Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы Отан соғысы тарихын өңірлік деңгейде зерделей алдық па?

0 207

Ұлы Отан соғысындағы Жеңісімізге 74 жыл толып отыр. Бұл бұрынғы Кеңес Одағы халықтарының басынан кешкен оқиғалардың ең ауыры болғандығы белгілі. Жан алып, жан беріскен соғыстың төрт жылы бұрынғы КСРО-ның көп ұлтты халқының басына түскен ең ауыр зауал болғаны анық.

Осы орайда, жамбылдықтар өз Отанын қорғау жолындағы ұлы іске атсалысқанын мақтанышпен еске алады. Қазақ КСР-інде, соның ішінде Жамбыл облысында жасақталған көптеген әскери құрамалар даңқты есімдерін Ұлы шайқастар жылнамасына қашап жазды. 316-шы (Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық), 238-ші (30-шы гвардиялық) және 312-ші атқыштар дивизияларының даңқы Мәскеу түбіндегі шайқаста, 29-шы (72-ші гвардиялық) дивизия Сталинградты қорғаудағы, Курск иініндегі Днепрден өтудегі шайқастарда, 310-шы атқыштар және 314-ші дивизиялар Ленинград түбіндегі шайқаста даңққа бөленді. Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңестер Одағының ең жоғарғы әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 28-ге жетіп отыр. Осы даңқты бабаларымыздың қатарында А.Суханбаевты, С.Естемесов, А.Дәулетбеков, С.Шәкіров, Б.Момышұлын атап өтсек болады. Сонымен қатар «Даңқ» орденінің толық иегерлері Е.Досмұхамбетов пен Т.Тастандиевті де осы топқа қосқанымыз абзал.

Жалпы осы және басқа да деректерді іздестіру барысында Ұлы Отан соғысына қатысты мұрағат құжаттарының басым көпшілігі Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатындағы 282-ші (Жамбыл облыстық партия комитеті) және 399-шы (Жамбыл облысының атқару комитеті) қорларда жинақталғанын айта аламыз. Жоғарыда аталған қорларда Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін өңірдегі барлық жұмыстардың соғыс талабына сай жүргізіліп, халық арасында жаппай саяси жұмысты үдете түсу ісіне үлкен мән берілгендігі көрсетіледі. Осылай, Қазақстан К(б)П ОК-нің 1941 жылдың 4 қазанында ҚК(б)П Жамбыл облыстық комитетіне жіберілген хатында Отанымызға қауіп төніп тұрған кезде халықты неміс-фашист басқыншыларына қарсы жұмыла бас көтеруге шақырғандығы туралы мәліметтері мен басқа да іс-шаралар тізбесі беріледі. Осы және басқа да тапсырмаларды орындау барысы мен тылдағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері тұрғысындағы құжаттар 399-шы қорда жинақталған. Осы қорда «Кеңестер Одағының Батыры» атағын алмаса да, халық хас батыр санаған Ибрагим Сүлейменовті мәңгі есте сақтау үшін Жамбыл ауданының «Төрткүл» колхозына, Жамбыл қаласындағы Билікөл көшесіне және батыр өмірге келген Сарысу ауданындағы Комсомольский ауылдық кеңесі мен «Қызыл күншығыс» колхоздарына И.Сүлейменовтің атын беру туралы Еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің 1944 жылдың 21 қаңтарында шығарылған қаулысы да бар.

