Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұқым елдің Мұқашы

0 408

Әдеттегідей кабинеттің есігі шалқасынан ашық. Іштен басшының телефонмен сөйлескені естіледі. «Мистер Джон, найс, вери гуд… но проблем» деп ағылшынша өз ана тілінде көсілгендей әңгімені ағытып жатыр. Зауытта қатардағы қарапайым жұмысшыдан ауысым басшысы, аға шебер-технологтан цех бастығы, одан кейін партия комитетінің хатшысы, директордың орынбасарынан «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директорлығына көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің есігі ешқашан жабылған емес. Бұл оның өмірге, тірлікке, қоғамға, адамдарға деген ашықтығын білдірсе керек. Сұқбатты соңына дейін оқып шыққан оқырман осы сөзіме көз жеткізетіні анық.

– Алып анадан туады. Күллі жұртты аузына қаратқан ақынды да, жауын тізе бүктірген батырды да дүниеге әкелетін ана. Ашуланшақ, әдепсіз, қатігез жанды көргенде «анасының мейірімін көрмеген бе өзі?» немесе «уызына жарымаған біреу ғой» деген ауыр сөз де айтылып жатады. Адамның тұлға болып қалыптасуында ананың рөлі шексіз. Анаңыз сізді қалай еркелетуші еді? Бала Мұқаш анасының мейіріміне қанып өсті ме?

– Ананың мейіріміне тойған адамды көрген емеспін. Уақыт өте келе бұл сезімнің қадірін одан да терең түсінеді екенсің. Анам мені көп еркелетті демеймін. «Сен үйдің үлкенісің, артыңнан ерген бес бауырың саған қарап өседі», – деп жауапкершілікті көп жүктейтін еді. Ауылымызда мәдениет ошағынан бір ғана клуб болатын. Сол жерде ата-аналар жиналысы өткенде, әке-шешем мұғалімдерден менің атыма мақтау сөздер естіп марқайып, масаттанып қайтатын. Сондайда анам «Менің Мұхантайым» деп емірене иіскеп, басымнан сипап, бауырына тартушы еді… Түнгі үштен сауынға кетіп, таңғы сегізде қайтып келіп тамақ пісіріп, кір-қоңын жуып, сол жылдардағы қазақ әйелдерінің ауыр тұрмыс-тіршілігін нәзік иығымен көтеріп жүрді. Қайран анам көп сөзі жоқ, байсалды әкеміздің қас-қабағын да бағып, дүниеге ұрпақ та әкеліп, сонымен қатар колхоздың жұмысында да озат болып, газеттердің бетінен түспейтін. Ал ауылдастарының арасында сөзі өтімді жан еді. Ондай беделге адал еңбегімен қол жеткізген. Бала тәрбиесінде қайыстай қатты да, жібектей жұмсақ та емес, ең бастысы, әділ болды. Бұғанамыз қатқаннан еңбекке салды. Ата-анамыздың біз үшін жанын аямай жүргенін көрген соң, біз де олар мақтан ететіндей әрекет етуге тырыстық. Сабақты да жақсы оқып, үйдің тіршілігіне де ерте араластық. Мен өзі кішкентайымнан тәртіпке бас иген бала болдым. Сол дағды әбден қаныма сіңіп қалған.

– Анаңыз туралы өте көп айтасыз, әкеңізден үйренгеніңіз бар ма?

– Әкем мені қырыққа келгенде көрген екен. Есімде, ол кісі дастарқан басына отырмай, біз де тамаққа қол салмайтынбыз. Отбасымызда қандай мәселе болмасын, соңғы сөзді сол кісі айтатын. Бірақ үй ішіндегі ұсақ-тиекке ешқашан араласпайтын. Бозбала күнімізде әкемнің басқа тірліктері шығып қалса, бауырларыммен барып, оның орнына жұмыс істеп келетін едік. Қой бордақылау базасында 300-400 қойдың астын тазалап, жем-суын беріп, кейде 4-5 тонна жүгеріні артып тастайтыбыз. Ертесінде әкем біткен іске разы болып арқамыздан қағатын. Айтқаны бұлжытпай орындалатын асқар тау әкемнің үлгісі менің өмірімде осы күнге дейін азық болып келеді.

