Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Ұлы дала жорығы»: Жамбылдық жүйріктер жарыстан неге шет қалды?

0 240

Қазақ даласының кеңдігі мен бай тарихы талай аңызға арқау болған. Бабаларымыздың ерлігі, ат үстіндегі азат күндері, ұлан-ғайыр сахарадағы дүбірі бүгінгі ұрпаққа өнеге болып жетті.

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі – сол аңыздардың бүгінгі жалғасы іспетті. Бұл – тек бәйге ғана емес, ата-бабамыздың көшпенділік болмысын, ерлік рухын қайта жаңғыртқан ерекше жоба. Даланы дүбірге бөлеп, тұлпарлармен бірге жүректерді де дүр сілкіндірген бұл жорық елдік пен бірліктің айқын көрінісіне айналды.
Жорықтың ерекшелігі – аталған бәйге бірнеше күнге жалғасып, жүздеген шақырымға созылатын қашықтықты қамтуында. Бұл жерде тек аттың жүйріктігі емес, шабандоздың шыдамы, бапкердің еңбегі, туған жердің рухы сынға түседі.
Бұл сында алдыңғы қатардан көрініп жүргендердің ішінде Жамбыл облысының тұлпарлары мен шабандоздары да бар. Айталық, 2022 жылы өткен алғашқы додада жамбылдықтар 1 200 шақырымды құрайтын жорықта мәреге төртінші болып жетсе, 2023 жылы аймақтан аттанған үш шабандоздың бірі атының аяғын ақсатып алуына дәрігерлер бәйгені жалғастыруға рұқсат етпеді. Ал өткен жылғы марафонда жамбылдықтар тағы да төртінші орыннан көрініп, ат жалын тартқан жігіттері мен шашасына шаң жұқпайтын жүйріктері әлі де бабында екенін дәлелдеді. Алайда биылғы мамыр айында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Алматы облысында өткен «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесіне қатысқан Жамбыл облысы командасы жарыс жолын толық аяқтай алмады.
Ал биыл Қостанай облысында халқымыздың біртуар перзенті, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде әулиеаталық арғымақтардың көрінбеуі көпшіліктің көкейінде сан сауал туғызды. Өйткені биылғы дүбірлі бәйгеге барлығы 18 команда қылқұйрықтарын сайлап келген болатын. Оның ішінде көршілес Қырғызстан Республикасынан, Маңғыстау және Қостанай облыстарынан екі-екі командадан қатысса, аламан бәйгеден кенде қалмаған Жамбыл облысынан бірде-бір команданың сынға түспегені жыл басында күпті болған көңілдердегі күдікті одан сайын үдетті.
Бұл жайт «Бәйге өнерінен аты озған Әулиеата арғымақтарының мұндай аламанда көрінбегені қалай?» деген орынды сауалды алға тартқызды. Бірі дайындықтың әлсіздігін айтса, енді бірі ұйымдастыру барысындағы олқылықтарды тілге тиек етуде. Қалай десек те, Жамбыл облысының жүйріктері бәйгеге қатыспауы аймақтың спорттық абыройына да, атбегілік дәстүріне де көлеңке түсірді.

Осыдан кейін көкейдегі көп сауалға жауап табу үшін біз Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарласып, сұрақты төтесінен қойдық.
– 2022 жылдан бастап біздің облыста ат спортының бәйге, классикалық және олимпиадалық түрлерінің федерациясы жұмыс істей бастады. Сол жылы өңірдің көрсеткіші жаман болған жоқ. Үлкен марафонға ат қосып, алғашқы төрттікті түйіндеген едік. Кейінгі жылдардағы нәтижеміз де көңіл қуантты. Алайда биыл Торғай даласында өткен аламанға қатыса алмауымыздың себебі – әулиеаталық арғымақтардың аталмыш жарысқа толық дайын болмауы.
Дәстүр бойынша «Ұлы дала жорығы» жылына бір рет өтеді. Биылғы көктемде Алматы облысында ұйымдастырылған бәйгеге қатысып қайтқан болатынбыз. Ал «Ұлы дала жорығы» басқа бәйгелерден өзгешелігі – бірнеше күнге жалғасатын ауқымды жорық. Мұндай сынға ат дайындау үшін ұзақ уақыт қажет. Оның үстіне бәйгеге қосылатын жүйріктердің бағасы да арзанға түспейді. Қысқасы, жұрт арасында айтылып жүргендей, мәселе қаржылық жағдайға байланысты емес, – дейді басқарманың бұқаралық және ұлттық спорт түрлері бөлімінің бас маманы Гүлназ Сағындықова.
Басқарма өкілінің сөзінен түйгеніміз, Жамбыл облысының спорт саласын ұдайы назарда ұстап келе жатқан сала мамандары төрт жылдық тәжірибеден үлкен сабақ алған сыңайлы. Әрбір өткізілген дода, әрбір кеткен мүмкіндік олар үшін жаңа ой, жаңа жауапкершілік болып, болашаққа деген сенімді нығайта түскені байқалады. Сол себепті де басқарма басшылығы келер жылы өтетін үлкен аламанға дайындыққа шындап кірісіп, әр қадамды жоспарлы түрде іске асыруға бел буыпты.
Қорыта айтқанда, жергілікті жұртшылық та, атқамінер ағайын да алдағы аламаннан үлкен үміт күтуде. Бәйге жолында тұлпарларымыздың тұяғы дүбірлеп, жеңіс жалауы желбірейтін күн алыс емес деген сенім бар. Лайым, сол сенім ақталып, Әулиеата өңірінің арғымақтары ел мерейін үстем етер сәт алдағы күннің еншісінде болғай!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.