Ұлы Отан соғысына байланысты келесі құжаттар топтамасын газет материалдары құрайды. «Жауды ақырына дейін талқандаймыз», « Егін жинауда жұмыс соғыс қарқынымен істеле берсін», « Мемлекеттік соғыс зайемы – халық мүддесі», «Қызыл Армияға киім берушілер күн санап көбеюде» тақырыптарындағы және т.б. мақалаларда Ұлы Отан соғысы кезіндегі облысымыздың өмірі объективті айшықталған. Мәселен, 1942 жылдың 15 наурызындағы «Красногорші» газетінде жарияланған «Қызыл Тулы» генерал-майор Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизиясының гвардееці Манап Алпысбаевтың халқына жолдаған жауынгерлік сәлемінде: «Соғыстың алғашқы кездерінде мен наводчик болып істедім. Онда әрбір оқты бос жібермеуді мен өзіме міндет етіп қойдым. Осы мақсатпен жаудың бізге жасаған бір шабуылында мен оларды 200 метрдей жерге жақын келтіріп алып, пулеметтен ажал оғын атқанда, жүздеген неміс солдаттарын жайраттым. Қырғынға ұшыраған жау бірнеше машина, танктерін тастап кері шегінді. Ол үшін командования маған алғыс жариялады және мені саяси нұсқаушының көмекшісі етіп тағайындады. Әрине, бұл алғыс мені бұдан былай да жігерлендіре береді. Менің бұдан да зор, ең жоғарғы наградтарға әлі-ақ қолым жетеді. Ал енді апа-қарындастар, тағы басқа да жерлес достар, сүйікті Отанымызды қорғауда біздің алдымызда қаншама жауынгерлік міндеттер тұрса, тылды берік сақтай отырып, майданға көмек көрсетуде сіздерге де ұлы міндеттер жүктеліп отыр. Әсіресе, майданға және елімізге етті, майды, астық өнеркәсібіне қажетті шикізатты мол беру үшін үстіміздегі жылдың көктем егісіне ойдағыдай әзірленуде және мал басының продуктылығын (құжатта солай, еск. С.Б.) арттыра беруде сіздер де патриоттық жігер тудыртыңдар. Тылдағы сіздер көрсеткен ұлы көмектерге сүйене отырып, біздің гвардеецтер рахымсыз жауды талқандау жолында ақырғы қасық қаны қалғанша күш жұмсап, советтің қалалары мен селоларын пасық герман жендеттерінен түгел тазартатындығында күмән жоқ», – дей келе, хатының соңында: «Туысқан красногорлықтар, жауды жер бетінен жоқ еткен жеңіс тойында кездесеміз», – деген ниетін білдіреді. Шындығында да, Ұлы Отан соғысы кезіндегі жамбылдықтардың тылдағы еңбектері орасан болды. Тек, 1941-1942 жылдардағы қыстың өзінде жамбылдықтар Қызыл Армия үшін мал өнімінен тігілген, тоқылған 150 мың дана жылы киім жіберді. Ал Жамбыл қаласының еңбекшілері 1942 жылы 17575 шолақ күртеше, осынша пима жинап берді. Осы жылы Брянск майданына 16 вагон сыйлық жөнелтсе, 1943 жылы Ленинградты қорғаушыларға 9 вагон азық-түлік, киім-кешек жөнелтті. Облыс еңбеккерлері танк колоннасын жасақтауға 25 480 мың сом, әскери эскадрилияларды қайта құру үшін 24 557 мың өткізіп, 73 562 мың сомның әскери заем облигацияларын сатып алды. 1943 жылы 7 қазанда майданға 24 тонна жарма, 10 тонна күріш, 14 тонна қант, 45 тонна ет, 3,4 тонна кептірілген жеміс, оған қоса 14 мың дана жеке посылкалар жөнелтеді.

Әрине, жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942 жылдың қазанында құрылған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28-ші армиясының құрамында, фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 километрлік Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа елу мың қазақстандықтың қатысып, ержүректілікпен көзге түскендіктері белгілі. Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны бүгінде нақты анықталып отыр. Себебі 1941 жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батысеуропалық бөлігін жаулап алған еді. Сондықтан да, аталған шайқаста ауыртпалық негізінен Шығыс халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында, олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Аталған топта жамбылдықтардың да аз болмағандығын жоғарыдағы құжат анық көрсетіп тұр. Бұл енді зерттеуді қажет ететін мәселе.

Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев, Тихон Мирошниченко секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Айта кету керек, тек Украинадағы А.Грабчактың партизан құрылымында (соединение) 41 қазақ жауға қарсы күресті. Олардың арасында жамбылдық жерлестеріміз болуы әбден мүмкін.

Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып та қорғаған еді. 1943 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз-келіншек Қызыл Армия қатарында соғысып жатты. Олардың қатарында Нұрғаным Байсейтова мен Тұрғаш Жұмабаева сияқты ерлік көрсеткен жамбылдық апаларымыз да болды. Тек, солардың атын жарыққа шығару әзірге кемшін.

