Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Тараз қаласы, №56 орта мектеп жанынан ашылған шағын орталықта тағылымға толы іс- шаралар өтуде. Айталық, ертеңгіліктер ұйымдастырылып, балалар асфальтқа сұрапыл соғысты бейнелейтін суреттер салуда.
Сонымен қатар «Қарлығаш» ересек тобының тәрбиеленушілері «Жеңіс» саябағына барып, сондағы ескерткіштер туралы мағлұматтар алды. Сондай-ақ ортаңғы «Балдырған» тобының бүлдіршіндері соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, олардың өнегелі өмірімен танысып қайтты. Солардың бірі – Қасымбай Айдарбеков.
Қасымбай Айдарбекұлы 1922 жылы Түлкібас ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Жамбыл есеп санақ техникумын бітірген соң 1942 жылы 20 жасында ақпан айында майданға аттанған. Майданда Беломорск, Прибалтика 73-ші қызыл әскер полкінде 4 ай болып, содан кейін Жапонияда 53-ші Қызыл Армия құрамында шекара шайқасына қатысты. 11 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Жеңістің 20,30,40,50 жылдығы», «Қарулы Күштерге – 60,70 жыл », «Маршал Жуков » медальдарымен марапатталған.
Соғысты Жапонияда аяқтап, 1949 жылы қаңтар айында елге оралды. 1950 жылы Түлкібас ауданы Азаттық ауылында селолық кеңесте хатшы болып қызмет атқарды. 1952 жылы «Жамбыл ауданының Құмшағал ауылына қоныс аударып, темір жолда еңбек етті. Кейін сондағы тас зауытына ауысып, сұрыптаушы, машинист болып жұмыс істеді. 1982 жылы 12 ақпанда осы жерден зейнетке шықты. «Еңбек ардагері» медалінің иегері.
Өмірінің соңына дейін Құмшағал ауылдық советінде ақсақалдар алқасының төрағасы болды. Бір ұл, үш қызынан 9 немере, 11 шөбере, 5 шөпшек сүйіп, 88 жасында өмірден озды. Қасымбай атамыз секілді ел басына күн туғанда Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Мая Азимбаева,
№56 орта мектебі жанындағы шағын орталық әдіскері.
Тараз қаласы