Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Мұқағали  – мәңгілік өмір»

0 76

Тараз қаласында қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ғасыр ақыны атанған  Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Мұқағали – мәңгілік өмір» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Қаламгердің мол рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен шараны №6 кітапхана мен Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі ұйымдастырды.

Кеште әуелі  ақынның өмір жолы мен шығармашылық әлеміне шолу жасалды. Сондай-ақ қаламгердің өмірінен сыр шертетін бейнематериал көрсетіліп, көрермендерге оның көзі тірісінде түсірілген сирек кадрлар ұсынылды.

Жиынның көркем сөз бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың терең философиялық ойға, мөлдір сезімге толы өлеңдері оқылды. Атап айтқанда, «Шыда», «Фаризаға», «Отан», «Сәби ана», «Елім барда», «Өмір жайлы», «Арманың бар ма?» сынды жырлар көрермен жүрегіне жол тапты.

Әдеби кеш сазды бөліммен жалғасып, ақын сөзіне жазылған «Сарыжайлау», «Есіңе мені алғайсың» әндері көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері дайындаған «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты кітап көрмесі таныстырылып, онда ақынның өлең жинақтары, өміріне қатысты деректер, замандастарының естеліктері мен ғылыми-зерттеу еңбектері қойылды.

Кеш соңында «Өмірдастан» поэмасынан үзінді оқылып, ақын мұрасының терең философиялық қыры тағы бір мәрте айқындалды.

Қорыта айтқанда, Мұқағали қазағымен мәңгі жасайды.  Жыр сүйер халқы барда ақынның бай мұрасы, маржан поэзиясы, көкірегінен буырқана атқылаған жыр жанартауы келешек ұрпаққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.