Қалалық қоғамдық-саяси газет

«М-1»-дің мәселесі шешілуде

Таразда 30 жыл бойы жөндеу көрмеген жылу желілері жаңғыртылуда

0 714

Жылу желілерін жаңғырту еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе соңғы жылдары орын алған төтенше жағдайлар аталған мәселенің тезірек қолға алынуын жеделдете түсті. Бұған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Осыған орай, шаһарда «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жылу желісінің жалпы ұзындығы 6 138 метрді құрайды.
«М-1» жылу магистралі 1990 жылдан бастап 34 жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жалпы жылу желілерін пайдаланудың нормативтік ресурсында қолдану мерзімі 25 жыл екенін ескерсек, магистральдің күрделі жөндеуді қаншалықты қажет ететіні айтпаса да белгілі.
Жыл сайын «Таразтрансэнерго» мемлекеттік кәсіпорны өз қаражаты есебінен ағымдағы жөндеу жүргізгенімен, мәселені түбегейлі шеше алмады. Өткен жылдардағы пайдалану мониторингін талдау негізінде жылу желісінде жылыту маусымында ақаулар санының ұлғайғаны анықталды. Айталық, 2022 жылы 6 ақау белгілі болса, былтыр желіден тағы 3 ақау табылған. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс жарияланып, жеңімпаз деп танылған бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «АДС Сапа» ЖШС және авторлық қадағалаушы «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ-мен келісімшарттар жасалды. Құрылыс жұмыстары биылға жоспарланған, ұзақтығы – 9,5 ай.
Жаңғырту жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жергілікті полиция қызметімен келісе отырып, Төле би, Жамбыл даңғылдарының қиылысы, Аққозиев көшесі және Төле би даңғылы мен Абай көшесінің қиылысындағы жолдар жабылып, демонтаж жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда мердігер «Сарыағаш-Аман» ЖШС тарапынан «Ауыл-Береке» базарына жақын аумақтан қойма жалға алынған. Қоймаға шамамен 1 600 метр тік және бұру құбырлары, бекіту арматуралары, құрылыс аумағын қоршауға арналған қоршаулар, т.б. қажетті құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтар жеткізілген.
Осылайша сәтін салса, «М-1»-дің мәселесі көп ұзамай шешімін таппақ.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.