Алапат соғыста «әттеген-ай» дейтін тұстардың бірі – Ржев дөңесін азат ету үшін болған шайқас. Кеңестік әскери тарихнамада Ржев түбінде болған «Марс» операциясы туралы нақты деректер берілмеген. Тіпті осы ұрысқа тікелей басшылық еткен маршал Г.Н.Жуковтың өзі мемуарларында бұл шайқасқа көп тоқтала қоймайды. Бұл жерде «жақсысын асырып, жаманын жасырып» күн кешкен кеңестік саясаттың салқыны атақты қолбасшыға да тиесілі болғандығына қамығасың. Нақтылап айтсақ, Ржев бағытындағы 60 мыңдық неміс армиясына 1 миллион 30 мың адамдық әскерді қарсы қою, әлбетте біріншіден, әскери дайындықтың нашарлығын көрсетсе, екіншіден, сол әскер құрамындағы адамдардың тағдырына деген немкеттілікті білдірсе керек. Әрине, Ржев қаласының Мәскеуден небары 200 шақырым қашықтықта орналасқандығын еске алсақ, «Марс» операциясының соншалықты маңызды болғандығын түсінуге болатын секілді. Бүгінгі күн тұрғысынан түсінбейтіндігіміз – құрбандыққа шалынғандардың қатарында қазақстандықтардың, соның ішінде қазақтардың үлес салмағының көптігі. Дегенмен уақыт бәріне төреші. Қазіргі кезде осы ұрыста шейіт болған әруақтардың аты-жөндері қайта аталынып, осы аталарымыз туралы ақпараттар там-тұмдап берілуде.
Енді осылай Сталинград, Курск, Ленинград және басқа да майдандарда ерліктерімен көзге түсіп, тең жартылары шейіт болған жамбылдық бабаларымыздың тағдыры толық анықталмай жатқанда, біз не істеуміз керек? Осы тұрғыда ой қорытсақ, біріншіден, жұмысты жүйелі түрде жолға қойғанымыз абзал. Ол үшін нақты іс-шаралар тізбегі белгіленіп, оның орындалуы тұрақты жұмыс тобының бақылауында болғаны жөн сияқты. Күнделікті хабарласу мен делегациялар алмасу мәселесін де осы топтың шешкендігі дұрыс болар еді. Бұл іс-шаралардың тек мемлекет тарапынан көмек болғанда ғана өз шешімін табары түсінікті болса керек.
Екіншіден, соғыста қайтыс болған боздақтарымызды іздестіруді тездетуіміз қажет. Себебі толық емес мәліметтерге қарағанда, облысымыздың тек Байзақ ауданынан (бұрынғы Свердлов) соғысқа аттанған 2924 жауынгердің 1972-сі хабар-ошарсыз кеткен. Сондықтан да, осы саланы (ҰОС тарихын) зерделеп жүрген ғалымдар мен ізденушілердің, өлкетанушылардың арасынан біліктілерін таңдап, олардың осы істі кешенді зерттеуіне мүмкіндік жасағанымыз дұрыс.

Үшіншіден, осы бағыттағы атқарылған тірліктерімізді ұқсата түсу жолындағы іс-шараларымызды ширатқанымыз жөн. Мәселен, Сталинград шайқасына, «Марс» операциясына қатысып, ерлікпен көзге түскен жауынгер бабаларымыз туралы өмірбаяндық анықтамалық жазып шығуға болмас па еді?! Немесе қазірге дейін белгілі болған тұлғаларды олар туып-өскен елді мекендерінде ұлықтап, соғыста шейіт болған боздақтардың әруағын риза ету керек емес пе? Ол үшін әрбір мұражай мен ауылдық округтерде әскери даңқ бұрыштары ашылып, онда ерлеріміздің өмірбаяны, орден және медаль кітапшаларының көшірмелері мен майданнан жазылған хаттары қойылса дұрыс болар еді. Мұндай игілікті істен Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен түрлі деңгейдегі газеттердің, сонымен қатар бүгінгі күні арамызда жүрген соғыс және еңбек ардагерлерінің де тыс қалмайтындығы белгілі.

Жалпы өткен соғыста аталарымыздың жанкештілікпен жасаған ерліктерінің ерен болғаны анық. Ендігі жердегі міндет біздің аға буынымыз жеткен осындай жетістіктерді бағалай білуімізде болса керек.

Сейдахан Бақторазов,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.