Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалуда

0 391

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылғы Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мәселесі айрықша назарға алынып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус орнату мәселесі еліміздегі «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңында да анық көрсетілген. Сондықтан олардың қоғамға араласып, қажетті нысандарға емін-еркін кіріп шығуына қолайлы жағдай жасау –басты міндет.

Қала әкімінің халықпен кездесулерінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Соған орай, бұл бағытта облыс орталығында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Айталық, «Шапағат» корпоративтік қоры «Ұлы Дала» (15) ықшамауданындағы үш үйге (№1038/2; №1193/7; №1127/17), «Арай-2» алқабы №18 және №1 үйлерге пандус орнатты. Бұл пандустардың ерекшелігі – электрондық жүйемен қамтамасыз етілген. Яғни, бір ғана батырманы басу арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына жағдай туғызады.

Бүгін қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Ұлы дала» ықшамауданындағы үш үйге орнатылған электронды пандустарды көріп, сапасына мән берді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандармен тілдесіп, орнатылған пандустардың қалай жұмыс жасайтынын тексерді.
Өз кезегінде игі іске тұрғындар да ризашылық білдірді. Солардың бірі – 1-топ мүгедегі, «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны Ернар Сертеков.

– Бұл мәселе талай уақыттан бері айтылып келді. Қала әкімімен болған кездесулерде де сан мәрте көтерілді. Енді бүгін, міне, соның орайы келіп, оң шешімін тауып отыр.
Жолдасым екеуміздің де мүмкіндігіміз шектеулі. Әсіресе, келіншегіме пандус болмаса, далаға шығу өте қиын. Сондықтан бұл біз үшін үлкен көмек болды. Осы ретте қала басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді, – деді шаһар тұрғыны.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.