– Анаңыз жұмыста болғанда үйді тазалап, пештің күлін шығарып, мал жайғап, бауырларыңызға бас-көз болып, бір сөзбен айтқанда, ауылдың қазанында қайнап өстіңіз. Жоғары оқуға түсер кезде ауылшаруашылығы емес, экономика емес, неге химия саласына таңдау түсті?

– Адам баласының қалыптасуында ата-анасынан кейін мұғалімнің ықпалы зор. Сыныбымызда сабақ үлгерімі озат оқушылар көп болған жоқ. Менің химия пәніне деген қызығушылығымды байқап, ынтамды арттырған ұстазыма ғұмыр бойы бас иемін. Сол апайымның арқасында мен осы салаға бет бұрып, Шымкенттегі химия-технология институтына түстім.
Бастауыш сыныпты аяқтағаннан кейін ата-анам маған киім әперген емес, ақшасын қолыма ұстататын. Біз сауда-саттығы қыз-қыз қайнап жататын Сайрам ауданында тұрдық. Базарға барып керек-жарағымды өзім алатынмын. 14-15 жасымда сол тұста шыққан маталардан түрлі күртеше, шалбарларды тіктіріп алып, соңғы сән үлгілеріне сай киініп жүретінмін. Қазір де киімдерімді өз талғамыма сай өзім таңдаймын. Ешкім менің гардеробыма араласпайды.

– Сіздің химия өндірісіндегі өнегелі жолыңыз туралы осыған дейін аз жазылып жүрген жоқ. Ашық әңгімелесудің орайы келгенде, қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселелерге қатысты ойыңызды білгім келеді. Мұқаш аға, неге қазір мықты жігіттер азайып барады? Ерлердің әлсіреп бара жатқаны туралы дәрігерлер де дабыл қағуда. Мәселен, еркектердің белсіздігі күннен-күнге өсіп барады. Бұл мәселеге Президент Жодауында да көңіл бөлінді. Осыдан 100 жыл бұрынғы бабаларымыз бұл күнде әйелдердің қолына кіріп алуға бейіл «альфонстарды», тәнін саудаға салып жүрген ездерді көрер болса, сол кезде-ақ ұрпағына лағынет айтар ма еді. Неге еркектердің мінезі де, тірлігі де ұсақталып бара жатыр?

– Бұл өте күрделі мәселе. Арғы түбіне үңілер болсақ, ата-бабаларымыздың аманат еткен тектің тазалығы деген шығады. Жастар отау құратын кезде сезімнің соңынан еріп кетпей, тәннің саулығына аса мән беруі керек. Өйткені, қан тазалығы – есі дұрыс, денсаулығы жақсы ұрпақ өрбітудің кепілі.
Екіншіден, бәрі де ұяда көрген тәрбие, мектепте алған тәліміне байланысты. Осы тұрғыда айтайын дегенім, кейбір моральдік құндылықтар кейінге шегерілген отбасыларда балаға үлгі тұтатын жан болмайды. Осындайда мектеп мұғалімдерінің рөлі маңызды. Біздің оқушы кезімізде ұстаздарымыз жүріс-тұрысымен, айтқан өсиетімен шәкірттеріне ғана емес, бүкіл ауылға өнеге болатын. Білім мен тәрбиені қатар алып жүретін. Қазір ондай оқытушылар ілуде біреу. Өз ісіне шын берілген мамандардан гөрі, тезірек сабағымды беріп, жұмысымды бітіріп кетсем деген ұстаным басымырақ. Яғни, балаға шын жанашырлық, оның болашағына алаңдаушылық сезілмейді. Мұндай позицияның білім сапасына да әсер етпей қоймайтыны анық. Ал білімсіз, тәрбиесіз ұрпақ нәпақа табудың жеңіл жолын іздейді. Жұмыстың қиынынан қашады, қоғамға масыл болады. Содан келіп, өзіңіз жоғарыда айтқандай, әлсіздіктерге жол беріледі. Сол үшін ата-ана, мектеп, колледж, университеттерде берілетін тәрбие үздіксіз процесте болуы тиіс.
Бұрын адамдар түрмеге түскенді ар санаса, бүгін «теріскейге» барып келгендерді «соғыстан қайтқан солдат» сынды қарсы алатын болдық. Отырып шыққандар өз жауапкершілігін сезінбейді. Жұрттың бетіне қалай қараймын деп қымсынбайды да. Бұл тенденция өскелең ұрпағымыз үшін өте қауіпті.

