Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы»

0 891

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз ел жадында. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргені біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата бабаларымыздан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мұражайлар мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің, қалалық және ауылдық клубтардың қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адам-гершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға һәм молайтуға ерекше мән беріп келеді.
Бүгінде мемлекет барынша мәдениет саласына көңіл бөліп, халықтың мәдени өмірінің жандануына күш салып жатыр. ҚР Президенті Қ.Тоқаев мәдениет саласы қызметкерлеріне барлық жағдай жасалуын тапсырған болатын. Міне, соның нәтижесінде еңбекақымыз 45 пайызға өсті. Әрине бұған дейінгі жалақыларымен салыстырғанда бұл әлдеқайда жоғары. Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан мəдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалау – басты мақсатымыз.
Мәдениет – әлеуметтік фактор, қоғамның қозғаушы күші. Мәдениеттің дамуы қоғамды ілгері жылжытады. Жеке адам мәдениеті мен қоғам талабы тікелей байланысты. Сол себептен елімізде мәдениетке айтарлықтай көңіл бөлініп, бірқатар бағдарламалардың тетіктері қарастырылған. Нәтижесінде өңірде аталған саланың адымы ауыз толтырып айтарлықтай, жоспары жұмыр. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде 22 клуб жұмыс істесе, оған қатысушылар саны 912 адамды құрайды. Соның ішінде 15 ұжымның «Халықтық», «Үлгілі» атақтары бар. Балаларға арналған үйірмелер саны – 10. Оған қатысатын балалар саны – 125.
Қаланың мәдениетіне жауапты мамандар тұрғындардың рухани сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында 31 көпшілік мәдени іс-шара өткізіп, 9 920 адамды қамтыды. Мысалға алсақ, Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Шәкәрім мұрасы – мәңгілік мұра» атты әдеби кеші, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Шуағын шашқан мереке», «Рақмет саған, ана» атты мерекелік іс-шаралар, қалалық «Кішкентай ханзада мен ханшайым» байқауы, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында, мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатта демалыс концерттері және өзге де іс-шаралар ұйымдастырылды.
Әлбетте, қалалық мәдениет үйі халыққа мәдени қызмет көрсету бағытында нақты жоспармен жұмыс істеуде. Себебі ұлттық сананың кемелденуі мақсатында мәдениет саласының мамандарының қосатын үлесі орасан. Мұның барлы- ғы – өнер адамдарының еселі еңбегі, жүйелі жұмысы. Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайды. Олай дейтініміз, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие.

Б.Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.