Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мәжіліс депутаттары құрылыс жұмыстарымен танысты

0 26

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген. Құжат аясында өңірлерде жаңа білім нысандарын салу, қолданыстағы мектептерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Осы орайда Жамбыл облысына арнайы іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрым және Әбутәліп Мүтәлі Тараз қаласындағы М.Мәметова атындағы №27 орта мектеп жанынан салынып жатқан 600 орындық жаңа оқу корпусының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Бүгінде мектепте 465 оқушы білім алуда. Құрылыс жұмыстарына байланысты олар уақытша В.Чкалов және №18 орта мектептердің базасында оқып жатыр.
– Аталған білім ошағы алғаш рет 1957 жылы салынған. Кейін 1963 және 1970 жылдары екі қосымша корпус пайдалануға берілген. Алайда содан бері мектепке ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Жыл сайын жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары ескі ғимараттың тозуын тоқтата алмады. Бүгінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында басталған жаңа оқу корпусының құрылысы бұл мәселені шешуге бағытталған маңызды қадам болмақ. Қазіргі уақытта оқушылар жақын маңдағы мектептерге бөлінген. Барлық оқушы тиісті білімді дер кезінде алып отыр, – дейді М.Мәметова атындағы №27 орта мектептің директоры Гүлзат Алтынбекқызы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары құрылыс басында жауапты сала мамандарымен тілдесіп, жұмыстың барысын барлады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 70-тен астам жұмысшы мен 8 техника қарқынды жұмыс істеуде. Нысанда ғимараттың 3-қабатын көтеру, шатыр жабу, ішкі әрлеу мен сыртқы абаттандыру жұмыстары қалған.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымның айтуынша, Жамбыл облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін жүзеге асыру әрдайым депутаттардың жіті бақылауында. Сондықтан да мердігер ұйымға қойылатын басты талап – құрылыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы. Өйткені бұл – тек бір нысанның құрылысы емес, халық сенімі мен партияның жауапкершілігі.
– «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында республика бойынша атқарылып жатқан жұмыстар дүйім жұрттың көз алдында. Ал облыс бойынша білім нысандарына келер болсақ, 12 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 4-і жаңа болса, 8-і – қосалқы ғимарат. Ал 26 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Барлығы партия бақылауында болады. Құрылыстың сапасы, жұмысшылардың жағдайы, бөлінген қаражатты мақсатты игерілуі толық бақылауға алынған, – дейді Гүлдара Алданышқызы.
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, ескі мектептің жанынан жаңа корпус салу – бұл тек жөндеу жұмысы емес, болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан да «AMANAT» партиясы білім беру саласын дамытуға айрықша мән береді.
– Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы – бүгіннің басты талабы. Бұл ретте балалардың заманауи мектепте оқуына жағдай жасау аса маңызды. Мәселен, бүгін біз келіп отырған білім нысанына 55 жылдан астам уақыт өткен. Осы уақыт аралығында мектеп ғимараттарының тозығы жеткен. Еліміздің болашағы білімді ұрпақпен байланысты болғандықтан, оқушылар ескі ғимаратта білім алмауға тиіс. Сондықтан да мердігер ұйым құрылысты сапалы әрі уақытында аяқтауы қажет. Қай заманда да мектеп салу – сауапты іс, – дейді депутат.
Үш қабатты жаңа оқу корпусында балалардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалады. Нысанда кең спорт залы, заманауи оқу кабинеттері, арнайы жабдықталған сыныптар қарастырылады. Осы орайда Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі құрылыс сапасымен қатар мектептің заманауи талаптарға сай жабдықталуына да ерекше көңіл бөлді.
– Ғимаратты заманауи оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге де баса мән берілуі керек. Соңғы үлгідегі техникалық құралдар арқылы білім беру – бүгінгі заманның талабы. Сондықтан заман ағымынан қалмауға тиіспіз. Өйткені бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Біз бүгіннен бастап олардың қалыптасуына осындай заманауи білім ордалары арқылы жағдай жасауымыз қажет, – деді депутат.
Жалпы, Жамбыл облысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылы 960 орындық 5 мектептің құрылысы аяқталып, 27 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл тағы 24 мектептің құрылысы мәресіне жетіп, 27 білім нысанында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.