– «Қисық сөз күлмекке жақсы» демекші, халық арасында «өзбек байыса, үй салады, қазақ байыса, қатын алады» деген мәтел бар. Сіз еліміздегі ірі өндіріс орнының басшысысыз, қалталы кәсіпкерсіз. Өзіңіз сияқты ерек тұлғалы азаматтың екінші отау құрып, ұрпақ көбейтсем деген ойы болмады ма екен?

– Осы кезге дейін сүттен ақ, судан таза болдым деп айтсам, өтірік болар. Өмір болған соң, жігіттің басынан не өтпейді? Дегенмен әр нәрсенің шегі болады, ер азамат әрдайым өз жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Мен өзім «үш-төрт әйел алып, халықтың санын көбейту керек» деген патриоттардың ұранын қостай алмаймын. Саны емес, сапасы жоғары ұрпақты көбейтуге мүдделімін. Ондай жарыссөзге түскім де келмейді. Бәріміз де ұл-қыз өсіріп отырмыз. Өз қызымызға тілемегенді өзгенің қызына қалай телиміз? Сосын әркім ұшқан ұясында көргенімен өмір сүреді. Менің ата-анам бір-бірін қадірлеп, сыйласып күн кешті. Мен де сол отбасылық модельді құптаймын. Қазір құдай берген он бір немерем бар. Бос уақытым болса, солардың өсіп-жетілуіне көңіл бөлгенді дұрыс санаймын.

– Аға буынның бойынан нені көргіңіз келмейді, керісінше, жастардың бойында қандай қасиет міндетті түрде болуы керек деп ойлайсыз?

– Тарихымыздың темірқазығы деп бағаланған көне шаһарымыз күннен-күнге түрленіп, дамып келе жатыр. Жұмыс болған соң кемшіліксіз болмайды. Ол туралы қоғам белсенділері айтып та, сынап та жатыр. Осындайда біздің аға буын өкілдері де қосарлана кететініне қайран қаламын. Қазіргі қариялар біздің бала күнімізде көрген қарттардан әлдеқайда сауатты, білімді, жан-жақты емес пе? Бірақ сонысын танытпайды. Жақсы істерге өздері білек сыбанып кіріссе, ауласы, аумағында тұратын тұрғындарды ұйымдастырып, асарлатып, ұлтымыздың озық үлгілерін жастардың бойына сіңірсе, дұрыс емес пе? Ал құрғақ ақылды бүгінгі жастар қабылдамайды. Жалаң сөз, немқұрайды қалпынан айрылса деймін. Әр істі ардагерлеріміз өздері бастап үлгі көрсетуі керек. Ал жастарға келер болсақ, бұл жалт-жұлт еткен дүние тез өтіп кетеді. Ертеңнің тізгіні – білімді жастардың қолында. Білімге құштарлықты сөндіріп алмайық.

– Сіздің еңбектегі ерлік жолыңызды тек жастар ғана емес, біз сияқты ұл өсіріп отырған аналар да үлгі етеміз. Баламыз сіз сияқты білімді, іскер, жомарт азамат болса дейтініміз жасырын емес. Өзім ер азаматтың басты сипаты ретінде дархан көңілін, қолы ашықтығын бірінші орынға қоямын. Осы пандемия кезінде жамбылдық кәсіпкерлер өзге облыстарға жомарттықтың үлгісін көрсетті. Өзіңіз танымайтын бөтен адамдарға қол ұшын созу сізге не береді? Жасаған жақсылығыңыздың қайырын күтесіз бе?

