Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы тұлғаның ұстаздық жолы

0 825

Спандияр Көбеев 1878 жылғы 13 қазанда бұрынғы Торғай облысының Николаев уезінің Обаған болысының Қызыл Ту ауылдық кеңесінің Алакөл жазығындағы Бәшен (Байәділ) ауылында дүниеге келген. Спандиярдың ауылы Шақа руындағы ең кедей ауыл саналған. Өзінің «Орындалған арман» атты мемуарында автор Қоңырша ауылының атақты Тілеміс деген байының Сауытбай, Сандыбай және Дәндібай деген балалары Алакөлдің шұрайлы мал өрісін де, жақсы шабындық жерлерін де, ақыры, балықты көлдерді де өздеріне тартып алып, кедей шаруаларды жерсіз қалдырды деп кінәлайды.

Спандияр екі-үш жаста болғанда, байдың өрісінде батылы барып кедейдің малын баққан Қисық деген малшыны байдың жіберген ұрда-жық адамы өлтіріп кетеді. Ақырында бұл ауылдар арасындағы қырқысқа алып келеді. Спандиярдың әке-шешесінде жеті ұл мен бір қыз болған. Спандиярдың әкесі Көбей, Жансүгір деген кедей шаруаның баласы екен. Көбей үш ағайынды болыпты. Үлкені Көбей, оған төтесі Төбей, одан кішісі Сәрсен деген адамдар екен. Көбеевтің автобиографиясына сәйкес, Төбей мен Сәрсен жас кездерінде қайтыс болған, бірақ артында ұрпақтары қалған. 1951 жылға қарай Сәрсеннің немерелерінің бірі колхоз мүшесі болған, ал екіншісі ҚазКСР Ғылым академиясында аспирантурада оқыған. Төбейдің төрт баласы болған, олардың әрқайсысының тағдыры әрқилы. Төбейдің ұлдарының бірі жас шағында қайтыс болған, Мұстақи деген ұлы Ұлы Отан соғысында қаза болған, Біләл деген баласы да осы соғысқа қатысып, аман-есен оралып, түрлі орден-медальдармен наградталған. 1951 жылы ол Ақсуаттағы мектептердің бірінде оқытушылық қызмет еткен. Соңғы ұлы Қасен сол жылы колхозда істеген. Спандияр Көбеев әкесінің қайда оқып, қандай білімі болғандығын білмеген, бірақ мұсылманша оқи білгендігі туралы жазады. Үлкен отбасын асырау үшін Көбей Жансүгіров етік тігумен, кезі келгенде балташылықпен де айналысқан. Спандияр әкесін бай ұлының жақсы көрмегенін жазады. Мысал ретінде Сауытбай мен Сандыбай байлардың балаларының әкесін мазақтап шығарған өлеңін келтіреді:
«Көбей ағам келеді,
Көк күшікпен желеді,
Біздің астан құр қалса,
Іші күйіп өледі».
Анасы Айтбоз туралы сөз болғанда Көбеев ол кісінің бұрынғы Торғай уезінде Тосын болысына қарайтын Қарсақбасы Қаракөл деген жердегі Қарабас руынан шыққан Қуандық деген шаруаның қызы болғанын айтады. Спандияр Көбеев әке-шешесінің тату тұрғанын, бір-бірін қатты сыйлағанын айтады. Спандияр туғанда әке-шешсінде бес ұл мен бір қыз болған екен. Ата-анасы оны оқуға беруді армандайды:
– Осы Спанжанды оқытсам деп едім, – деп ойға шомып кететін әкем.
– Соны айтам, осы баланы оқытып, адам қатарына қоссақ, жақсы болар еді, – деуші еді анам.
– Көресің бе, бүкіл ауылда тым құрымаса молда ұстаған біреу жоқ, – деп әкем қынжылатын.
