Аспантау аясында туып, әлемге аты жеткен, қара өлеңнің мұзбалағы, заманында лайықты бағасын ала алмай кеткен қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың бағасы бұл күнде Хантәңірдей биік. Ақынның туған күнін Алты Алаш тойлайды.
«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!» – деп ақын өзі жырлаған 9 ақпанды Тараз қаласындағы №30 мектеп гимназиясы да ұмыт қалдырған жоқ. Қазақ тілі бірлестігі және кітапхананың ұйымдастыруымен М.Мақатаевтың туған күніне арналған «Мен бұл ғасырдан емеспін» атты мәдени іс-шара өткізді. Кештің мақсаты ақын өлеңдерін жас ұрпақтың санасына сіңіру, сол арқылы оқушыларды елін-жерін сүйетін азамат етіп тәрбиелеу.
Іс-шараға 5-9 сынып оқушылары қатысып, Мақатаев өлеңдеріне жазылған «Қарасаз», «Сенің көзің» әндері шырқалып, «Шеше, сен бақыттысың», «Үш бақытым», «Арыз жазып кетейін» деген сынды өлеңдері оқылды.
Кешке қатысқан ұстаздар мен оқушылар тартымды әндер мен құдіретті поэзиядан бөлекше рухани ләззат алғандарын айта келіп, осындай әдеби бас қосулар жиі болып тұрса деген өтініштерін білдірді.