Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұзбалақ ақын халқымен мәңгі жасайды

9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

0 322

Мен жас кезімнен кітапханаға баруды жақсы әдетке айналдырғанмын. Кейде көп уақыт бара алмай қалған кездерім де болды. Есесіне соңғы кездері жиі баратын болып жүрмін. Сондай күндердің бірінде кітапханаға бас сұқтым да, ұзақ отырып қалдым. Бір кезде біртуар перзентіміз Мұқағали Мақатаевтың кітабын іздеп келген бірнеше студент жігіт пен қызды көріп қуандым. Қуандым да, ащы да тәтті мұңға баттым. Көзі тірісінде іздемек түгілі жарытып ізет танытпаған кейбір замандастарынан гөрі мұзбалақ Мұқағалиді құрмет тұтып, өзін де, өлеңін де тануға талпынып жүрген жас буынның мұнысы көңілге шуақ сыйлайды.

«Мен жиырма бірінші ғасырдың ақынымын» деп өзі айтқандай, расында да, қайран Мұқаң өзінен кейінгі ұрпақтар мен алдағы ғасырлардың асыл ақыны екен! Сонымен не керек, кітапханашы көп ұзатпай іздеген кітаптарын тауып берген соң, жүздерінде шаттық нұры ойнаған жастарды көріп, олардың Мұқағалимен қоса поэзияға деген құрметтері мен құштарлықтарына іштей риза болдым. Әрі осындай сырт келбеттері сымбатты, ой-саналары сәулелі, жүректері сырлы жас оқырмандарға сүйсіне қарап тұрып: «Сендерге Мұқағали аталарыңның білімі мен парасатын, даналығы мен даралығын және қарапайымдылығы мен қара нардай төзімділігін берсін», – деген ізгі тілегімді білдірдім де, далаға шығып, барар жеріме беттедім.
«Білетінім әйтеуір бір-ақ нәрсе –
Көшеді өлең немесе өшеді өлең», – деп ақынның өзі жыр- лағандай, осы сәттен кейін Мұқағалидің өзі де, ерекше есімі де, жасын жырлары да көнермей, ілгері қарай көше беретініне тағы да көзім жетті. Және ақынның Фаризаға арнаған өлеңіндегі:
«Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз», – деген жолдары ойыма орала берді…
Күз мезгілі болатын. Кеш түсіп қалыпты. Сәлден кейін ауа райы күрт өзгерді де, күн бұлттанып, жаңбыр жауа бастады. Сонда мен: «Мынау Мұқағалидің өзі мен өлең-жырларының көрінісі ғой», – дедім де, ой жетегімен алға қарай аяңдай бердім. Сонымен қатар Мұқағалидің табиғатпен, табиғаттың да Мұқағалимен үндес екенін аңғарғандай болдым.
Бұл күн өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі болып көңіл күнделігіме жазылып қалды.

Бақытжан Әліқұлов,
ақын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.