлы.

Зере Қуаныш

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.