Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мақсатымыз – әділдік, парасаттылықты дәріптеу»

0 352

Қасымхан Төлендиев,
«АнтиКорр» облыстық ақпараттық, ағарту-насихаттау штабының жетекшісі:

Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болғалы қашан. Бұл орайда атқарылып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындауының бір көрінісі – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің жанынан «АнтиКорр» ақпараттық, ағарту-насихаттау штабының құрылуы болды. Штабтың жұмысымен танысу мақсатында штаб жетекшісі, «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиевпен әңгімелескен едік.

– Қасымхан Естемесұлы, әңгімемізді орталықтың ашылуынан бастасақ. «АнтиКоррдың» жұмыс бағыты мен мақсат-міндеттері қандай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының маңызды басымдығының бірі – сыбайлас жемқорлықты жою. Осы орайда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың шешімімен 2019 жылдың 28 қарашасында республикалық «АнтиКорр» ақпараттық, ағарту-насихаттау штабы құрылған болатын. Оның жетекшісі болып елімізге танымал қоғам қайраткері, этнодизайнер, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада бекітілді. Штаб мүшелерінің негізгі мақсаты – облыс тұрғындары, жұртшылық арасында парасаттылық, ізгілік, адалдық пен адамгершілік, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын, сыбайлас жемқорлықты жою жолында қоғам белсенділігін арттыру. Жақында ашылған «АнтиКорр» орталығы фронт-офисінде ақпараттық, ағарту үгіт-насихат штабының мүшелеріне, қабылдауға келген азаматтарға ашық, сапалы қызмет көрсетуге, кеңес-консультация беруге ыңғайлы жағдай жасалған. Бізде барлығы ашық. Кез келген адам келіп кеңес алуға, өзін толғандырған сауалдардың жауабын алуға болады. Барлық игілік халық үшін жасалынып жатыр. Әр тұрғынның пікірі біз үшін маңызды.
– Орталықта бүгінгі таңға дейін атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз. Штабтың мүшелеріне кімдер кіреді және олар толықтырылып тұрады ма?
– Бүгінде мұндай орталық еліміздің барлық аудан, қалаларында ашылып жатыр. Штабтың құрамына республикаға белгілі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Мырзатай Жолдасбеков, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғали, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, белгілі кинорежиссёр Ермек Тұрсынов, тағы басқа тұлғалар кірген. Ал облыстық штабтың құрамына келер болсақ, қоғам белсенділері, білім, мәдениет саласының майталмандары, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мүшелікке енгізіліп, екі айдан бері жұмыс атқаруда. Атап айтар болсақ, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, облыстық «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Уәлихан Болатбек, «Асыл-Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, облыстық «Araı» жастар газетінің директор-бас редакторы Дәулет Төленді, «Білімгерлер мен жастардың «Қазақстанның болашағы үшін» Тараз бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғабиден Исатай, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының директоры Эльмира Жақсылықова, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Тұрсынбек Нұрбаев, Жамбыл облысы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Ускумбаева, ақын, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков бар. Жұмыс басталғалы бері штаб мүшелерінің қатысуымен Тараз металлургиялық зауытында, «Имсталькон» ЖШС-сінде, «ЖАНҰЯ» емханасында, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында, №2 мамандандырылған өрт сөндіру мекемесінде, ЖД-154/4 қылмыстық-атқару мекемесінде, «Парасат» колледжінде, Тараз қаласының №№45, 28, 30, 35 балабақшаларында, Ұлттық ұлан әскери бөлімінде, түзету мекемесінде, Көлік инспекциясында, Жамбыл инновациялық колледжінде, қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық колледжінде, №2, 9 емханаларда, №1 қалалық ауруханада, облыстық балалар ауруханасында және бірқатар еңбек ұжымдарымен еркін форматта кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» акциясы аясында штаб өкілдері Тараз қаласының №№3, 24, 25, 49, 53, 54 мектептерінде оқушылармен кездесулер өткізді. Бүгінгі күнге жалпы саны 34 кездесу өткізіліп, оған 3510 адам қатысты. Аталған бағыттағы жұмыс облыстың әр аудан, қалаларында жалғасын табатын болады. Штаб жұмысын бастамай тұрып, облыс бойынша 2019 жылдың сыбайлас жемқорлық ахуалын зерделеп, заң бұзушылыққа жиі жол берген салаларды ескеріп, жиналыс-кездесу кестесін жасадық. Бұл жұмыстар одан әрі де жалғасын табады.
