Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәйіт жуумен айналысатын қария құпиясымен бөлісті

0 3  689

Шымкент іргесіндегі ауылда қайтыс болған адамдардың мәйітін жуумен айналысатын қария тұрады. Анармат ақсақал марқұмның сүйегін ақтық сапарға дайындауды бірнеше жылдан бері кәсіп етіп келеді. Жасы 80-ге келген қария «ғассал» болудың қыр-сырымен бөлісті.

Анармат ақсақалдың сөзінше, «ғассал» – шариғат сөзі, «жуушы» деген мағынаны білдіреді, яғни қайтыс болған адамның сүйегін жуушы деген сөз. Ол жұмысы ауыр болса да, оны шын ниетпен, адал атқарып келе жатқанын айтады.

– «Жұмысымыз Алла разылығы үшін жасалатын болғандықтан қорқып, үрейленуге, қандай да бір жайға байланысты жиренуге жол бермеуге тырысамыз. Жалпы алғанда, адамды бақиға дайындау ауыр жұмыс қой. Өйткені, шариғат бойынша, адамның кеудесінен жаны шыққасын ол аршыға барып қайтады да, біраз уақыт өз үйінің босағасында тұрады. Ол кімнің не істеп жүргенін сезеді, оған мұны періштелер айтып береді. Адам қайтыс болғасын оның рухы, жүгі түседі ғой. Оның салмағы болады. Сондықтан сүйек жуып үйге келген соң тазаланып, жуынып аламыз», – дейді қария.

Зейнеткер өзіне ауыл ақсақалдарынан «ғассал» болуға ұсыныс түспес бұрын, Алла өзіне аян бергенін айтады.

– «Бір түс көргенім бар. Түсімде қолымды жусам, сабындаған сияқты көпіріп тұрады, оны кетірмек болып қолымды қайта-қайта жуамын, бірақ әлгі сабын сияқты көпірген нәрсе кетпейді. Бұл не болды екен деп аң-таң болдым. Оның сырын маған ешкім де түсіндіріп бере алмады. Әлгі түсті екі-үш мәрте көрдім. Маған осы аян беріліп жатқан жоқ па деп те ойлана бастағанмын. Ақсақалдар «ғассал болып» істейсің дегенде екі сөзге келмей келіскенім де содан. Олар батасын берді. Бір қызығы, сол күні де әлгіндей түс көрдім: қолымды жусам, сабындалғандай көпіреді, қайта-қайта жусам да кетпейді. Мені бұл кәсіпке осындай бір тылсым күш әкелгендей болды. Ақырында Алла маған аян берген екен ғой деген ойға келдім», – дейді Анармат ақсақал.

Ақсақал «ғассалды» шариғатта көрсетілген өзіндік тәртібі бойынша атқарады. Ол бұлжытпай орындалуы тиіс.

– «Дәрет алдыру, ғұсыл алдыру, мейрам суын беру рәсімдері орын-орнымен, ұқыпты жасалуы тиіс. Дәрет алдырғанда, мысалы, іште қалған ауа, тағы басқа шығуы тиіс нәрселер шығады. Біреулер ақтық сәтте тілін тістеп қалған болуы мүмкін, аузын ашып, тілін орнына келтіру, аузын тазалау керек. Мұрын, құлақ ішке су кетпейтіндей етіп тазаланады, бет, бас, қол, аяқ, дененің басқа тұстары – бәрі өз ретімен тиісінше тазартылады. Сабын қолданылады. Су қалдығын аяқасты болмайтын тұсты қазып, соған сіңіре құйып, бетін жауып тастау керек», – дейді қария жұмысының ретін түсіндіре келе.

Қарияның сөзінше, қазіргі кезде қайтыс болған адамның сүйегін жууда көптеген кемшіліктер байқалып жүр.

– «Өкінішке қарай, кей жерлерде кемшіліктер жіберіліп, білместіктер орын алып жатады. Кейде мен барамын деп бес-алты адамның сүйекке топырлай кіретіні болады. Ол дұрыс емес, топырлағаннан пайда жоқ. Сүйек жуып шыққан соң «ондай екен», «мұндай екен» деген жайсыз сөз тарататындар бар. Адам назары түсіп, көргендерін өйтіп айтпағаны дұрыс. Марқұм болған адамның дене мүшелері түгел болғаны абзал. Мысалы, ол бұрын қандай да бір себеппен аяғын кестірген болса, оны өз денесінің мүшесі ретінде мазаратқа апарып, көмгені дұрыс. Кейде жол-көлік оқиғасынан адам денесі бөлшектеніп кететіні болады. Миы шашылып кеткен болса да, мейлінше ол жиналып алынғаны, иесімен бірге жерленгені жөн. Мәйіт жуу кезінде біз оған да мән береміз, бәрін түгендеп, тазалап, марқұммен бірге қойғызуға тырысамыз. Алла адамды өмірге он екі мүшесін сау жіберді, сондықтан мүмкіндігінше ол Алла алдына солай қайтқаны абзал», – дейді ақсақал.

oinet.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.