Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланды

0 168

Табиғаттың жаңарып, қайта түлеу мезгілі – көктеммен бірге келетін Наурыз мерекесі тек қазақ халқына емес, сонымен қатар күллі түркі жұртына ортақ мұра, қазына. Жер-ана мен адамзат арасындағы үндестікті көрсететін «наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.
Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеген ұлық мейрам биыл жаңаша сипат алып, 10 күн бойы тойланады. Әр күнге атау беріліп, олардың әрқайсысы отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға бағытталған.

Бар жақсылық балаларға!

Көрісу күнінен бастау алған әз-Наурыз мерекесі Таразда кең көлемде аталып өтуде. Соның жарқын дәлелі – Қайырымдылық күніне орай Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында өткен «Балалар – біздің бақытымыз» атты іс-шара.
Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді. Сондай-ақ шаһар басшысы орталық тәрбиеленушілеріне арнайы дайындалған сый-сияпаттар ұсынды. Балғындар да өз кезегінде қала әкіміне алғыстарын жеткізді. Мерекелік шара барысында өнерпаз өрендер ән мен биден шашу шашып, өз өнерлерін паш етті.
Концерттік бағдарламадан соң қала әкімі орталықтың ішін аралап, ақ дастарқан басында балалармен еркін әңгіме өрбітті.
Айталық, шаһар басшысы балалардың шығармашылық көрмесін тамашалап, «Stars» сән және сұлулық мектебі, отбасы үлгісіндегі «Қуаныш» және «Балауса» жанұясы, «Адалдық» дүкені, «Тігін және қолөнер шеберханасы», «Бейнелеу өнері», «Коворкинг орталығы», «Ас- отау» аспаздық үйірмесі, «Психологиялық қызмет», «Медиация» бөлмелерімен танысты.
Жалпы аталған орталықта бүгінгі күні 107 бала тәрбиеленуде. Мұнда тәлім алушыларға «Ас-отау» (аспаздық), «Сымбат» (тігін), «Жібек» (бейнелеу өнері), «Балауса» (би), «Прима» (театр), «Томирис» (сұлулық) мектеп үйірмелері арқылы кәсіби бағдар беріледі. Сонымен қатар футбол, еркін күрес, армрестлинг, баскетбол секциялары жұмыс істейді.
Игі шара соңында балалар өздерінің алға қойған арман-мақсаттарымен бөлісіп, естелік суретке түсті.
Қайырымдылық ұғымының халқымыз үшін қашанда қадірі биік. Ал әз-Наурыздың осы күнмен ұштасуы оның мәнін арттырып, маңызын айшықтай түсері сөзсіз.

Қолөнерді дәріптеген құрақшылар

Мерекелік шаралардың легі Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен «Ұмыт болған оюлар» атты құрақшылар әлемі фестивалімен жалғасты.
Әуелі жиналған қауым қолөнершілердің туындылары орналастырылған көрмені тамашалады.
Жалпы қазақ халқының ою-өрнек өнері – әлімсақтан бері халқымызбен жасасып келеді. Сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен де астасып жатыр. Ою-өрнек – қазақ елінің мәдени дамуының шежіресі. Оның көне атауы – халықтың тарихы мен мәдениетін, ұлттық ерекшелігін, дүниетанымын сипаттайды. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде біздің қазақы ою-өрнегіміздің біршама түрі ұмытылып барады. Сондықтан өскелең ұрпақ қазақтың осы баға жетпес құндылығының маңызын түсініп, санасына тоқуы қажет. Осыны жете түсінген фестиваль қатысушылары ұмыт болған ұлттық құндылығымызды ұлықтап, келешек буынның санасына сәуле ұялата білді.
Шара соңында Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева ізгі тілегін жеткізіп, фестиваль жеңімпаздарына арнайы марапаттарды табыстады.

«Өнегелі отбасы – ел тірегі»

Шаңырақ күніне орай «Анаға тазым» отбасын қолдау орталығында «Өнегелі отбасы – ел тірегі» атты іс-шара өтті.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеген, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі жанұялардың өмірін, жарасымдылығын, тату-тәтті ғұмырын жастарға үлгі етуді мақсат тұтқан шараға жартығасырлық алтын тойға жеткен белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов пен жұбайы Күлбағира Жақсыбаева, бір шаңырақ астында 42 жыл ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл пен жары Айгүл Сәрсенбайқызы және 25 жылдық күміс тойдың иелері К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары, әнші, сазгер, ҚР мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров мен аяулы жары Лаура Сейіталиева арнайы шақырылды.
Тағылымға толы кездесу барысында қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, түрлі сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар шара барысында таяуда шаңырақ көтеріп, отбасын құрып жатқан жастардың неке қию рәсімі орындалды. АХАТ бөлімінің маманы Жансая Дүйсекова Нигметовтер отбасына неке куәлігін табыстаса, екі жасқа Сауранбек Жамалбеков бата берді.
Сонымен қатар Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай пен «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали жылы лебіздерін арнап, қонаққа шақырылған отбасыларды марапаттады.
Кеш соңы «Анаға тағзым» орталығының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлттық киімдер – ұрпақ қазынасы

Наурызнама онкүндігінің бесінші күні ұлттық киімге арналды. Айтулы күнді тараздықтар айрықша сән-салтанатымен атап өтті.
Мерекеге орай, «Көне Тараз» кешенінде «Ұлттық киім трендте» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында ардагерлер, жастар, волонтерлар мен қолөнершілер – жалпы саны 100-ден аса адам ұлттық нақыштағы киім киіп, шаһарды думанға бөледі.
Олар Төле би даңғылынан бастап орталық көшелерді жүріп өтіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ іс-шара аясында ұлттық киімдер туралы викториналық сұрақтар қойылып, құрт, ірімшік, бауырсақ, жент секілді қазақи дәмдерден базарлықтар таратылды.
Мерекелік шаралар легі мұнымен толастамайды. Айталық, шаһардағы аумақтық округтерде де Ұлыстың ұлы күніне орай түрлі көңілді думандар ұйымдастырылып, жұртшылық наурыз көжеден дәм татты. Бұдан бөлек, 21 наурыз күні Орталық алаңда «Ар ма, әз-Наурыз?» атты көпшілік-мәдени іс-шара өтеді.
Мерекелік думан барысында киіз үйлер қалашығында қазақ халқының өткен дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы бейнеленіп, қолөнер, тұрмыстық, ұлттық салт-дәстүрлерінен көріністер, «Ұлы көш» шеруі, қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен фотоаймақ, ұлттық спорттық ойындар, алтыбақан, ұлттық тағамдардан сауда-саттық, театрландырылған қойылым, эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады. Айшықты мейрам қаланың барлық округінде және шет аумақтарында айрықша тойланбақ.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.