Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұнай-газ саласына тың жоба

0 605

«Ғылымның ісі – адамға қызмет ету» деген Лев Толстой. Белгілі жазушының пайымына адамзат баласының қалыптасу кезеңінен күні бүгінге дейінгі жетістіктері дәлел. Жаһандану заманында еліміз дамудың жаңа белесіне қадам басты. Осылайша білімді жастардың санын арттырып, ғылымға бет бұрған азаматтарды жан-жақты қолдау маңызды мәселелердің біріне айналды.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Дионисий ПЛЯШЕШНИК

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына өтінімдер қабылдаған болатын. Нәтижесінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Арман Кабдушев «Дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеу» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылып, оны жүзеге асыру үшін 48,6 млн теңге арнайы грант бөлініпті. Талапты жас Дулати университетінде білім алып жүрген соң, факультет деканы, профессор Сағат Мырзашев қабілетін танып, ғылым жолында ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар көрсеткен жандардың бірі болған. Мұнай-газ ісін дамытуды ойлап жүрген ол өңірдегі өндірістің әлеуетін сол кезден-ақ білген. Расында да, Арманның әуелгі ойы, жан-жақты жиған білімі, ұстанымы уақыт өте тың жаңалық ашуға негіз болды. Мақсаты айқын білікті жас магистратураны оқып, тәжірибе жинап толысқан соң, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетіне докторантураға оқуға түскен. Дәл осы кезең жас ғалым үшін жиған-тергенін жүзеге асыратын шақ болды десек қате айтпаймыз. Білікті жас уақыт өте Фарит Агзамов, Мұрат Сыздықов, Борис Федоров, Абдулахат Исмаилов сынды атақты ғалымдардың үздік шәкірті болған.
Ғалымның жобасы мұнай-газ ұңғымаларының (скважина) сапасын арттыруға бағытталған. Негізінде мұнай және газ өндіруде белгіленген аймақты арнайы техникалардың көмегімен қазады. Артынша төменге құбыр тасталып, оның айналасына жоғары сападағы цемент құйылады. Осы ретте цементте сызат пайда болып, құбырдың коррозияға ұшырамауы үшін бетонның берік болуы маңызды рөл атқарады. Арманның өнертабысы осыған тікелей байланысты. Яғни ұңғыманы цементтеу барысында оның арасынан газдың өтуін болдырмау және ұңғыманы перфорациялау кезінде цемент тасының беріктігін арттыруға бағытталған. Арман ұңғыма сапасының төмен болуы газ өндіру барысында тығырыққа тірейтінін әуелден білетін. Сол үшін де ол дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеуге бел сыбана кіріскен.

– Бұл идея Башқұртстанда тәжірибеден өтіп жүргенімде келді. Ол кезде басқа ғылыми жобамен айналысып жүрген едім. Бұл елге тәжірибеден өту үшін екі рет бардым. Профессор Фарит Агзамов жетекшім болды. Ғылымға деген қызығушылығымыз соншалық, зертханаға азанда кіріп, кешке бір-ақ шығатын едік. Әр елден келген ғалымдар ой алмасып, білгенімізбен бөлісіп, тәжірибе жинадық. Ондағы бес зертхана толықтай соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Жұмыс істеудің өзі бір ғанибет болды. Осылайша әлгі идеям дәл осы жылы қайта жанданып, жүзеге асыруға кірістік, – дейді ғалым.
Жоба 3 жылға жоспарланған. Егер толықтай жүзеге асса, тампонажды ерітінді әзірлеу зерттеу жұмысы барысында газ миграциясы, газдың жарылуы сынды мәселелер шешімін таппақ. Ол биыл жұмыс барысын нақтылап алу үшін Дулати университетінде нақ осы жобаны жүзеге асыру мақсатында зертхана ашуды жоспарлап отыр. Оқу орнында мамандар даярлауда таптырмайтын технология барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Соңғы үлгідегі құрылғының көмегімен студенттер мұнай мен газ өндірісіндегі барлық жұмыстарды виртуалды түрде істеуіне болады. Ендігі кезекте Арман айтқан зертхана ашылса, уақыт өте келе студенттердің білімін жетілдіруге, ғылымға баулуға үлкен септігін тигізері анық. «Мұндай зертхананың ашылуы мамандық бойынша магистратураның ашылуына да сеп болмақ. Менің басты мақсатымның бірі – университетте мұнай-газ мамандығы бойынша магистратура ашуға ықпал ету», – деген Арман білімді, ғылымға жаны құмар студенттерді тәрбиелеуді қалайтынын жасырмады.

Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін бес ғалым топтасқан. Оның екеуі Сәтбаев университетінің докторанттары болса, бірі Уфа қаласының магистранты, енді бірі Дулати университетінің оқу-әдістемелік бөлімінің бастығы Бауыржан Манапбаев. Зерттеу жұмыстары Уфа қаласында, Сәтбаев университетінде және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өтеді. Жобаны жүзеге асыруға, жұмысты сынап көруде «BJ-URAL» компаниясы өзара келісім негізінде қолдау көрсетпек.

Ғылыми жаңалықтың ашылуы маңызды, ал жаңалық өндіріске еніп, қоғам қажетіне жараса, бұл – ғалымның жеңісі. Енді жұмыстың жалпы сипатын белгілеген ғалымдар бұл жаңа әдісті патенттеп, әрмен қарай «Scopus» базасындағы журналдарға ғылыми мақалалар мен монография жазуды көздеп отыр.
Білім беру саласындағы жаңа өзгерістер ғылыми үдеріске серпін беретіні рас. Әсіресе, елімізде соңғы жылдары үштілді оқыту жүйесі бірқатар жастың болашағына жол салды десек қателеспейміз. Мәселен, Арман Арыстанғалиұлы дәріс өтер алдында үш тілдегі лекцияның электронды нұсқасын студенттерге жібереді. Сонымен студенттер лекциямен танысып қана қоймай, дәріс барысында тақырыпты жан-жақты талдауға дайындалып келеді екен. «Үш тілде терминдерді түсіндіремін. Ағылшын тілінде видеоматериалдар мен тақырып аясындағы фильмдер ұсынамын. Осылайша студенттерді тақырыпқа терең бойлауға әрі қызықтыра түсуге тырысамын», – деген Арман студенттерді оқытуда соңғы технологияларды пайдаланудың маңызы жоғары екенін айтты.
Иә, ғалымның жастайынан өз мамандығына адалдық танытуы, ғылымға басқа қырынан мән беруі бір асуды бағындыруға жол ашқан. Арман Кабдушевтің ендігі мақсаты – үш жылға жоспарланған жобаны аяқтап, шәкірт тәрбиелеуді қазірден қолға алу. Білім биігіне ұмтылған жастың жаңалығына, таудай талабына және алдағы жоспарына қарап, әлі де атқарар шаруалары қыруар деп білеміз. Ендеше, ғылымға ерте жастан араласқан Арман Арыстанғалиұлының жұмысына «іске сәт» дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.