Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мағжан туындыларының идеялық мазмұны

0 1  139

Қазақ поэзиясында лирикалық сыршылдықтың шыңына лайық, поэмаларында суреткерлік пен ойшылдығы қат-қабат келіп жататын өлең өлкесінде өшпес мұра қалдырған ұлы ақын – Мағжан Жұмабаев. Ол 1893 жылы Қызылжар уезінің Сарыайғыр болысында дүниеге келген. Үлкен атасы Қажы атанған Жұмабай болса, өз әкесі Бекен де елге беделді, ауқатты, болыс болып ел тізгінін ұстаған жан. Биыл Алаш арысының дүние есігін ашқанына 130 жыл толып отыр.

Мағжан – өз жерін де, өз тегін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, асыл маржанға теңелген сұлу лирикалық жырларымен оқырманын еліткен халқының дара перзенті. Ол поэзиясының тіл кестесі, лирикасындағы нәзік сезім мен терең ой тоғысы ерекше ілтипатқа бөленген ақын. Ал оның поэзиясы – рухани азық алып, жан дүниеңді байытып, өмір құбылыстарына деген көзқарасыңды кеңейтіп, қоршаған ортаның қыр-сырын түсінуге көмектесетін көркем дүние.
Мағжан – сыршыл да өршіл маржан жырларының құдіреті арқылы өзінің бүкіл болмысы мен поэзиясының ерекшелігін танытып кеткен ұлы ақын. Құбылмалы өмір күйінен өз әуезін таба білген ақын қашанда тек ұлтының керегін іздеп, мұңы мен зарын жоқтауға, қуанышын көркейтуге, жаманын жасырмай, жақсысын асырмай жырлауға берік бекінген. «Мақсаты тіл ұстартып, өнер шашпақ» болған ұлы ұстазы Абайша бар мақсаты ұлтының азаттық пен бостандыққа қол жеткізуі болған. Мағжанның алғаш жарық көрген өлеңінің өзінен-ақ ақынның кейінгі ұлы мақсаттары көзге шалынды. Тұтасымен алғанда Мағжан өлеңдері қазақтың сөз өнері үшін жаңа дүние. Ақын жырларын оқи отырып, оның түйсіну, қабылдау қабілетінің айрықша мол, әрқилы екенін аңғарасың, терең эстетикалық талғамды сезінесің. Біз Мағжанды сыршыл ақын дегенімізде, көбіне оның махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына жазылған өлеңдері төңірегінде ой қозғап келеміз. Бірақ азамат ақын бұл тақырыптағы өлеңдерінде де азаматтық жүкті алға қояды. Біршама өлеңдерінде ол махаббат, сезіміне тән азығы емес, жан азығы ретінде қарайды. Ұлы күрестер жолында бойға қуат күш берер рухани азық деп біледі. Ұлы сезімнен жаны гүлденген ақын ұлты үшін күреске нық сеніммен қадам жасайды.
Мағжан поэзиясының тақырыбы әр алуан. Өзі өмір сүрген жаңа ғасыр басында Мағжан бармаған, ол жырламаған тақырып жоқ деуге болады. Ақындық өнерге енді ғана мойын бұра бастаған тұста, Мағжанның жан-дүниесін кеңейтіп, іздегені алдынан шамшырақ болып жанған бір құбылысты айтпай кету мүмкін емес. 1909 жылы қазақ оқырмандарына қазақ поэзиясының бүкіл болмыс-бітімінің бүтіндігін танытқан үш кітап арналды. Олар Абайдың «Өлеңдер жинағы», Ахметтің «Қырық мысалы», Міржақыптың «Оян қазағы» еді. Міне, осынау кітаптар ұлтын сүйген ұланның, өнерді құдірет түсінген ақынның айтар ойын, барар бағытын айқындап берді. Алдындағы толқынның асыл ойдан өрілген шығармаларына еліктей отырып, өзіндік жолын іздестіруге ұмтылды. Елінің тағдырына ортақтаса білген ақынның «Ләззат қайда», «Жазғы таң», «Зарлы сұлу», «Балалық шақ», «Қазағым» және т.б. жырларынан тұнба тұнық ойларды аңғарамыз. «Сағындым», «Сарғайдым», «Түс», «Анама», «З-ға» сияқты өлеңдері Мағжанның түрмеде жазған шығармалары. Ақын бұл өлеңдерінде темір торға қамалған жан арпалысын суреттей отырып, тілегені өлім емес ерлік екендігін дәлелдейді.
Мағжан поэзиясының сыршылдығына тән құбылысты біз оның сүйікті әйел, ыстық махаббатты жырлаған отты өлеңдерінен нақтырақ табамыз. Бұл тақырыпқа арналған өлеңдерін әйел, оған деген адал сезімді ардақ тұту, өз тұсындағы әйел затының тағдырына араша түсіп, зарына үн қосып, жырымен жұбату деп бөлуге болады. Мағжанның қазақ әйелінің теңсіздік тұрмысын көрсетіп, қасіретін жырлаған өлеңдері қатарына «Домбыра», «Зарлы сұлу», «Жәмила», «Тілегім» секілді жырларын жатқызуға болады.
Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге қанаттасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, тіпті кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттерді көз алдыңа келтіреді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдіретті шабытымен кестелеген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезіміңді қалай билеп алғанын білмей де қаласың.
Сәбит Мұқанов Мағжан Жұмабаевқа: «Әдетте Абайды философ ақын, Мағжанды лирик ақын дейміз. Абай ақылдың ақыны да, Мағжан сезімнің ақыны» деп баға берген. Табиғатынан лирик Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығында махаббат тақырыбы да айрықша орынға ие. Өкініштісі, оның поэзиясынан Кеңес тұсында датталмаған, күйе жағылмаған өлеңді табу қиын. Тіпті, махаббат лирикасына дейін сынға ұшырады. Қалай десек те, Мағжанды өз кезінде ақын ретінде танытқан да осы махаббат жайлы өлеңдері болатын.
XX ғасырдың басында әдебиет әлемінде қатар қанат қаққан ақындардан Мағжан Жұмабаевтың басты ерекшелігі – өлең өрімінің өзгеше сұлулығы мен саздылығының ерекше үйлесім табуында.
Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясының көшбасшысы ұлы Абайға еліктей отырып, өзінше жол табудан әсте жалықпай, көп ізденген жан. Әсіресе оның қазақ сөз өнеріне орнықтырған тақырыптық-идеялық және көркемдік ізденістері суреткердің әдебиет тарихындағы маңызын ғана айқындап қоймай, ұлттың көркемдік ойлау жүйесінің үлкен сатыға көтерілгенін паш етеді.

Сандуғаш Бештаева,
Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.