– Алдымен соңғы сұраққа жауап берейін. Ешқашан қайыр күтпеймін. Жасаған жақсылығымның жарнамаланып жатқанын да жақтырмаймын. Ал жомарттық қасиет маған әкемнен дарыған. Анам тапқан-таянғанын үйге әкелсе, әкем дәулеті асып-тасып тұрмаса да, туған-туысқа, ауылдастарына қолы ашық болған екен. Оның жақсылығын көргендер әлі де сөз етіп, дұғасына қосып жүреді.
Дұрыс айтасыз, жамбылдық кәсіпкерлер ел басына қиын күн туған кезде өздерінің ауызбіршілігін, ұйымшылдығын танытты. Біздің облыста бар болғаны 1 млн халық бар. Олардың ішінде атқа қонып, ел басқарып жүргендер де көп емес. Бұл жерде де тек бастама көтеріп қана қоймай, ісіңмен үлгі болуың маңызды.
Арамызда «Бар болса, бергің келеді ғой, жоқ болса, немізді береміз?» деушілер де кездеседі. Алайда қайырымдылық қалтаның қалыңдығына емес, кісінің рухани байлығына байланысты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде «Бауырыңның жүзіне күле қарағаның – садақа» дейді. Бізде тек кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым адамдар да көп сауапты іс жасайды. Соларды насихаттауымыз керек. Көшедегі арықты тазалап, үй салғанға қол көмегін беріп, той-жиын жасап жатқан ағайынға отын жарып, суын тасып берген де – халқымыздың қайырымдылық дәстүрлері. Сол ұлттық мінезімізді қайта жаңғырту керек.
Атқарушы биліктегі азаматтардың адамгершілік-моральдік бейнесі қылаусыз болуы ләзім. Өйткені соларға қарап халықтың мемлекеттік жүйеге деген сенімі қалыптасады. Уәде бердің бе, орында. Қолыңнан келмейді ме, ол орынға жармаспа. Білегің көтермейтін шоқпарды беліңе қыстырма.

– Қазақстандағы бірден-бір химия кәсіпорны Жамбылда. Сіз кадрларды қайдан аласыз? Сырттан келгендер жамбылдықтар жұмыс істей алмайды деп жатады. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?

– Кадр аспаннан түспейді. Бірінші, жұмысқа деген ұмытылысына қараймын. Білмегенін үйретеміз, қолынан келмегенін жасатқызамыз. Орыстарда «Не стыдно – незнать, стыдно – не хотеть» деген сөз бар. Білмегеніңді үйренуден ұялмау керек. Қазіргі таңда «Қазфосфатта» 6300 адам еңбек етеді. Олардың ішінде түрлі ұлт өкілдері бар, ал мемлекет құраушы ұлт өкілдері 80 пайызды құрайды. Бәрі де осы өзіміздің облысымыздың тумалары, сырттан келіп жатқан ешкім жоқ. Біздің компанияның жұмысымен танысуға келгендер осынша қыруар тірлікті жамбылдықтардың жасап жатқанына таңғалады.
Шеттен маман әкелетіндер кадр таңдап, оларды үйретіп, уақытын кетіріп басын ауыртқысы келмейді. Осы жерде менің де бір айтатын уәжім бар. Қазір мемлекеттік лауазымды қызметке өз ішінде жүргендерді немесе 4-5 дипломы барларды таңдайды. Неге үлкен өндіріс орнында шыңдалған, күрделі жұмыста ысылған азаматтарды мемлекет ісіне тартпасқа? Мәселен, біздің зауытта цех басшылығында жүрген жігіттер істі ұйымдастыру, шаруаның көзін табуға келгенде кейбір аудан әкімдерін он орап кететін еді. Ал ауысым басқарып жүргендер ауыл әкімдерінен асып түспесе, кем түспейді. Елбасымыздың даңқты жолына қарасаңыз да, өндірісте шарболатша шыңдалып шыққанын көреміз. Ал бүгінде басқарма тізгінін ұстағандардың арасында өндірісте істеген біреуі жоқ, сондықтан көп тірліктің байыбына бармайды, тістері де батпайды.

– Алдыңғы жылы жалпақ жұрттың асқан қызығушылығын оятқан «Жамбыл-Тараз» газетінің «Кітап оқып, миллионер бол» жобасына бас демеуші болып, кітапқұмар балаларға 3 млн қаржыңызды бөліп бердіңіз. Сол кезде бала күніңізден ауыл кітапханасындағы бар кітапты тауысып, түнде майшаммен оқитыныңыз туралы сыр тарқатып едіңіз. Қазір кітап оқуға уақыт табасыз ба? Не оқып жүрсіз?

