Қалалық қоғамдық-саяси газет

Майдангерлерге мәңгілік қарыздармыз!

0 1  135

Құрметті тараздықтар, майдангерлер мен тыл еңбеккерлері!

Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 77 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Қатар келген қос мереке отаншылдық пен патриотизмнің, ерлік пен елдіктің, қаһармандық пен бірліктің біртұтас ұғымына айналды. Әрбір тәуелсіз елдің ең басты мақсаты – мемлекет тұтастығын сақтау, Отан тыныштығын қорғау. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары шекарамыз шегенделіп, Қарулы Күштеріміз нығая түсті. Егемендіктің тірегі – тегеурінді әскер десек, бүгінгі таңда еліміздің айбынды армиясы қазақтың сайын даласын кірпік қақпай күзетуде. Осылайша әскеріміз тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны ретінде жауынгерлік шеберлік пен асқақ рухтың озық үлгісін көрсетіп келеді. Әрине, бұл кең-байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған батыр бабаларымыз бен соғыс ардагерлерінің өшпес ерлігінен бастау алады. Тарихтың бетінен өшпестей орын алған бұл жеңіс – біздің аталарымыздың, әкелеріміздің, ағаларымыз бен әпкелеріміздің жанымен, қанымен, ерлік рухымен келген ең қастерлі, ең қымбат құндылық. Өйткені сұрапыл қан майдан қасірет әкелмеген, қайғы шектірмеген бірде-бір шаңырақ жоқ. Қаншама боздақты жер жастандырған, қаншама ошақтың отын сөндірген қаралы күндерде біздің жарқын, бейбіт болашағымыз үшін майдангерлер арын – байрақ, намысын найза етіп, қаһармандық пен жанқиярлықтың өшпес үлгісін көрсетті. Олар жауға қарсы оқ болып атылды, от болып жанды. Жеңісті жақындатып, қаншама жауынгер майдан даласында мерт болды.
Ал алапат соғыстан елге аман оралған ардагерлер бейбіт өмірде де өскелең ұрпаққа ерлік пен еңбектің өнегелі өрісін танытып, адал қызмет етті. Солардың қатары бүгінде сиреді. Бірақ оларға деген құрмет пен тағзым ешқашан аласармақ емес. Қайта жыл өткен сайын санамызда жаңғыра береді. Ел шебін қорғап тұрған жауынгерлеріміз, бүгінгі өскелең ұрпақ әрдайым ардагерлер танытқан қайсарлық пен қаһармандықты, ержүректілік пен елді сүйе білуді үлгі етіп, бойларына сіңіруде. Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық.

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды айтулы қос мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық, жұртымыз аман болсын! Тәуелсіз еліміздің көк байрағы тек биікте желбірей берсін!

Ержан Жылқыбаев,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.