Бірде Сауытбай үлкен той ұйымдастырады, бұл тойға ежелден қырқысып келе жатқан Спандияр ауылының кісілері де шақырылады. Бұл жерде тойдың Сауытбайдың орыс байы Шодырды (Федор) өлтіруді ұйымдастырғаны үшін түрмеде отырып, содан босап келген кезі екенін айта кету керек. Шодырға қастандық жасаған топтың ішінде ақын Нұржан Наушабаев та болған екен. Сауытбай түрмеде алты ай жатып, пара беріп, босап келеді. Тойға әкесі кішкентай Спандиярды да ала барады. Көбей кедей болғанымен, туған ауылында аса қадірлі кісі болған. Тойда оны құрметті қонақтардың жанына төрге отырғызады, солардың ішінде Спандияр бірінші рет Ыбырай Алтынсаринді көреді. Барлық жиылғандар «орысша» киінген, шоқша сақалды Ыбырайдың аузына қарап қапты. Әкесі мен баласы келген уақытта қонақтар балаларды орысша оқыту, мектеп салу туралы әңгімелесіп отыр екен. Оқу мерзімі туралы сөз қозғалғанда, Ыбырай төртжылдық мектеп салу үшін не мұғалімнің, не оқушының жоқтығын айтады. Сол кезде еті тірі, сөзі өткір Абұйыр деген адам байлардың күшімен Обаған болысында екі жылдық мектеп салуды ұсынады. Жиналғандар осы бастаманы қолдайды. Бірқатар байлар балаларды алдымен мұсылманша оқыту керек деседі. Оған Ыбырай: «Балалар алдымен білім беретін пәндерді, орыс тілін үйренеді, сонымен қоса мұсылман дінін де оқиды», – деп жауап береді. Жұрт осыған келіседі. Бірақ Сауытбай мектеп салуға асықпайды, ал оның інісі Сандыбай молда жалдап, балаларды мұсылманша оқыта бастайды. Көбей мектептің ашылуын күтпейді, Сандыбай мектебінің молдасына барып, ұлын мектепке қабылдауды сұрайды. Баланы қабылдайды. Өмірінің бұл кезеңі туралы Спандияр ұзақ оқымағанын айтады. Себебі молда баланы ұрмақ болған, бірақ Спандияр молданың қолындағы шыбығын жұлып тұра қашады да, үйіне келіп, болған жайды әке-шешесіне айтып береді. Олар баланы енді қайтып молдаға оқуға бермеуді шешеді. Сөйтіп, кішкентай Спандияр шаруашылықта істей бастайды. Сол жылы Спандиярдың ауылы көктемнен бастап Әйімтай жарық шабындығын меншіктеп алады. Бірақ оны да Сауытбай, Сандыбайлар өздеріне қаратып алыпты. Сауытбай сол шабындықты бір орыстың байына сатпақшы болып жүреді екен. Мұны естіген ауыл адамдары шабындықты өздері пайдаланбақшы болып, Сауытбайға сөз салады: «Ағайын, қарындас едік… Маған осы бір үй орындай шабындықты қимаймын деп тағы да атысып-шабысып жатамыз десеңдер, мейілдерің…», – депті бай. Пішен шабу уақыты келгенде, кедей ауыл шабындыққа аттанады. Бір ай ауыл адамдары пішен шабады. Бірақ көп ұзамай Сауытбайдың адамдары келіп, бұлардың шабындықтан кетулерін талап етеді, кедейлер кетуден бас тартады. Келесі Сауытбайдың салт аттылары келіп, шабындықты қоршап алады, төбелес басталады, ақырында шабындық басындағы мая-мая шөп өртеніп кетеді. Біршама уақыт өткен соң Сауытбай ауылында мектеп ашылыпты деген хабар келеді, бірақ Көбей болған жайттан кейін баламды мектепке алмақ түгілі, ауылға да кіргізбейтін шығар деп ойлайды. Мектеп ашылардың аз алдында, 1887 жылы Спандиярдың үйіне бір кісі келіп, Көбейге балаңмен байдың ауылына барып, бағыңды сынап көр деп кеңес береді. Көбей солай істеп, баласын мектептің ашылуына алып барады, ол жерде баланың аты-жөні мен жасын жазып алып, бірінші сабаққа 10 желтоқсанда келуді тапсырды. Көбеев өз естелігінде әкесімен далаға шыққанда Сауытбай баймен кездесіп қалғандарын, әкесі мен бай арасында болған жағымсыз әңгіме туралы айтады. Айтылған күні мектепке келген Көбей мен Спандиярдың алдынан Салмұғамбет болыс шығады. Айта кету керек, ол да Тілеміс байдың ұрпақтарына жататын. Ол Көбейге оның баласының орнына байдың баласы алынғанын және де мектептің кедейдің балаларына арналмағанын айтады. Абырой болғанда, осы сәтте бұлардың жандарына Ыбырай Алтынсарин келе қалып, кедейлердің сөзін сөйлейді: «Дұрыс емес. Бұл – жалғыз байлардың балалары оқысын деп ашылған мектеп емес, жалпы қазақ балаларына ортақ мектеп. Шынында, мектепке ең алдымен нашарлардың балалары алынуы керек», – дейді. Ешқандай бай да, болыс та Ыбырайға қарсы сөз айта алмайтын. Спандияр Көбеевтің мектептегі алғашқы күні осылай басталады. Спандияр Көбеев мектепті 1892 жылы аяқтайды. Мемуарында ол бай балаларының іс-әрекеттері туралы