Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады

0 441

Мәдениет – адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз ел жадында.

Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені – біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.
Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата- бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мұражайлар мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің, қалалық және ауылдық клубтардың қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға һәм молайтуға ерекше мән беріп келеді.
Мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Оның дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты. Сол себептен елімізде мәдениетке айтарлықтай көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламалардың тетіктері қарастырылған. Нәтижесінде өңірде аталған саланың адымы ауыз толтырып айтарлықтай, жоспары жұмыр. Жыл ішінде мәдениет үйінің ұйымдастыруымен түрлі байқаулар, фестивальдер, мерекелік концерттер, әдеби-сазды кештер, түрлі кездесулер, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін іс-шаралар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кештер,интеллектуалды ойындар және басқа да тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді.
Мәдениет саласының жұмысы тек мәдени шара өткізумен ғана шектелмейді. Нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу мен олардың материалдық-техникалық базасын нығайту аталмыш саладағы маңызды міндеттер қатарында. Қазіргі таңда мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ұлттық сананың кемелденуі жолында мәдениет саласының мамандарының қосатын үлесі орасан. Мұның барлығы – өнер адамдарының еселі еңбегі, жүйелі жұмысы. Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайды. Олай дейтініміз, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие.

Лесхан Алпысбай,
Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.