Қалалық қоғамдық-саяси газет

Майдангер ұстаз ұлағаты

0 276

Бекболатов Әуесбек ата – кешегі күнге дейін өткеннің өнегесін шежіре етіп таратып, тағылымдық-тәлімдік әңгімелерімен айналасына таным сабақтарын беріп келген ардагер ұстаз һәм жеңіс сарбазы.

Толғанай АТАБАЙ Суретті түсірген Ю.Ким

Ол – талай қиыншылықтарды бастан өткерген, өз заманының өткелдерінен мойымай өткен рухы биік жан. Ардагер 1924 жылы Мойынқұм ауданы, бұрынғы «Қоқи» колхозы, қазіргі Қарабөгет ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келген ол небәрі 7 жасында әкесінен айырылды. «Әкем Бекболат 4 ағайынды болатын. Алайда ашаршылықтың ауыр зардабынан әкем және Шөжен, Жүніс атты екі бауыры өмірден қайтты», – деп күрсіне еске алды ақсақал. Сол жылдары анасы Ылайым да колхозда еңбек ететін. Әуесбек ақсақал көбінесе әкесінің жалғыз бауыры Тоқболат қарияның тәрбиесін көріп өскен. Зұлматты жылдардың залалы колхоз балаларына тимесін деген басшылықтың ықпалымен Әуесбек атай 4 жыл балалар үйінде тәрбиеленеді. Одан кейін өзі туған өлкедегі 7 жылдық мектепті үздікке бітіреді. 1942 жылдың 15 қазанында небәрі жеті сыныпты бітірген бозбала аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен мектеп мұғалімі қызметіне тағайындалады. Дегенмен қарт сарбаз сол тұстағы барлық ауыл балалары сияқты бұғанасы қатпай жатып, қиындықты көп көрдi. Бiрақ мойымады, төзiмдi болды. Алайда соғыс жалыны шарпыған жылдары әскер қатарына жарамды азамат майданға алынды. Солардың сапында Әуесбек қария да бар еді. 1943 жылы ақпан айында әскер қатарына шақырылып, Омбы қаласында кіші командирлер даярлайтын жаяу әскер полкінде болды. Екінші Беларусь майданына қарасты 3-ші гвардиялық танк бригадасының экипажында командир қызметін атқарған.

1945 жылы Берлин түбіндегі шайқаста танкіге оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Содан бір жылға жуық госпитальде ем алып, 1946 жылы соғыс мүгедегі болып елге оралады. Ұрыс даласындағы жанқиярлық еңбегі үшін сарбаз «Қызыл жұлдыз», І , ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков» секілді бірқатар мерейтойлық медальдермен марапатталған.

– 1945 жылы 22 сәуірден бастап Берлин бағытындағы тіке шабуылға қатысқан. Төрт күннен соң аяқ-қолынан ауыр жараланып, келесі жылдың басында балдаққа сүйеніп елге қайтқан. Аяғынан алған жарақаттың салдарынан кейін де бірнеше мәрте ота жасатты. Сол дертімен күресіп жүріп, талай білім ошақтарында басшылық қызмет атқарды. Ел мен жер үшін атқарған еңбегі ешқашан ескерусіз қалған емес, – дейді кенже ұлы Серікхан.

Елге келгеннен кейін Жамбылдағы педагогикалық училищеде 3 жыл оқып, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтты 1955 жылы бітіреді. Өмiрге, өнерге, бiлiмге құштар жан 1946-1992 жылдар аралығында Мойынқұм ауданының мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет атқарған. Адамзат баласын бiлiм нәрiмен сусындатып, бала тәрбиелеу ісінде талай тер төккен Әуесбек ата «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ССРО халық ағарту ісінің қызметкері» атақтарын алған. Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз 95 жаста. Қос ғасырдың куәсі Әуесбек ақсақал жары Қаратай әже екеуі бес ұл, бес қыз тәрбиелеп, қанаттандырды. Балаларының барлығы – жоғары оқу орнын бiтiрген, әр саланың майталмандары. Бүгiнде Бекболатовтар әулетiнен тараған ұрпақтары – өмiрден өз орындарын тауып, ауызбiрлiгi жарасқан, тамырын тереңге жайған үлгiлi отбасылар. Солардан өрген 30 немере, 22 шөбере жинала қалса, қуаныштан көңiлi шалқып, шаңырағы шаттыққа бөленедi. Ұстаздық еткен ардагердің жолын ұл-қыздары Есенкүл, Серікхан, Нұрсұлу жалғап келеді. Бейбіт күннің таңына куә болған батыр бүгінгі өміріне шүкірлік етеді. Әкелік ақ тілегін айтып, батасын берген қария ұрпағының амандығын тілейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.