егжей-тегжейлі жазады. Тіпті бір күні ол солардың бірімен төбелесіп те қалады. Спандияр Көбеев 1889 жылғы жазда Ыбырай Алтынсарин қайтқаннан кейін болған жаназасы есінде екенін жазады. Сол кезде оның мектебіндегі мұғалімдердің бірі Қарағайлыда төрт жылдық мектеп салуды ұсынады. Бұл бастаманы халық қолдайды. Осылайша, 1892 жылы екі жылдық мектепті бітірген Спандияр төрт жылдық мектепке оқуға барады. Қарағайлыдағы мектептің екі жылдық мектептен ерекшелігі – бұл мектепте қазақ балалары орыс балаларымен бірге оқиды екен. Сол кезде Көбеевпен бірге Бекет Өтетілеуов, Әбубәкір Байтішев пен Тұрман Шынтасов оқиды. Айта кетерлігі, Көбеев мектепті құрдастарынан бір жыл кейін бітіруге тура келеді. Бұл туралы да ол өз өмірбаянында айтады. Бірде Қарағайлы тұрғындары Масленицаны тойлайды. Бұрын мұндай мейрамды көрмеген қазақ балалары көшеге шықпай, жатақханада болады, тек Спандиярдың досы Бірке ғана ешкімге айтпастан ауылға кетіп қалады да, көшедегі бір топ мас бай саудагерлердің арасына барып кіреді. Мастар оны қызық көріп, орталарына алып, әр алуан түрге еніп қорқытады. Поселкенің шетіне алып шықса, Бірке қорқып, есінен танып қалады. Ессіз жатқан баланың үстінен шыққан мектеп күзетшілері оны жатақханаға алып келеді. Ес-түссіз жатып, бірнеше күннен кейін Бірке қайтыс болады. Біркені шошытып, азапқа салған адамдар да табылмайды. Өлімнің себебі де анықталмады, сондықтан да мектепте бала қайтыс болды деген хабардан барлық оқушының ата-аналары шошыды. Көп өтпей Спандияр ауырып қалады. Артынан әке-шешесі келіп баланы ауылға алып кетеді, шешекпен ауырғаны анықталады. Бір жылды өткізіп, ол мектепке қайта оралады да, 1895 жылы оны тәмамдайды. Орыс мектебін бітірген Спандиярдың алдында екі жол бар еді: бірі – уезге шенеунік болып орналасу, екіншісі – Қостанайға оқуға бару. Спандияр таңдауын тез-ақ жасайды. Әке-шешесі баланың Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ мектебіне барып білім жалғастырамын деген ниетін қолдайды. Оның үстіне бұл мектепті бітіргесін Спандияр білімін Орынбордағы мұғалімдер институтында жалғастыра алар еді. Мемуарында С.Көбеев Қостанай қаласының салынуына себеп болған оқиғаларды да баяндайды. Атап айтқанда, ол Қостанайға келген сәтінде қалаға небәрі 14-15 жыл ғана болғанын айтады. Ол кезде Торғай уезі Николаев деп аталатын, алайда бұған қарамастан, онда әкімшілік орталық деген жоқ болатын. Мұның өзі уездің орталығынан әкімшілік басқару орындарын құруға мүмкіншілік бермеген. Сондықтан Орынбордың генерал-губернаторы 1879 жылы желтоқсан айында қазіргі Қостанай қаласы тұрған жерден уездік орталық болатын поселка салу мақсатымен 1000 орыс шаруаларын қоныстандыру үшін оларға 13 мың 300 десятина жер кесіп беруге рұқсат етеді. Келесі жылы көшіп келушілерге тағы да 40 мың десятина жер бөліп беріледі. Қазақстанға осыншама орыс қоныс аударушылары-ның келуі Спандиярда екіұдай ой тудыратын: бір жағынан, шенеуніктер байлардың жерін қозғаған жоқ, демек, кедейлер жерінен айырылып жатыр, ал екінші жағынан – орыстар қазақ ауылдарына көп жаңашылдық әкелді. Қостанайдағы мектеп Көбеевке ұнайды. Қаланың қызыл кірпіштен салынған мектебінде оқитынына масаттанатын. Мектептің қабырғасы мен едені боялған, парталары жаңа, сыныптары әлдеқайда кең әрі жарық. Жатақхана да Спандиярды тамсантпай қоймады. Жаңа мектепке келген бірінші күні Көбеевті моншаға жіберіп, содан соң жаңа киім береді. С.Көбеев мектептегі тәртіптің қатаң болғанын еске алады. Балаларды жатақханадан ешқайда жібермейді және сырттан ешкімді кіргізбейді. Сәл ғана тәртіп бұзған не сабағын үлгіре алмаған балаларды бұрышқа қаратып тұрғызып немесе еденге жүгіндіріп отырғызып қоятын. Аса тентектік жасаған балаларды тәулік бойына қараңғы карцерге отырғызып қамайтын. Осындай қатаң атмосфера балаларды тәртіпке үйрететін, қалған бос уақыттарының бәрін олар сабаққа арнайтын. Спандияр Көбеев мектепті 1897 жылы бітіреді. Мектепті бітіріп Спандияр туған ауылына оралады, көршілерге қаладан әкелген кітаптарын көрсетеді. Әке-шешесі бұның құрметіне шағын той жасайды, Спандиярдың қаладан әкелген тамашалап отырған жұрт:
– Болысқа песір де бола алатын шығар, – деді біреу.
