Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлы мамандық иесі

0 1  624

Несібелі Ералықызының әу бастағы арманы авиациялық училищеге оқуға түсу болатын. Бірақ, адамның дегені емес, Алланың айтқаны болып, нәсіп ұлы мамандық ұстаздықтан бұйырды.

Өзі туып-өскен Талас ауданының Тамды ауылындағы мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепте 9-10 сыныптарда оқыған Несібелінің неге екенін қайдам, спортқа деген әуестігі оянған. Ол жеңіл атлетикаға, гимнастикаға бейім еді. Әсіресе, шалқасынан иіліп «көпірше» жасағанында, екі аяғын алды-артына созып тастап «шпагат» тартқанында достарының өзі таңғалатын. Ол, сондай-ақ, ДОСААФ қоғамының парашютистер үйірмесіне де барып жүретін. Бір рет самолеттен секіргенінде парашюті кештеу ашылып, талдың бұтағына ілініп қалған да кезі болған.
Мектеп бітірерде Қиыр Шығыстағы авиация- лық училищенің көшпелі қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсырды. Көңілі алып-ұшып, жүрегі лүп-лүп соғып тұр. Бәрі тамаша! Тек, медициналық комиссиядан өту кезінде беломырт- қасының құйымшаққа түйісер жерінен кінәрат табылып, жарамсыз деген диагноз қойылғаны. Сонымен, авиациялық училищеге түсу арманы адыра қалды.
Несібелі қатты өкінді. Көзінің жасын сығып та алған. Бірақ, өкінгеннен пайда жоқ. Басқа мамандық таңдауы керек.
Таңдау мұғалімдікке түскен. Мектепте жаратылыстану пәндеріне бейім Несібелі физикадан жақсы оқыған. Жүрек қалауымен Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институтының физика-математика факультетіне тапсырды құжаттарын. Жолы болып оқуға түсіп кеткен Несібелі Ералықызына таңдаған мамандығын игеру онша қиын соққан жоқ. Мектепте оқығанына қоса, ДОСААФ-та үйірмеге қатысқанында ауаның қысымы, желдің қарсы әсері, жердің тартылыс күші туралы біраз мағлұмат алған. Институтта осының бәрі пайдаға асты. Мектептерде педагогикалық тәжірибеден өту кезінде бұрын білгендерін толықтыра түскен. Несібелі педагогикалық әдістеме тәсілдеріне баса көңіл бөлетін. Өйткені, өзіңнің білгеніңді шәкірттерге жеткізуде педагогикалық әдістемелерді жақсы игермесеңі, бәрі бекер.
Несібелі әр сабағында оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыруға барын салды. Ол мақсатына жетті де. Себебі, физиканың заңдарын оқытуды тәжірибеге ұластыра білу керек. Дененің қозғалысы, оған қарсы ауаның әсер күші, кедергілердің әсері, үйкеліс заңынан ток көзінің пайда болуы, бүкіләлемдік тартылыс заңының аспан денелері айналысына әсер етуі, тағы басқаларды тәжірибеде көрсету өте қызықты. Сол арқылы баланы баурап алуға болады. Содан болар, оқушылар Несібелі әкпейлерінің сабағын асыға күтіп отыратын. Себебі, ол әр тәжірибе сабағын оқушыларды қатыстыра отырып жүргізеді. Нәтижесінде сабақ қызықты әрі түсінікті.
Несібелі Ералықызы өзінің педагогикалық қызметінде Хакім Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен білімің екі жақтап» деген қағидасын қатты ұстанатын. Осы ұстаным оның еңбегін жемісті етті. Бұл, әрине, үнемі үлкен ізденсте болудың, білімі мен біліктілігін жетілдіріп отырудың арқасы.
Мұғалім Несібелі Ералықызы педагогтық еңбек жолын Қаратау қаласындағы Н.Крупская атындағы мектеп-интернатта бастаған. Физика пәнінің мұғалімі әрі қоса жүктелген тәрбие сағаттарын да жүргізуі керек. «Жас келсе, іске!» деген емес пе, жұмысты беріле істеді. Таңертеңнен кешке дейін мектепте. Интернатта жататын малшы балаларымен және Қасқабұлақ ауылының күрд балаларымен жұмыс істеу оңай болған жоқ. Бірақ, бала тілін таба білген, оларды өз пәніне қызықтыра білген ұстаз ұтты. Ұтқаны сол оның оқушылары «Қызықты физика әлемінде» үйірмесіне белсене қатысып, қалалық пән олимпиадасында жүлделі орындарды жеңіп алған.
