Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет ошақтары онлайн жүйесінде

0 186

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап Жамбыл облысында бірқатар мәдени іс-шаралар тоқтатылып, облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты мәдениет және архив мекемелері қашықтан онлайн жұмыс режиміне көшті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жалпы алғанда, бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желіде жер бетіне жайылған вирустық індеттен сақтану шарасына қатысты 324 онлайн түрдегі түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Онлайн режимде ұсынылған шараларға 220679 көрермен қамтылып, оң пікірін білдірген. Ел басына күн туғанда үрейге бой алдырмай, үйқамақта отырып та көңілді күймен демдеп, онлайн режимде түрлі мәдени шаралардың өтуі жанға дауа екені анық.

Осы орайда К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртістері онлайн форматта концерт өткізуді қолға алып, осы уақытқа дейін 7 онлайн концерт өткізіп үлгерген. Алдағы уақытта отбасылық және жеке орындаушылардың онлайн концерттері өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ «Бір әннің тарихы», «Бір күйдің тарихы», «Бірге билейік!», «Менің репертуарымдағы бір ән», «Бірге акробатикалық жаттығулар жасайық!» челлендждері бастау алып, «Өз елім», «Келіндер келбеті» конкурстары ұйымдастырылыпты. «Біз біргеміз!» акциясы аясында қазақ ұлт аспаптар оркестрі Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» және А.Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйлерін, «Кәусар» вокалдық ансамблінің әншілері А.Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін, жергілікті ақын Ү.Битенованың «Жеңеміз!» өлеңін облыстық филармонияның қызметкерлері орындап, елдегі болып жатқан төтенше жағдайларға басу айтып, әлеуметтік желілер арқылы халықты бірлікке шақырғаны жабыққан көңілге жылылық сыйлайтыны анық. Әншілердің репертуарлары музыкалық сайттарға насихатталып, қашықтан онлайн телевизиялық форматта концерт, бағдарлама ұйымдастырылып, филармония әншілерінің ән шашуы, үй режиміндегі шығармашылығы, онлайн қабылдауы ұйымдастырылған. Сонымен қатар А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры 7 қойылым ұсынды. Қазіргі таңда «Театр таланттарды іздейді» көркемсөз оқу шеберлері және «Зере апаның ертегілері» байқаулары өтуде. Ал облыстық орыс драма театры әлеуметтік желілер арқылы көрермен назарына 6 қойылым ұсынды. Және де #мынетеряемвремя хештегімен «Артисты дома!» тақырыбында рубрика ашып, үйде бос уақытты тиімді пайдаланып, жақындарыңмен бірге уақытты жақсы өткізу туралы бірнеше видеороликтер жүктеген.

Жамбыл облыстық кино орталығы да өз кезегінде 5 видеоролик түсіріп, сонымен қатар әлеуметтік тақырыпта 3 видеоролик ұсынған.

Халықты білім нәрімен сусындатып жүрген Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханалары «онлайн кітапхана» жүйесіне көшкен. Қазіргі таңда кітапханалар тарапынан түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы әлеуметтік желілер арқылы мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға аудио форматта кітаптар ұсынуда. Кітапхана тарапынан көру қабілеті нашар адамдарға арналған бірінші халықаралық «Логос» интернет кітапханасын қолдануға мүмкіндік жасалды.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы да мерекелік күнтізбелерде әлеуметтік желі арқылы бұқараға бағытталған түрлі құттықтау видеороликтерін жариялап, онлайн шаралар өткізуде. Өңірден шыққан талантты айтыс ақындарының арасында Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай онлайн форматта айтыс ұйымдастырып, жыр жарысын көрермен «YouTube» желісінен және мекеменің әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан тамашалауға мүмкіндік алды.

Облыстық және Тараз қаласының архиві тарапынан әлеуметтік желілерде архивтік анықтама алу жолдары көрсетіліп, видеороликтер жүктелді. Қалалық архив қызметкерлері де қашықтан жұмыс істеу жүйесі бойынша ведомстволық мекемелердегі архивке жауапты мамандарға әдістемелік көмек көрсетті.

Мәдениет мекемелері тарапынан әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы шаралар да қолға алынып, тұрмысы төмен 17 отбасына 330,0 мың теңге көлемінде азық-түлік үлестірілген. Осындай шаралар аясында облыстық филармонияның «Менің репертуарымдағы бір ән» челленджіне қатысып, өнер көрсеткен өнер ұжымының тұрақты көрермені Бектөбе ауылының тұрғыны, I топ мүгедегі Казима Алпамысованы аталған ұжымның кәсіподақ ұйымы қажетті азық-түлікпен қамтыды.
«Тегін тарату» акциясына облыстың мәдениет мекемелері тарапынан 5800-ге жуық бетперде тігіліп, жағдайы төмен отбасыларына, мәдениет саласының еңбек ардагерлеріне таратылған.

Сонымен қатар Волонтер жылына орай төтенше жағдайға байланысты мәдениет және өнер мекемелерінің кызметкерлері «Біз біргеміз!», «Шын ниетпен», «Жүрек жылуы», «Жүректен жүрекке» акциялары аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жалғызбасты аналар мен көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған, т.б. отбасыларға әлеуметтік, материалдық көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда.

Аталмыш жұмыстар жоспарға сай жалғасын таба бермек. Алдағы аптаға да облыс көлемінде 220 онлайн шара жоспарға енген. Бүгінгі күні барлық мекемелерде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, арнайы құралдармен қамтамасыз етіліп, сақтық шаралары жасалған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.