Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәулен Әшімбаев Талас ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты

0 392

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Талас ауданындағы қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.

Мәулен Әшімбаев алдымен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге аудандағы «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианидін шығаратын зауытқа барды. Кәсіпорын 15 мың тоннаға дейін натрий өндіруге қауқарлы, оның 5 мың тоннасы экспортқа шығарылады. Жұмысшылар саны 552 адамды құрайды.

Компания өндірісті 30 мың тонна натрий цианидіне дейін арттыру бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобаның екінші кезеңін жүзеге асыра отырып 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осылайша кәсіпорын натрий цианидімен ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етіп, экспортты 10 мың тоннаға дейін арттырмақ.

Жаңа жобаның инфрақұрылымына бюджеттік қаржыландыру мәселесі көтерілді. Сенат төрағасы бұл мәселенің назарға алынатынын жеткізді.

Одан әрі Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы «Игілік» КМК қазандығында болды. Қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ыстық су мен жылу үздіксіз берілуде.

Алайда, «Игілік» МКК-да мазут қондырғылары мен екі бу қазандығы қайта жаңғыртуды қажет етеді, алайда оған кәсіпорынның қаржылық мүмкіншілігі жетпей отырғандығы айтылды.

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарының қорытындысы бойынша көтерілген барлық проблемалық мәселелер жан-жақты зерделенетінін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы қатты дауыл кезінде зардап шеккен Қаратау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Қалада табиғи апат салдарынан 12 көпқабатты тұрғын үй зардап шеккен. Қазіргі таңда оларда мердігерлер қызу жұмыстарын жүргізуде.

Тұрғын үйлер ауласында қала тұрғындарымен кездескен Мәулен Әшімбаев қалпына келтіру жұмыстары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының ерекше назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қаратаудағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсетілетінін жеткізді. Тұрғындар түйткілді мәселелерді жедел шешкені үшін мемлекет және облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ, Сенат спикеріне ауданға қарасты ауылдық округтердегі қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Қатты желдің салдарынан Берікқара, Көктал, Тамды, Қасқабұлақ, Қаратау ауылдық округтерінде электр желілері үзілген. Бүгінде 3 ауылдық округте электр жарығы толығымен қалпына келтірілді. Қаратау ауылдық округі бойынша Есейхан ауылы жарыққа қосылған десек, Қараой ауылы бірер күнде қосылмақ. Қасқабұлақ ауылдық округіне дизельдік генераторлар арқылы электр қуаты берілуде. Ауданда электр желілерін қалпына келтірумен 56 адам, 11 техника жұмылдырылған. Ауылдық елді мекендер мен аудан орталығында су құбыры қалыпты дейгейді жұмыс жасауда.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.