– Бала күнімнен дағдыма айналған соң кітап бетін ашпай жүре алмаймын. Қазір Гузель Яхинаның «Зулейха открывает глаза» деген романын тәмамдап қалдым. Қоғамдық жұмыстарым көп болғасын әлемдегі, еліміздегі, облысымыздағы жаңалықтарға әрдайым құлағым түрулі болуы тиіс. Сондықтан әлеуметтік желілерде не жазылып жатыр деп интернет кеңістігін де ақтарамын, газет-журналдарды да міндетті түрде оқимын. Интернетте ақпаратты жылдам алғанымызбен, толыққанды сараптамалық материаларды газет беттерінен оқимыз.

– Нені армандайсыз?

– Пенде болған соң арман көп қой. Ертеңге, келесі жылға қойған мақсаттарым бар. Солар орындалса деп армандаймын. Немерелерімді төбеме көтеріп жүргім келеді. Олармен баскетбол, теннис ойнағанды ұнатамын. Ұрпағымның, еліміздің байрағын тік ұстап жүретін алғыр ойлы, жан-жақты азамат болуын армандаймын. «Әкенің малы балаға азық болмайды» демекші, дүниемді емес, бойымдағы қасиет-қабілеттерімді сіңдіріп кеткім келеді.

– Армандарыңыздың барлығы да орындалсын деп тілеймін.
Жақын күндерде мерейлі 60 жасқа аяқ басқалы тұрсыз. Өміріңізде бағындырған шыңдарыңыз аз емес. Дегенмен осы 60 жас ғұмырыңызда қол жеткізген ең маңызды 6 жетістігіңізді атап бересіз бе?

– Сынаптай сырғыған өмірде бәрі де өткінші. Қызыл-жасыл дүние кімнің көзін арбамайды? Өмірде түрлі сәттерді бастан кешіресің. Тау қопарып, тас жарып келсең де, салың суға кетіп, қайраңға түскен балықтай тыпырлап қалсаң да, сенен айнымайтын, қуаттап, қолдап отыратын отыңның басындағы жақындарың. Осы себепті мен өзімнің өмірімдегі басты жетістігім деп отбасымды бағалаймын.
Бала күнімізден мақта теріп, пияздың шөбін жұлып, еңбекке араласып өстік қой. Өз күшіммен оқуға түсіп, бірінші курста қоңыр чемоданымды алып үйге қайтып келе жатқанымда қырда қарап отырған әкемнің көзіне жас үйіріліпті… Ата-ананың үмітін ақтау да – бір жетістік.

– Қазақстанның Еңбек Ері атағын алдыңыз…

– Иә, ол бір күтпеген жағдай болды. Президенттің Жарлығы шыққанда бір-ақ білдім. Жан салып еңбек етіп жүрген соң, оның еленгені де жақсы. Елбасының осындай баға бергенін, әрине, мақтаныш тұтамын.

– Өзін әдебиетші, тарихшымын дегендердің үйінде сіздің шаңырағыңыздағыдай кітап қоры бола бермейді.

– Оныңыз рас. Кітап – үндемей оқытатын ұстаз ғой. Жеке кітапханамдағы кітап саны 5000-ға жуықтап қалды.

– Сіздің күн сайын 15 км жаяу жүріп, 120 кг зілтемір көтеретініңізді білеміз, салауатты өмір салтын ұстанасыз. Ол жақта қандай жетістігіңіз бар?

– Алпыстағы кісіге жетістік деп айтуға келетін болса… Жақында Жаңа фосфат зауытынан осы орталықтағы офисімізге дейін велосипедпен келдім. 20 шақырымнан аса жолды 1 сағат 20 минутта еңсеріппін. Оңай емес екен, бірақ мақсат қойған соң, оны орындау керек.

– Жетістіктеріңізді сұрағанымда, мақтанғыңыз келмей, қысқа қайырып жатқаныңызды түсінемін. Елдің мұңын тыңдап, жоғын түгендеп, алдыңызға келген мұқтаж жандардың сөзін жерге тастаған емессіз. Халықтың қалауы түсіп бір емес, екі рет депутат болып сайландыңыз. Қоғамның жүгін көтеріп, елдің сеніміне ие болу – ең үлкен мәртебе, бағалы жетістік.
Өшіретін де – халық, өсіретін де – халық. Халық алғысын арқалап жүре беріңіз, аға! Алтын уақытыңыздың бөліп, асыл ойларыңызбен бөліскеніңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Эльмира Мырза-Ғали

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.