Қалалық қоғамдық-саяси газет

Маңызды мәселелер ескерусіз қалмайды

0 212

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте аумақтық округтерде коммуналдық және санитарлық тазалық бойынша анықталған кемшіліктер қаралды. Сондай-ақ қазына қаржысының игерілуі, тұрғын үй, жол құрылысы, жұмыссыздық пен қаңғыбас иттермен күрес сынды түйткілдер де талқыға түсті.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөз алған қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев есепті кезеңде 11 аумақтық округтен 37 мәселе ұсынылғанын баян етті.
– Көтерілген мәселелердің 16-сы орындалды. Қалған 19-ы орындалу үстінде. Екі мәселені шешуге мүмкіндік жоқ. Атап айтсақ, «Ұлы дала» шағынауданындағы бірқатар тұрғын үйге балалар ойын алаңшасын салып беруге биылға қаражат қарастырылмаған. Сондай-ақ Ш.Уәлиханов көшесінің 4-бұрылысы мен Өтеген батыр көшесіне ағымдағы жөндеу жүргізуге биыл мүмкіндік болмай тұр, – деген бөлім басшысы орындалған және орындалу барысындағы өзге де нысандарға тоқталып өтті.
Өз кезегінде Бақытжан Әмірбекұлы барлық нысан бойынша тағы да зерделеу жұмыстарын жүргізіп, кезек күттірген мәселелерді келер жылдың бюджетіне енгізуді тапсырды.
Жиында бюджет қаржысын тиімді игеру, қаңғыбас иттермен күресті күшейту, тұрғын үй, жол құрылысына айрықша мән беру, сондай-ақ көпқабатты үйлерге жылу беру мәселелері де қаралып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.