Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мамыр» бауында көрікті аллеялар бой көтермек

0 334

Соңғы уақытта Тараз тұрғындары «Мамыр» бауын ретке келтіріп, оны ел игілігіне беру мәселесін жиі көтеріп келеді. Аймақ басшысы жұртшылықтың бұл арыз-шағымына дер кезінде назар аударып, қала ішін жұмыс барысымен кезекті мәрте аралау кезінде осы бауға да барып, онда іске асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен танысты.

Мамандардың айтуынша, ғасырдан астам тарихы бар «Мамыр» саябағына соңғы рет жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген екен. Одан бері тоғайға айналып, тозығы жете бастаған бұл орын енді мектеп оқушылары мен студенттердің сүйікті орнына айналмақ. Жақын күндері «Таразға тарту» жобасы аясында көне саябақ көркімен көз суарып, ажары артатын болды. Қазіргі таңда игі жобаның аясында облыс әкімдігінің білім басқармасы мен өңірдегі жоғары оқу орындары бірлесіп, «Білім» аллеясының құрылысын жүргізіп жатқан орынға облыс басшысы арнайы ат басын бұрып, жұмыс барысымен жан-жақты танысып шықты. Жалпы аумағы 20 гектарды алып жатқан саябақ аумағында енді «Білім» мен «Журналистер» аллеясы ашылып, сонымен қатар иппотерапия алаңы салынып, спорт алаңшасы қалпына келтірілетін болды.

– Ағымдағы жылдың маусым айында біз осы саябақта облыс әкімі мен дарынды балалардың кездесуін өткізген болатынбыз. Сол кезде балалардың, оқушылардың, жалпы түлектер үшін де жүздесулер мен іс-шаралар ұйымдастыруға қолайлы деп осы жерді ұнаттық. Бірақ саябақтың бастапқы кездегі жағдайы көңіл көншітпеді. Дегенмен басқарма және екі жоғары оқу орнымен бірлесе жобаны бастап кеттік. Қазір сапалы брусчаткаларын төсеп аяқтап қалдық. Аллеяның алдын қалыпқа келтірдік. Енді амфитеатрды жаңа үлгіде жасаймыз. Оның отыратын ескі орындықтарын түгел алып тастадық. Оларды да жаңартамыз. Сонымен қатар аллеяның аумағын абаттандырып, қураған ағаштардан, қоқыстан тазартып, жаңадан субұрқақтар орнатамыз. Дизайнерлермен бірлесіп эскизін де өзіміз жасап шықтық. Қазіргі таңда жұмыстың 30 пайыздан астамын аяқтадық. Жұмысты мердігерлер емес, ұсталар демеушілік есебінде «Таразға тарту» жобасы аясында атқарып жатыр. Тараздан шыққан түлектер де атсалысуда. «Білім» аллеясы деген жазуы бар заманауи үлгідегі арка орнатылып, кітаптың тас мүсіні бой көтереді. Алдағы уақытта мәдени, спорттық және өнер сайыстарына қатысты іс-шаралар ұйымдастырылатын орынға айналады, – деді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов.
Мұндағы амфитеатрды бір уақытта 100-150 көрермен тамашалай алады. Ал орындықтары мен безендірілуі оқу құралдары үлгісінде жасалмақ. Жұмыс барысымен танысып шыққан облыс басшысы іске колледждерді де жұмылдырудың қажеттілігін атап өтті. Ал қала әкімі Ержан Жылқыбаев облыс басшысына жобалардың эскиздік үлгілерін көрсетіп, мұндағы қажетті коммуникацияның қашан және қай тұстан жүргізілетінін айтып берді.

– Кіреберісте арка болады. Қазір ол Төле би көшесіне орнатылған. Мұндағы барлық жұмыс аяқталған соң, ол осында қайта қойылады. Аллеяның күтіміне оқу орындарының өкілдерінен бекітілетін кезекшілер жауапты болмақ және мұндағы тазалық пен тәртіпке қарап, аумаққа қажетті қызмет көрсетеді, – деді ол.
Бердібек Сапарбаев керемет жобаны жүзеге асырып жатқан бастамашыл топқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ мұндай кешенді салумен қатар, оны ұқыпты ұстаудың, сақтаудың да маңыздылығын атап өтті. Ал «Білім» аллеясының қасында алдағы уақытта «Журналистер» аллеясы бой көтермек. Сонымен қатар облыс басшысы «Асар» оңалту-сауықтыру кешені мен оның аумағындағы иппотерапия алаңының құрылысымен де танысып шықты.
Облыс басшысы баудың ішін толық аралап шыққан соң қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа және «Жасыл ел-Тараз» ЖШС басшыларына еріктілерді тартып, саябақ аумағында сенбіліктер ұйымдастыруды, жарықтандыруды, саябақтың ішіндегі негізгі жолды асфальттандыру мәселесін зерделеуді және саябақ аумағындағы спорт алаңшасын ертерек қалыпқа келтіруді, қазіргі бар инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруді тапсырды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.