– Не айтып отырсын өзің? Ояз өзіме тілмаш болып қал депті ғой, – деді тағы біреу.
– Тілмаштықты не қылсын? Соларыңның талайынан білімді өшетіл болатын правоға ие боп кепті ғой Спанжан, – десті.
Қостанайдағы соңғы оқу жылында Спандияр Семиозер болыстық мектебінде меңгеруші болып істейтін Камалетдинмен хат жазысып тұрады. Ол хатында: «Орынборда оқытушылар даярлайтын мектеп бар, екі класты мектепті бітірген балаларды алады, соған оқуға түс», – деп жазады. Спандияр бұл ұсынысты ойланып жүрген кезде, оған Торғай уезіндегі болыстардың біріне писарь немесе тілмаш болу туралы ұсыныс келіп түседі. Бұндай ұсыныстан сасып қалған Спандияр «бұл жұмысқа әлі жаспын және білімімді әрі қарай жалғастырамын» деп бас тартады. Сол жылдың шілдесінде Спандияр өзін оқуға қабылдауға өтініш білдіріп, Орынборға хат жолдайды. Екі айдан кейін: «Биылғы оқу жылына үлгіре алмадыңыз, келесі 1898-1899 оқу жылының қарсаңында, августің жиырмаларына келіп экзамен беруіңізге болады» деген жауап алады. Сөйтіп, Спандияр бір жыл ауылда жатып әрі алдағы емтиханға дайындалады, әрі орыс классиктерінің еңбектерін оқиды. Сол жылы Крылов шығармаларының толық жинағын, Пушкиннің, Лермонтовтың, тағы басқалардың жеке шығармаларын оқып шығады. Бір жылдан кейін, тамызда, Спандияр Көбеев Қостанайға келіп, мектеп директоры Ларинмен кездеседі. Оған Орынборға бару үшін соның мектебі беретін құжаттар қажет еді. Ол Ларинге Орынборға барып оқығысы келетіндігі жайлы айтады. Директор болса, Орынборға енді оның бара алмайтынын, себебі Көбеевтің орнын Өтетілеуов деген байдың баласының алып қойғанын жеткізеді. Еңсесі түсіп кеткен Спандиярға Ларин Қостанайдағы педагогикалық курстарға шәкірттер қабылданып жатқаны туралы айтады. Сөйтіп, біраз ойланып, Спандияр Қостанайдағы педагогикалық курсқа баруға шешім қабылдайды. Айта кету керек, бірнеше айдан кейін курсқа Орынборда емтиханнан өте алмаған Өтетілеу байдың баласы Үмітбай да келеді. Бірақ оны курсқа қабылдамайды, өйткені орын жоқ еді. Спандияр Көбеев педагогикалық курсты 1901 жылы бітіріп шығады. Маусымда емтихан тапсырып, курс бітіргені туралы құжатқа және бастауыш сынып бабаларын оқыту құқығына ие болып шығады. Мұғалім болу туралы арманына барар жолда Көбеев табаны күректей 13 жыл өткізеді. Бұл арманынан барар жолда ол өзінің шығу тегіне қатысты әділетсіздікті де, сенбеушілікті де бастан кешіреді, бірақ барлық қиындықты жеңіп, өзінің ұлы мұратына – жалпыға білім беруге қол жеткізеді. Спандияр Көбеев елу жылдан аса мұғалімдік қызмет атқарады, оның алдынан Қазақстанның талай білімді ұландары өтеді. Ол – қазақ әйелінің қоғамдағы орны, ауыл кедейлерінің көріп жүрген қорлығы, патриархалдық тұрмысты әшкерелейтін қазақ тілінде жазылған тұңғыш романның авторы. Ол Кеңес үкіметін қолдағанымен, тек 1940 жылы ғана оған мүшелікке өтеді. Ол өз ұстазы Ыбырай Алтынсариннің қызметін негізге ала отырып, көптеген оқу құралдарын, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және білім беру мәселелері бойынша мақалалар жазады.

Аян АДЕН,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.