Отбасы жағдайымен 1984 жылы Жаңатас қаласына қоныс аударған Несібелі осындағы «Үш ноян» аталатын жатақхана кешенінде аға тәрбиеші болып жұмыс істеген. 1200-ден астам тұрғыны бар жастар жатақханасында оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуге барлық жағдай жасалған. Тұрақты жұмыс істейтін көркемөнерпаздар, спорт, қызықты ойын-сауық, би үйірмелері жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге өте қолайлы. Сонымен қатар, жастарды қоғамдық-саяси жұмыстарға тарту, лекциялар оқу, 20 мыңнан астам кітап қоры бар кітапханада оқырмандар конференцияларын ұйымдастыру, қабырға газеттерін шығару, бәрі-бәрі – тәрбие жұмысының негізгі желісі. Несібелі Ералықызы осы ортада 7 жылға жуық жемісті жұмыс істеп, 1990 жылы Жамбылдағы Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектепке ауысты. Жемісті дейтініміз – Несібелі 1986 жылы Бүкілодақтық комсомол ұйымы мен кәсіподақтар кеңесі ұйымдастырған форумнан үздік тәрбиеші ретінде «Өз ісінің озаты» төсбелгісін омырауға тағып қайтқан.
Ұстаз Несібелі Ералықызының, әсіресе, Жамбыл қаласындағы (кейін Тараз қаласы) Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептегі жұмысы жемісті болды. Осында тәрбиеші, аға тәрбиеші, физика пәнінің мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісіндегі орынбасары болып қызмет атқарған жылдарында талай жетістіктерге жеткен.
Оның шәкірттері пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, қала, облыс деңгейінде жүлделі орындарға ие болған. Оқушыларын осындай білімпаздыққа тәрбиелеп, білім сайысына дайындаған ұстаз Несібелі Ералықызы да марапаттан құр қалған жоқ.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде ол оқушыларын ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, құрметтеуге баулыды. Несібелі тәрбие сағаттарында балаларға отаншылдық, елжандылық, қазақтың салт-дәстүрі туралы өмірдің өзімен сабақтастыра әңгімелейтін. Оның басшылығымен мектептің өнерпаз өрендері халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, оқу орны қоржынына олжа салған кездері де болған. Осындай жан-жақты ізденісі, сабақ өткізудегі тиімді әдіс-тәсілдері, педагогикалық шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті лайықты бағаланып жоғары санатты мұғалім атағына ие болды.
– Менің жұмысты жан-тәніммен істеуімнің басты себебі алғашқыда ата-анамның атына кір келтірмеу болды. Кейіндеу, әрине, өзіңе сөз келмеуін де ойлайсың ғой, – дейді Несібелі ақ ниетімен ақтарылып. Рас, жұмысты әркім өзі үшін істейтінінде, жаманатқа ілікпеуге тырысатынында ешкімнің дауы жоқ. Ал, ата-ана атына кір келтірмеу – кез-келген баланың бойында болуға тиіс қасиет. Несібелі сондай қасиетке ие.
Текті адам тегін болмайды, Несібелінің әкесі Ералы – Ұлы жүзден шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қойгелдінің ұрпағы. Қойгелді – 1723 жылғы жоңғар-қалмақ басқыншылығына қарсы зор қажыр-қайрат көрсетіп, қазақ жерін басқыншылардын азат еткенге дейін аттан түспеген қолбасшы. Қазақтың төбе биі – Төле биден кейін ұзақ жылдар бойы Ташкентті басқарғаны тарихтан белгілі.
Сондай текті атадан тараған Ералы Қазан төңкерісі жеңісінде, нәубет ашаршылықты да бастан өткеріп, Ұлы Отан соғысында «броньмен» елде қалдырылып, ауылда «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» қозғалысының белсенді ұйымдас- тырушысы болған. Ол – жеңістен кейін ауылда мұғалімдік қызмет атқарған азамат. «Алып күш иесі палуан, шабандоз, шебер қолды ұста, шебер тілді шешен, шежіреші абыз ақсақал еді» дейді көзін көргендер.
Ескіше сауатты, өнерпаз, ақын анасы Анназу – қыпшақтың қызы. Ол түздегі азаматының үйдегісін сай етіп, бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысқан.
Құдай – мырза әрі сараң. Ол Ералы мен Анназуға 22 бала беріп, 16-сын қайтып алған. Несібелі сол 22-нің ең кішісі еді. Бүгін, міне, ол да 70 деген асуға шығып отыр.
Бар ғұмырын бала тәрбиесі мен білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Несібелі Ералықызының еңбек жолында естен кетпес елеулі сәттер көп. Ұстаз мақтанышы – шәкірті. Шәкірті жақсы азамат, тұрлаулы тұлға болып қалыптасса, ұстазда одан басқа арман жоқ. Несібелі бұл ретте талай үлгілі оқушыларын тілге тиек етіп, мақтанышпен айтып отырады.
