Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәсімовтен элиталық сағаттар, алтын кесектері, 11 қымбат автокөлік тәркіленді (ФОТО)

0 2  672

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгісі барын анықтады деп хабарлады turkystan.kz.

«Мәсімовтің ісін зерттеу кезінде отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталды» деп жазылған хабарламада.

Атап айтқанда, жабық келісімшарттардың бірі бойынша шетелдік мемлекет өкілдерінен Мәсімовтің ҰҚК Төрағасы лауазымында 2 млн АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Ол қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, Мәсімовтің Премьер-министр кезінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.

2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, сондай-ақ көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары алынды. Бұдан басқа, бизнес санаттағы 11 қымбат автомашина тәркіленген.

Мүліктеріне қатысты Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтер, Алматы қаласындағы 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынды.

Мәсімовпен жақын байланыста болған азаматтардан 5,1 млн АҚШ доллары алынып, оған тыйым салынды.

Осымен бір мезгілде Мәсімов пен оның айналасындағылар шет ел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі ақшалай қаражатты іздестіру, бұғаттау және Қазақстанға қайтару бойынша жұмыс ұйымдастырылды.

Барлық көрсетілген фактілер бойынша қарқынды жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

  

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.