Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнерлі жігіт өрге озар

0 468

Ақындық деген бекзат өнер – қазақтың қанында бар қасиет. Сондықтан да дана халқымыз «Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» дейді. Дәл осындай құдіретті поэзия жолына бала шақтан қадам басып, болашаққа бет алған қарымды ақындардың қатарынан көрініп жүрген жерлесіміз – Мадияр Акпенов.

1996 жылы қаңтардың 15-ші жұлдызы Бекберген отбасы үшін шаттыққа толы қуанышты күн еді. Себебі қыс ортасын көктем еткендей ағамыздың шаңырағында Данияр, Мадияр есімді шекесі торсықтай егіз ұл өмірге келді. Қос құлынға «ғұмырлы болсын» айта келген жұрт шілдехана күзетіп ән салды, ақ түйенің қарны жарылып, аппақ қармен бірге ақ тілектер жауды.
Егіз лақтай ойнақтаған олар жылдардың жетегімен 2001 жылы Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектептің табалдырығын аттайды. Жұрт арасында «Адам өз туған жеріне тартады» деген сөз бар. Кейіпкеріміз Мадияр белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаров, атағы Алты Алашқа мәлім әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев, ақын Шырын Мамасерікова сынды тұлғаларды тұғырында түлеткен мерейлі Меркі ауданында дүниеге келген. Содан болар, ол мектеп қабырғасында әдебиет сабағына өте белсенді қатысып, Ахмет Байтұрсынұлы, Абай, Мұқағали өлеңдерін жаттап, шығармашылыққа қызығушылығы артып, әдебиет сабағынан берілген тапсырма бойынша 5-сыныптан бастап алғашқы өлеңдерін жаза бастайды.
Тілім барда, алынбас тұғырым бар,
Тұғыр деген шың биік ұлы ұғым бар.
Тұғырынан құлатпай мәртебесін,
Туған тілдің қадірін ұғыныңдар!
Иә, тіл туралы толғанған ақындар аз емес, ал бұл жыр жолдары бала Мадиярдың көңілінен ағып түскен мөлдір бұлақ, жүрегінен жұртына жолдаған ұран еді.
Арманының тұлпарына ер салған ол 2011 жылы мектепті үздік бітіріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, білімін жалғастырады. Студенттік ғұмырдың естен кетпес шақтар ақын жүрегінен жыр болып төгіледі.
Жазған жырым жүректің әні ме еді,
Мендегі дерт жұмбақсыз мәлім еді.
Жалғыз күннен арылар уақыт келді,
Қайда жүрсің, жанымның дәрігері?! – деп көне шаһардың саябақтарында жастықтың жалынымен нәзік лирикаларын жазды. Әрине, «Махаббатсыз дүние бос» деген – осы.
– Қазіргі күнде әдебиетіміздің алаңы рухани бай деп білемін. Кешегі аға буын өкілдерінің жолымен келе жатқан замандастарымыздың әдебиетке бетбұрысы, сол жолда атқарылып жатқан жұмыстары көз қуантады. Әлемдік әдебиетте де қазаны қайнап жатқан шығармаларымыз да баршылық, мұның өзі әдебиетіміздің арнасы толық екендігінің айқын көрінісі, – дейді ол.
Жоғары оқу орнын бітіріп, дипломын қолына алған соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін 2015 жылы әскер қатарына шақырылады. Өскемен қаласында Ұлттық Ұлан 6699 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп, туған жеріне туын тіккен ол әке жолымен 2017 жылы өзі білім алған Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектепте ұстаздық қызметін бастайды. Бүгінде ортасынан оза шапқан талапты жас мектептің аға тәлімгері, «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдарының белсенді жетекшісі.
– «Ұлт айнасы – ұстаз» демекші, ұстаздық – ұлы қызмет. Білім беру саласында болашақтың іргесін қалыптастыратын да – ұстаз. Ел ертеңіне, ұлтқа қызмет ететін, отансүйгіш болашақтың жалғасы болатын шәкірт тәрбиелеу – басты міндет. Әр баланың мінезі, қабылдауы, қабілеті, дарыны әртүрлі. Осының барлығын аша білу – бұл ұстаздың шеберлігі. Әрине, осы жолда қызығы мен қиындықтары да кездесіп жатады. Жас ұрпаққа айтарым – көп оқу, ізденіс, еңбек, төзім әр шәкіртті биік шыңға жетелейді. Сондықтан көк жәшікке телміріп, уақыт оздырмай, саналы түрде кітап оқып, қосымша ізденіс, ғылым-біліммен айналысуы – әр баланың жарқын болашағына нық қадам, – дейді М.Акпенов.
Бүгінде салмағы ауыр, қиындығы мол ұстаздық қызметтің жүгін арқалай жүріп, қаламын бір сәт қолынан тастамаған ол тыныш заманды жырына арқау етті, тәуелсіз елдің азаматы тәуелсіздік туралы:
Арайлап атқан, шуақты сұлу таң нұрым,
Көрсетті бізге толқынды тарих тағылымын.
Көгімде қыран самғаған биік шарықтап,
Бұл менің қымбат тәуелсіз еркін тағдырым, – деп толғады.
Осылай азат елді жырлаған ақын өткен жылы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік ауыл жастары» республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар «Өрлеу» ғылым-білім порталының төсбелгісінің иегері атанған. Сонымен бірге ағымдағы жылы Қарағанды қаласында өткен белгілі композитор, күйші Аққыз Ахметқызының есімін ұлықтауға арналған «Күй-ғұмыр» атты республикалық мүшәйрада Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы арнаулы жүлдені қанжығасына байлап қайтқан болатын.
Біз де ұстаздық атты ұлы жолда үдере тартып, жыр жолында қаламын құлатпаған ақынға жұлдызың жарық болсын деген тілектеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.