– Жалпы қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитет қалай қалыптасуда? Біздің облысты өзге аймақтармен салыстырғанда жемқорлық фактілері бойынша деңгей қандай?
– Біздің мақсатымыз – әділдік, парасаттылықты дәріптеу. Осы орайда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған «әділдік», «парасаттылық», «сенім» қағидаларына сүйенген, тәрбиелік маңызы зор жаңа бастамалар қоғамда қызу қолдау тауып жатыр. Себебі заң бұзушылыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке, парасаттылыққа, мәдениеттілікке жат қылықтардан өзін аулақ ұстайды, заңсыз әрекеттерді жасауға жол бермейді. Әсіресе, жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуы үшін жас ұрпақ сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Және бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған дұрыс екеніне көзіміз жетті. Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен парасаттылық мінез-құлық нормасына айналуы керек. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды, барша қазақстандықтарды тартуымыз қажет. Атқарылып жатқан жұмыстар көп. Сондай тиімді жұмыстың, батыл іс-әрекеттердің арқасында Қазақстан сыбайлас жемқорлық қабылдау рейтингі бойынша 124-орыннан 2019 жылдың қорытындысымен 113-орынға тұрақтап, бір жылда бұрынғы деңгейін 11 позицияға жақсартты. Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің және Париж халықаралық орталығының оң бағаларын алғанын да естіп отырмыз. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай, бірақ тоқмейілсуге болмайды. Бұл жетістік Алик Шпекбаев басқаратын агенттіктің жүйелі және кешенді шараларының нәтижесінде халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына сенім артуының дәлелі деп білеміз. Тағы бір жақсы жаңалық – «Қазақстанның жуырда Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) 50-ші болып кіруі. Аталған агенттіктің облыс бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаевтың және оның бірінші орынбасары Равиль Төлебаевтың табандылығының арқасында өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен және «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе фронт-офистерді ашу мәселесі қолға алынып, 7 сервистік әкімдік, 16 фронт-офис ашылып және 50 мекеме «Open space» форматында жұмыс істей бастады. Облыс бойынша сыбайлас жемқорлық сипаты ахуалы әлі көңіл көншітпейді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің мәліметіне қарағанда, 2019 жылы сыбайлас жемқорлық сипатында 92 қылмыс тіркелген. Есептік кезеңде департаментпен сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 90 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына бірінші басшылардың тікелей қарамағындағы жемқор қызметкер үшін, осыған қоса профилактикалық жұмысты ұйымдастырудан жүйелі түрде бас тартқаны, әрекетсіздік жасағаны үшін жеке жауаптылықтары туралы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ескерткім келеді.
– Жемқорлықпен күресу жолында сіз тәжірибесі мол мамансыз. Бұл орайда жемқорлықтың түбін түбегейлі жою үшін тағы қандай жұмыстар қажет деп ойлайсыз?
– Еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны тамырымен жою үшін Үкіметтің арнайы қаулысымен барлық саланың, құрылымдардың, мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік ұйымдардың, балабақшадан бастап орта, арнайы орта, жоғары оқу орындарының, еңбек ұжымдарының басшыларына өз ұжымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы арнайы түсіндіру-насихат жұмысын жүргізуді міндеттеу қажет деп санаймын. Себебі жоғарыда айтылғандай, заңда бәрі міндеттелген, ал іс жүзінде олар орындала бермейді. Сондықтан біз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы қоғамның санасына «парасаттылық», «сенім», «адалдық» қағидаларын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жатқанын қолдаймыз, ел-жұрт арасында кеңінен насихаттаймыз және қалың жұртшылықты осы орайда белсенділік танытуға шақырамыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті әркім өзінен бастау керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Арайлым Бақытжанқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.