– Мектепте оқушылары мінезді, тәртіпке бағына бермейтін сыныптарды тәжірибелі мұғалімдерге бекітіп беру – педагогикада бар үрдіс. 1992 жылы маған да сондай бір «бұзық» сынып бекітіліп берілген. Сол сыныппен жұмыс істеуде данышпан Абайдың «Мен «адамды тәрбиелеуге болмайды» деген адамның тілін кесер едім» деген ұлылығына көз жеткіздім. Себебі, басымнан өткердім. Ұрмай-соқпай, жыланды інінен шығарған жылы сөздермен, балаларды еріксіз еліктіретін қызықты іс-шаралар өткізумен сыныптағы «ноқтаға басы сыймайтындардың» бетін бері қаратып алдым әрең-әрең. Бұзықтар басылды, ұяңдары ашылды. Бірақ, дәл осы жолы шаршамай-талмай, ерінбей-жалықпай, уақытпен санаспай тер төгуге тура келді, – дейді Несібелі ұстаз бір әңгімесінде.
Ол кешегі оқушысы, қазіргі оқу-ағарту вице-министрі, оған дейін Тараз өңірлік университетінің ректоры болған ғалым-ұстаз, танымал тұлға Талғат Ешенқұловтың қалыптасуы туралы былай әңгімеледі: «Наурыз мерекесі қарсаңында өтекен мектепаралық байқауда мен Ана, Талғат Бала рөлінде сахналық қойылым қойғанбыз. Осы сахналық көріністен кейін көркем мінезді, ұяң бала ашылды. Қазір Талғаттың қандай тұлғаға айналғаны баршаға аян»
Ұстаз Несібелі Ералықызы әр жылдарда «Үздік комсомол көсемі», «Үздік тәрбиеші», «Білім беру ісінің озаты», «Өнерге тәрбиелеу ісінің үздігі», «Ел егемендігіне қосқан үлесі үшін», тағы басқа төсбелгілермен, көптеген Грамота, Диплом, Алғыс хаттармен марапатталған. Бұл – оның педагогикалық қызметіне берілген баға.
Несібелі Ералықызы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол 1991 жылы «Tupperware» (ыдыс-аяқ) компаниясына жұмысқа қабылданып, осында менеджер қызметін атқарған 10 жылда талай тамаша сәттерді бастан өткерген.
Фирманың тазартылған полимерден жасалған өнімдерін өткізуге қосқан үлесі үшін компания пре «Таппер» компаниясының президенті Рик Гауннгстің қолынан «Халықаралық достық фонтаны» хрустальді статуэткасын алып, «Алтын монета» төсбелгісімен марапатталғаны өз алдына, фирманың әлемнің әр нүктесінде орналасқан зауыттарын аралап, дүниежүзінің Израиль, АҚШ, Түркия, Чехия сынды өркениетті мемлекеттерінде болған сапарлары, оларда сәулет өнерінің әлемге әйгілі туындыларын тамашалағаны, сірә, естен кетер ме?! Осының бәрінде ол өзіне жүктелген жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқаруда бірінші кезекке қоятын.
Несібелі – отаншыл азамат. Оған оның табиғаты тамаша, көркем Көкшетауда көргендерін бәрінен де жоғары бағалауы дәлел. Ол туған жердің тамаша табиғаты мен тарихи ескерткіштер туралы тамсана әңгімелеуден ешқашан жалыққан емес. Жалықпайды да. Өйткені, Қазақстанда кісі таңғалатындай тарих бар.
Несібелі 2021 жылдан «Қазақ аналары. Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмысына белсене араласып келеді. Осы бірлестіктің облыстағы Айнұр Жүгінісова басқаратын филиалында ақылшы әже сипатында талай іс-шараларға қатысты. Ол қаладағы №35, №46 орта мектептерде болған кездесулерде оқушыларға ұлттық құндылықтар, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары туралы әңгімелеп, бала бойына қазақи қасиеттер дарытуға барын салып жүр. Бірқатар балабақшаларда тәрбиеленуші бүлдіршіндерге ертегілер айтып берген әже Несібелінің жаңа қоғам – Жаңа Қазақстан жастарын тәрбиелеуге қосып жүрген үлесі де зор.
Құдайдың берген 3 перзентінен 11 немере, 4 шөбере сүйіп отырған ардақты ана, асыл әже Несібелі Ералықызы өткен жылы Меккеге барып мұсылмандықтың бесінші шарты – қажылық парызын өтеп қайтты. Ол туралы «Қазақстан қажылары» көптомдығының 12-томында жазылғандықтан біз қайталап жатпай-ақ қояйық.
Бүгінде 70 жастың желкенін керген ана, ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Несібелі Ералықызы туралы айтпағымыз осы еді. Әңгімесінен аңғарғанымыз, ол – арманына жеткен ана.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.