Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәулен Әшімбаев жамбылдық шаруалармен кездесті

0 373

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Жамбыл облысындағы жұмыс сапары Байзақ ауданында жалғасты.

Сенат Төрағасы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовпен бірге «Алел-Агро» АҚ-да болып, «Жамбыл облысында етті құс шаруашылығын дамыту» инвестициялық жобасымен танысты.  Жобада құс фабрикасы, жем зауыты және ет комбинатының құрылысы қамтылған.

Кәсіпорын ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыру мүмкіндіктерін ескере отырып, жылына 25 мың тонна тауық етін өндіру үшін келісімшарттық шаруашылықты ұйымдастыруды жоспарлап отыр.  Осы орайда Жамбыл облысында құс өсірушілердің келісімшарттық шаруашылықтарының қауымдастығын құру көзделуде.

Сондай-ақ, Сенат төрағасына ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының барысы туралы баяндалды.  Ауыл тұрғындарын ауыл шаруашылығы бизнесіне барынша тартуға бағытталған жобаның бірінші кезеңінде қатысушылардың орташа айлық табысы 65 пайызға артқан.  Жобаның ауқымын кеңейту аясында 2023 жылы облысқа 11,5 млрд.  теңге бөлінбек. Нәтижесінде тағы 22 ауылдық округ жобаға еніп, үш мыңнан астам жобаны қаржыландыру жоспарлануда.

Тұрғындарға тиімді шарттармен, яғни 2,5 пайызбен жеті жылдан аспайтын мерзімге несие беріледі.

Аталған кәсіпорын базасында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы жамбылдық шаруалармен кездесті.

Кездесуде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі бағыттарға тоқталды.

Аймақ басшысы пилоттық жоба, ағын су мәселесін шешу үшін су жүйелерін реттеу, субсидия беру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Айта кетейік, өңірдегі шаруаларды мемлекеттік қолдауға ( субсидия) 2021 жылы 19 млрд. теңге, 2022 жылы 31,2 млрд. теңге қаржы бағытталған. Биыл да осы орайда 31 млрд.-тан кем емес қаржы қарастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, басқосуда облыста өткен жылы ауыл шаруашылығы техникалырының 11 пайызға жаңарғаны және тұқым шаруашылығын ілгерілету, қант қызылшасы алқабын ұлғайту шаралары туралы да айтылды.

Бұдан бөлек жиында а/ш кооператив төрағалары, кәсіпорын басшылары, шаруалар мемлекеттік бағдарламардың тетіктері айтарлықтай мүмкіндіктер беріп отырғанын жеткізіп, бірқатар мәселелер де көтерілді.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев облыстағы ауыл шаруашылығы саласында, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады. Кездесуде көтерілген мәселелер жоғары палатаның тиісті комитетінің назарында болатынын жеткізді.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.